АБДРАХМАНОВ
Сауытбек
Абдрахманұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Қазіргі қазақ терминологиясы мәселелері туралы

2019 жылғы 11 сәуір                                                    Нұр-Сұлтан қаласы

         Мәжіліс депутаты С.Абдрахманов Парламент Мәжілісінде өткен «Рухани жаңғыру: қазіргі қазақ терминологиясы» ғылыми-тәжірибелік конференциясында «Қазіргі қазақ терминологиясының өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Президент Әкімшілігі және Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс топтарының мүшелері, жетекші ғалымдар, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, ұлттық компаниялар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Конференцияның өзектілігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш

Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қазақстандықтардың қоғамдық санасын жаңғырту және рухани дамуы мәселелеріне қатысты сөздерінде бірнеше мәрте көтерілген міндет – «тілімізді терминологиялық тұрғыдан халықаралық деңгейге жақындату» қажеттілігіне негізделген.

 Конференцияны Қазақстан Республикасы Парламенті төртінші сессиясының жұмыс жоспарын іске асыру аясында   Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті өткізді.

         А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек, ғалым-терминолог, профессор Ш.Құрманбайұлы, Жоғарғы соттың судьясы Б.Мақұлбеков, Мәжіліс депутаты А.Смағұлов, Ұлттық аударма бюросының директоры Р.Кенжеханұлы және т.б сөз сөйледі.  

         Қазақ тілін қоғамдық өмірдегі маңызды салаларында әрі қарай жетілдіру және байыту ұлттық терминологияның даму деңгейімен, жаңа қазақ алфавитінің негізінде оны реттеумен, бір жүйеге келтірумен және пайдалану саласының ауқымдылығымен өзара байланысты. Осы төңіректе баяндамашылар мен пікір айтушылар заң жобаларындағы жұмыстардың сапасына ықпал ететін заңнама терминдері мен ұғымдарды аудару мәселесінде бірізділік көзқарас болу қажеттілігін айтты. Жаңа терминдерді түсіндіру және пайдалану кезінде журналистер – ақпарат кеңістігінде, аудармашылар – түрлі тұрмыс салаларында (экономика, білім және т.б) сөздердің дұрыс баламасын алып-қолдануы, латын графикасы негізінде терминологиялық сөздіктер дайындау қажеттігіне басты назар аударылды. Сондай-ақ  ҚР Үкіметі бекіткен Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын дер кезінде және сапалы орындау жөнінде айтылды. 

Конференцияны қорытындылай келе, Комитет хатшысы депутат Б.Мамраев қазақ терминологиясын біріздендіру жұмыстары ғылыми сүйемелдеуді, сондай-ақ Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктерінің жүйелі де тиімді өзара әрекеттестігін күшейтуді талап ететіндігін атап өтті.

          Конференцияның қорытындысы бойынша мемлекеттің тіл саясатын одан әрі жетілдіруге бағытталған қарар қабылданды.