Мусабаев
Самат
Базарбайұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ІРІ МҰНАЙ КЕН ОРЫНДАРЫ ҚАЛАМҚАС ЖӘНЕ ҚАРАЖАНБАС БАСТАУЫШ ПАРТИЯ МҮШЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін түске дейін Маңғыстаудағы ірі мұнай кенорындары Қаламқас пен Қаражанбастағы бастауыш партия ұйымдары мүшелерімен әріптесім Еділ Жаңбыршинмен бірге онлайн кездесу өткіздік.

Мұнайшылармен кездесу барысында Мәжілістегі бірінші сессияда өзіміз атқарған жұмыстар туралы баяндадық.

Кезек мұнайшыларға келгенде олар да біраз келелі мәселені тілге тиек етті. Алғашқы боп сөз алған Денбаев Расул мұнай саласындағы мораторий мәселесін айтты.

Бұл мәселе маған көп заманнан таныс. Облыстық мәслихат депутаты боп тұрған кезімде МаңғыстауМұнайГаздың президентінің қабылдауына жазылдым. Мені екі ай күттірді, қабылдамады.

Содан ақыры шыдамым бітіп, президентке көмекшісінен сәлем айттым, облыстық мәслихат депутатын ҚР Конституциялық заңына сәйкес қабылдауға міндетті екенін ескерттім.

Он сұрақпен кірдім. Бәріне, шын айтам, бәріне сырғытпа сөз, сілтеме жауап алдым. "Бәрін орталық шешеді, ҚазМұнайГаз шешеді" дей береді.

Бұл шектеу әлі сол қалпы тұр. Менің ұқпайтыным мынау, ол мұнай компанияларынан адам пенсияға шықпай ма, өмірден өтпей ме? Оның орнына неге адам алынбайды?

Осы жиынның протоколына шектеу мәселесін кіргізіп, хаттама жасау керек. Біз мұнайшылар көтерген мәселені Самұрық Қазынаға немесе ҚазМұнайГазға жеткізуді мойнымызға аламыз.

Екінші сауалды өндіріске Ұштаған ауылынан келіп жасап жүрген азамат қойды. Бұл кісі өз ауылын, яғни Ұштағанды басып жатқан құмның мәселесін айтты. Қазір бұл құмды тоқтатып жатқан "Жас Әлем" мекемесінің жағдайы нашарлап бара жатқанын, оны жандандыру қажеттігін айтты.

Тағы бір мәселе, Ұштаған ауылының шығыс жағындағы сордан борайтын тұзды топырақтың мәселесі. Ауыл тұрғындары өз еркімен сор жағасына сексеуіл мен жыңғыл егіп көрген екен, нәтижелі болыпты. Енді осы үрдісті әрі қарай жалғастыру үшін демеуші керектігін айтты.

Жармыш ауылының азаматы Жолдасбек Ешманов ауылына дәрігер керектігін айтты. Бұл мәселе де көптен күн тәртібінде тұрған мәселе еді, әлі шешім таппай келеді.

Сондай-ақ, Мұнайлы ауданы Қызылтөбе ауылында спорт кешені жоқтығы да айтылды.

Жалпы, бұл мәселенің барлығы да жергілікті басқару органдары деңгейінде шешілетін нәрселер. Бірақ, бізбен кездесуде айтылған жайттар негізінде протокол түзіліп, сол бойынша жұмыстанатын боламыз.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі С. Мусабаев


https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=1752176971839560&id=100011418235167