Нақпаев
Сәлімжан
Жұмашұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің хатшысы

Депутатқа хат
Атырау облысы Қызылқоға ауданы "Индер-Қарабау" тас жолының құрылысын аяқтауға қажетті қаражатты бюджеттен бөлу туралы хат / жауап

Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі

Б.Б. Атамқұловқа


Құрметті Бейбіт Бәкірұлы!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жасаған жолдауындағы өзекті мәселелердің бірі – көлік-логистика кешенін дамыту деп көрсетілді. «Нұрлы жол» бағдарламасының екінші кезеңі еліміздің көлік-транзит секторының жетекші ролін бекемдеуге арналуы тиіс делінген.

Атырау облысының жеті ауданының ішідегі ең шалғайы – Қызылқоға ауданы. Аудан орталығы Миялы селосы және ауданның 42% елді мекені республикалық, облыстық тас жолдардан алыс орналасқан. Облыстағы жол инфрақұрылымы дамымаған жалғыз аудан. Аудан орталығы Миялы селосы облыс орталығы Атырау қаласынан 370 шақырым қашықтықта орналасқан және теміржол байланысы да жоқ. Бүгінгі таңда Миялы, Жангельдин, Жасқайрат, Қоныстану, Қоғам, Тасшағыл, Қаракөл және Қарабау елді мекендеріндегі барлығы 15 570 халықтың  облыс орталығына бару үшін пайдаланып отырғаны тек қана даланың ой-шұңқырлы жолы.

Сол себепті ұзындығы 324,5 шақырымды құрайтын «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» тас жолының құрылысы жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыру бойынша 2009 жылы басталған болатын. Жол құрылысы бірнеше участоктерге бөлінді. 2009-2013 жылдары ұзындығы 114 шақырым «Миялы-Сағыз» участогі пайдалануға берілді.

2013 жылы басталған, ұзындығы 123 шақырымды құрайтын «Қарабау-Миялы» участогі 2019 жылы пайдалануға берілді.

Сонымен қатар аталған жолдың соңғы, ұзындығы 87 шақырымды құрайтын «Индер-Қарабау» участогының жұмысы 2019 жылы басталды. Жобаның жалпы құны 24 780 млн. теңге.

2019-2020 жылдары республикалық бюджеттен 3 546 136 мың теңге, облыстық бюджеттен 354 614 мың теңге бөлініп, игерілді. Оған «Индер-Қарабау» участогының 15,3 шақырым жолы аяқталды.

2021 жылға қалған 64,7 шақырымға республикалық бюджеттен 1  692 млн. теңге бөлінді. Қаражаттың бұлайша өте аз мөлшерде бөлінуі қалған участоктың құрылысының бітуін әлі де бірнеше жылға созбақшы.

Жобаны 2022 жылы аяқтап пайдалануға беру жоспарланған. Жобаны аяқтау үшін үшін 19 186 872 мың теңге қажет. Осы жолдың бойында орналасқан елді мекендердің халқы жылдар бойы  жолдың азабын тартып, жобаның аяқталуын асыға күтуде.

«Индер-Қарабау» участогының құрылысының аяқталмауы ауа-райының қолайсыз күндері жолаушы, азық-түлік тасыған автокөліктердің балшыққа, қарға батып далада қалуларына, оларды құтқару жұмыстарының ұйымдастырылуына әкеп соғуда.

Егер осы участок уақытында берілсе Атырау қаласымен, көрші Батыс Қазақстан облысымен байланыс орнап, тауар айналымының өсуіне, кәсіпкерліктің дамуына жол ашылар еді. Қызылқоға ауданы әкімдігінің есебі бойынша 2020 жылы тауар айналымы 2 200 млн. теңгені құраса, жол салынып біткен соң бұл көрсеткіш 3 миллиардқа өспекші. Аудан халқы мал азығын, яғни жемді қазір Батыс Қазақстан облысынан далалы жолмен тасып, қиындық көруде. Бұл мәселе де оңынан шешілер еді.

Сіздің осы мәселеге көңіл бөліп, облыс үшін маңызды және олардың бүгінгі таңдағы проблемаларының бірі болып отырған осы жол мәселесіне мүмкіндігінше қаражатты әр жылға тиісінше бөлдіріп, жол құрылысының жоспарланған жылында аяқталуын қамтамасыз етуге көмегіңіз керек.

Жоғарыда аталған мәселелер бойынша заңнамада көзделген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймын.


«Нұр Отан» партиясы

фракциясының мүшесі                                      С.Ж. Нақпаев



2021 жылғы 12 ақпандағы

9-11-106 хатқа

Қазақстан Республикасы

 Парламенті Мәжілісінің                                                             депутаты С.Ж. Нақпаевқа

Құрметті Сәлімжан Жұмашұлы!

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) Сіздің атыңыздан келіп түскен Атырау облысындағы «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» автомобиль жолын қаржыландыру бойынша өтінішке қатысты келісін хабарлайды.

Облыстық маңызы бар «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» автомобиль жолының жалпы ұзындығы 314 шақырымды құрайды. 2009-2013 жылдары ұзындығы 111 шақырым «Миялы-Сағыз» (203-314 шақырым аралығы) учаскесін реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Жобаның жалпы құны – 13,8 млрд. теңге. Толықтай республикалық бюджеттен қаржыландырылып, объект пайдалануға берілді.

2013 жылы ұзындығы 123 шақырым «Қарабау-Миялы» (80-203 шақырым аралығы) учаскесін реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Жобаның жалпы құны – 17,7 млрд. теңге. Республикалық бюджеттен 16 млрд. теңге қаржыландырылып, объект 2019 жылы пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, 2019 жылы ұзындығы 80 шақырым «Индер-Қарабау»                       (0-80 шақырым аралығы) учаскесін реконструкциялау жұмыстары басталды. Жобаның жалпы құны – 24,7 млрд. теңге. 2021 жылға дейін республикалық бюджеттен 4 млрд. теңге және жергілікті бюджеттен 0,3 млрд. теңге бөлінді.
2021 жылға республикалық бюджеттен 1,7 млрд. теңге және жергілікті бюджеттен 0,2 млрд. теңге қарастырылды. Атырау облысы әкімдігінің тарапынан жұмыстарды жалғастыруға қосынша 3 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды.

Министрлік өз кезегінде бұл өтінімді қолдады және 2021 жылға арналған РБ бірінші нақтылау кезінде Қаржыминіне жолданатын болады.

Министр                                                                            Б. Атамқұлов