Иса
Қазыбек
Жарылқасынұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
2022 жылдың 11 шілдесінде ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса Түркістан облысы Жетісай ауданы шаруаларымен кездесті

БАР ӨНІМІНЕН АЙРЫЛҒАН ШАРУАЛАР МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА БОЛАДЫ - “Ақ жол”


ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Иса Түркістан облысы Жетісай ауданы шаруаларымен кездесті.

Онда ол таяуда табиғи апаттан зардап шеккен Қызылқұм және Ш. Ділдабеков атындағы ауыл округтары шаруаларының жағдайымен танысты.

Айта кетейік, аудан шаруалары 80 мың га жуық жерге мақта, бақша, көкөніс т.б. дақылдарын егіп, күн көріп келген. Биыл аталмыш екі шаруашылықтың 1000 га жерін бұршақ ұрып, сатуға дайын тұрған өнімді тып-типыл еткен.

178 шаруа қожалықтары, бұлар 803 адам шамамен 178 млн. теңге шығынға батқан. Әзірге облыстық, республикалық бюджеттен қосымша қаражат қарастырылмаған. Бюджет кодексінде табиғи апатқа көмек беру туралы ешқандай бап жоқ дейді. Өңірде осыдан 20 жыл бұрын селдің салдарынан шаруалар шығынға батқан болатын. Ол кезде республикалық бюджеттен көмек берілген екен.


Image title


Жиын барысында табиғи апаттың салдарынан шығынға батқан шаруалар егістікке қатысты мәселесін ортаға салды. Егін егу үшін тұрғындардың бірі банктен несие алса, енді бірі ломбардың көмегіне жүгінген. Одан бөлек селитра мен судың бағасының қымбаттығы да шаруаларды шығынға батыратын көрінеді.

Халық қалаулысына тұрғындар несиелерін уақытылы өтей алмайтын жеткізді. Пайыздық өсімді уақытша тоқтатуды сұрады.

Қазыбек Иса аталмыш мәселе бойынша Премьер-министрге, ауыл шаруашылығы министріне және облыс әкіміне хат жолдағанын жеткізді.

Кезінде Арыс апатында да, Мақтарал тасқынында да “Ақ жол” фракциясы алғашқы болып, үкіметке үндеу жолдап, қозғау салғанын, сондықтан кеткен шығынды жеңілдету үшін қолдан келген қарекет жасалатынын, мысалы шаруалардың несиелерін өсімсіз шегеру мәселесін қозғайтынын айтты.

Жетісай ауданы әкімі Мұрат Қадырбек “Премьерге жолданған сіздердің хаттарыңыз бойынша мәселені шешу үшін облысқа нұсқау жіберілді. Бірақ облыс бюджетінде табиғи апат шығыны үшін қаржы қарастырылмаған. Шаруалар егісі сақтандырылмаған. Дегенмен тығырықтан шығу жолдары ізделуде. Сақтандыру компанияларымен бірлесіп, ауданда өндірілетін дақылдарды сақтандыру бойынша болашақта жұмыстар жүргізетінін жеткізді.

Астанадан өз аяғымен депутат келіп тұрғасын, шаруалар аянып қалсын ба, барлық шерлерін қозғап қалды. Олардың біразына Жетісай ауданы әкімі орынбасары Махамбет Асан жауап беріп жатты.

Барлық ұсыныстар хатқа түсіріліп, “Ақ жол” фракциясына жолданатын болды. Қазыбек Иса шаруалардың бұл қиын да, күрделі мәселесі партияның жіті қадағалауында болатынын жеткізді.

Жиын соңы туған ауылына келіп тұрған ақын, депутат Қазыбек Исаға ақсақалдардың Ақ бата беріп, Ақ жол тілеуімен аяқталды.