Сұлтанов
Қуаныш
Сұлтанұлы

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ҚР Жоғарғы сотының «Соттағы шешендік: білім беру мен тәжірбие» атты конференциясындағы сөзі

Құрметті Жақып ҚАЖМАНҰЛЫ!

Құрметті Сот қызметкерлері !

Ұлтымызда «Тіл бас жарады, бас жармаса, тас жарады» деген ежелден  келе жатқан  қастерлі мақал бар. Кей жағдайда  «Сөз бас жарады, бас жармаса, тас жарады» деп те айтылады. Бұл мақалда адам басының қадірі, яғни бас арқылы адамның ары, ұжданы, намысы, қуаты, мүмкіндігі айтылып тұр. Басқа күші келмесе, тым болмаса сөз түсінбейтін мылқау тасты жарады. Тіл құдіреті.  Тіл – көңілдегі ойдың, айтылар сөздің құралы. Екеуінің  мағынасы да, мақсаты да  бір. Сөз құдіретіне екпін  беріліп тұр. Адамның жер бетіндегі  бүкіл басқа  тіршіліктен  артықшылығы да әуел бастан  санасымен, ақылымен, білімімен Тіл, Сөз арқылы  айғақталатыны аян. Сөзі арқылы адамның ішкі мәдениеті байқалады.

Әуелгі келісім бойынша бүгінгі бас қосуда Сот процесіндегі сөз біліктілігі туралы алғашқы баяндаманы еліміздің көрнекті мемлекет қайраткері,  ғалым, тіл, әдебиет маманы Мырзатай Жолдасбеков ағамыз жасауы жоспарланып еді, денсаулығына байланысты келе алмай қалды. Алдағы уақытта оның да жөні болар.

ҚР Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асановтың соттағы тіл мәдениеті мен сөз  анықтығы туралы бастамаларын қолдай отырып,  осыған байланысты кейбір ойларымызды ортаға салғымыз келеді.

Тәуелсіз мемлекеттігіміздің басты құндылығы Коституциямыздың  бірінші бабында  көрсетілгендей «адам  және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын»  қамтамасыз  ету мәртебесі ең алдымен әділ  сот жүйесін  қалыптастырып, олардың халыққа, әр азаматтың құқығының сақталуына адал қызмет етуімен тікелей байланысты екендігі хақ.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамашылдығымен зайырлы, құқықтық мемлекет құрып, орнықтыру мақсатында  елімізде сот билігінің мәртебесін, тәуелсіздігін, әділдігін, адалдығын, тазалығын сақтап, кәсіби біліктілігі мен білімділігімен қызмет етуге барлық жағдай жасалған. Соттардың  жұмыстарына,  олардың биліктеріне ешкім, ешқандай  мемлекеттік құрылымдар, лауазымды қызметкерлер араласа алмайды. Сотқа қысым жасауға ешкімнің құқығы жоқ. Соттардың  әлеуметтік, тұрмыстық, зейнеткерлік жағдайлары мемлекет тарапынан толық жақсы шешілген. Сонымен қатар соттар өз қызметтерін мейлінше әділ, адал жүргізу үшін  қажетті заңдар түгел қабылданған, халықаралық тәжірибеге сүйенген құқықтың кеңістік, база жеткілікті.

Сот ісін атқаруға тиісті лауазымды тұлғалардың мұндай рухани әрі ресми еркіндігі әрине, қоғамның ізгілігі, адам құқығының әділ  қорғалуы, елімізде құқықтық қарым-қатынастың қалыптасып, өркениетті  мемлекет болуымыз үшін жасалып отырғанын барлығыңыз да жақсы білесіздер. Сондықтан сот билігінің миссиясы мен  қызметі, міндеті ерекше. Оны ел де, мемлекетіміздің  барлық билік тармақтары да жақсы  түсінеді. Сот беделі  олардың  қызметіне сенім арқылы  қалыптасады. Әрбір сот қызметкері  адамдардың, әртүрлі  аумақтағы қоғамның сотқа деген Сенім дәрежесі қандай екеніне алғышартты мән берулері тиіс.

Ал Сенім қалай келеді?  Сенім сот қызметкерлерінің халық алдындағы адал еңбегі, әділ шешімі арқылы айқындалатыны да өздеріңізге белгілі. Сот беделі адамдардың  оларға тәуелді болып,  қорыққанынан емес соттың біліктілігіне, білімді сөзіне, адалдығына,  әділ шешім қабылданатынына сенгендігінен көтерілуі тиіс.

Қандай да істі, немесе қиянатқа мәжбүр болған адамдар сотқа жүгінуі  әрі заңды, әрі табиғи. Ол әділ сөз, әділ шешім  іздеп, үміттеніп келеді. Тергеу барысында, сот  процесінде сыңаржақтылық, яғни тергеу  амалдарының озбырлықпен, дөрекілікпен, заңсыз қысым көрсетушілікпен жүргізіліп, екінші жақтың сөзін тыңдауға, назарға алуға құлықты болмағандары сенімсіздік туғызады. Адамды қорлайды. Осыдан барып, қоғамда Сот туралы, тіпті барлық құқық қорғау мемлекеттік құрылымдар туралы теріс пікір қалыптасады. Бабалардан қалған: «Парақор биге ісің түспесін, сараң үйге кісің түспесін», - деген мақал осындайдан қалған. Сот процесіндегі ең  басты үш адамның Соттың, Прокурордың, Адвокаттың сөздері  тек шындыққа негізделуі міндетті. Бұл лауазымдағы адамдар үш тарап болып,  лауазымдарының мүдделерін емес, жәбірленушінің де, айыпталушының да  құқығы тұрғысынан сөйлеулері тиіс екендігі де соттар үшін  жаңалық емес. Алайда, күдік, сенімсіздік осы  тұста  көрінеді. Өкінішке орай, дәл осы ұстаным кей жағдайда сақталмайды. Сот залының әділ төрелік мемлекеттік орын екендігін алдымен лауазым иелері өздері ұмытып, орынсыз сөз, бей берекет, жауапсыз қылықтарға жол беріледі. Адамдар сот шешіміне  арызданған тұста  олардың  қайшылықтарын, сөздерінің дәлелсіздігін, негізсіздігін айтады.

Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі қоғамдық комиссияға түсетін  арыз  шағымдарда осындай  өрескелдіктер аталады.  Арызданушылар Сот шешімдерінің  көшірмесін қоса жіберіп, соттағы  сөздің негізсіз, сауатсыз жазылғандығына назар аударып, өз дәлелдерін айтады.

Өткен  жылы біздің комиссияға адам құқықтарын бұзуға байланысты 700-ден астам  арыз-шағым түсті. Солардың 35 пайызы  сот үкімдерінің  әділетсіздігіне  шағымданған арыздар болса, 5 пайызы сот процесі үстінде сот жүргізушінің  яғни соттың әрі сауатсыз, әрі дөрекі, оспадар, мәдениетсіз мінез-құлқына төзімсіздіктерін айтады. Мұндай жағдайдың бірде біріне орын болмау керек.

Сотта адам тағдыры шешіледі емес пе? Онсыз да  сот алдына  басына күн түсіп келген адам  сот процесіне қатынасушы лауазымды   адамдардың  қоқан-лоқысын көрсе – қандай  құқық туралы әңгіме айтуға болады? Соттың, прокурордың, адвокаттың әрбір сөзі  жауапкершілігі жоғары,  әдепті, мәдениетті, әрі заң, құқық аясындағы сөз болуы міндетті.

Сот процесі біздің  мемлекет атынан жүргізілетінін, сот залында мемлекеттің қасиетті  рәміздері – мемлекеттік Туымыз, Елтаңба тұрғанын ешқашан естен шығармаған жөн.

Қазір Жоғарғы Сот жанында құрылған Сот Академиясы жұмыс жасайды. Соттарды осы Академия арқылы мезгіл-мезгіл оқытып, халықаралық стандарттарды да жүйелі түрде оқытып тұрған артық болмас еді.

 Әрине, сөз тек шындыққа  сүйеніп айтылғанда ғана қуатты да нәтижелі  болмақ. Орынды, дәлелді сөз көңілге қонады. Майқы би айтқан:

...Естіге айтқан тура сөз

Шыңға тіккен тумен тең.

Есерге айтқан тура сөз

                           Құмға сіңген сумен тең – ғибраты бүгінгі ұрпаққа да  сарқылмас қазына, өнеге.

Назарларыңызға рахмет!