Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер

Комитет іс-шаралары

18.03.2024

2024 жылғы 18 наурызда Аграрлық мәселелер комитеті Қазақстан Республикасының Су кодексі және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне суды қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының таныстырылымын мүдделі мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП-ның, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен сарапшылардың қатысуымен өткізді.

Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Б.Қ.Бекнияз Су кодексі жобасының және ілеспе заң жобасының жаңашылдықтары мен негізгі ережелері туралы баяндама жасады. Су кодексінің жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес әзірленді және Президент Қ.Тоқаевтың су ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану бойынша алға қойған міндеттерін судың болжамды отырған тапшылығын, климаттың өзгеруін және республиканың көптеген су объектілерінің трансшекаралық жағдайын ескере отырып іске асыруға бағытталған. Талқылау барысында депутаттар сумен жабдықтау және су тұтыну нарығының барлық қатысушыларының, әсіресе халықты сумен жабдықтау саласында және ауыл шаруашылығында су үнемдеу тетіктерін енгізу; суды бөлу және есепке алу жүйелерін автоматтандыру және су шаруашылығын цифрландыру; су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету; суды қайта пайдалану мәселелерін және су шаруашылығының басқа да өзекті проблемаларын көтерді. Отырысты қорытындылай келе, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы С.Р. Егізбаев депутаттар көтерген барлық сұрақтар мен аталған саланың проблемалары жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланатынын атап өтті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Су кодексі жобасының нормаларын іске асыру үшін қабылдануға тиіс заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын енгізудің нақты мерзімдерін белгіледі.
14.12.2023

2023 жылғы 14 желтоқсанда Парламент депутаттары Карплюк С.А., Алдашев С.Т., Әбіл Е.А., Бейсенғалиев Б.Т., Бұқтұғұтов Ш.С., Қаниев Б.Н., Қожаназаров А.А., Нәутиев Ә.И., Тұрғанов Д.Н. Шүкіжанова Д.А. спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын дамыту мақсатында заң шығару бастамасы тәртібімен әзірлеген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасының таныстырылымы өтті.

Таныстырылымға Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Отырысты жұмыс тобының жетекшісі депутат А.Д. Әлтай өткізді. Депутаттық корпусты заң жобасының негізгі ережелерімен депутат А. А. Қожаназаров таныстырды. Заң жобасында көзделген өзгерістер спорттық бағыттағы жылқы шаруашылығына мемлекеттік қолдаудың келесі түрлерін алуға мүмкіндік береді: асыл тұқымды орталықтармен шет елдік селекциядағы спорттық бағыттағы асыл тұқымды айғырларды сатып алуға, спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымының асыл тұқымды аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізуге, сондай-ақ спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымының асыл тұқымды басын ұстап-бағуға жұмсалатын шығыстарды субсидиялау жөніндегі шығындарды өтеу. Бұл шаралар спорттық бағыттағы асыл тұқымды жылқылардың гендік қорын сақтауға, дамытуға және қалпына келтіруге, отандық ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін асыл тұқымды өнімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуге, спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымының басын көбейтуге және олардың спорттық қасиеттерін жақсартуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта осы Заң жобасы бойынша жұмыс тобы құрылды, таныстырылым барысында көтерілген барлық мәселелер оның қызметі шеңберінде егжей-тегжейлі талқыланатын болады.
07.02.2022

2022 жылғы 7 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитеті Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын іске асыруға бағытталған «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке қосалқы шаруашылықтардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының жобаларын таныстырды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, Парламент Мәжілісінде ұсынылмаған саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты. Депутаттық корпусты заң жобаларының негізгі ережелерімен Ауыл шаруашылығы министрі Қарашөкеев Ербол Шырақпайұлы таныстырды. Атап айтқанда, министр жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту бойынша мемлекеттік реттеу, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтарды басқаратын азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету тәсілдерін ұсынды, сондай-ақ, ауыл тұрғындарының жеке қосалқы шаруашылығын жүргізудегі негізгі құқықтары мен міндеттерін қарастырды. Бұл ретте депутаттар мен шақырылғандар, азаматтарды жайылымдық ресурстармен нормативтік қамтамасыз ету, олардың субсидиялар мен жеңілдетілген несиелеуге қол жеткізуі, елді мекендерде ауыл шаруашылығы малдарын күтіп-бағудың нормативтері мен қағидаларын белгілеу мәселелеріне байланысты өз алаңдаушылықтарын білдірді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын зейнетақы және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері және басқа да мәселелер көтерілді. Осылайша, таныстырылым барысында жұмыс тобының мүшелері мен отырысқа қатысушылар көптеген ескертулер, ұсыныстар мен тілектер білдірді. Айтылған мәселелер заң жобалары бойынша одан әрі жұмыс барысында қосымша қарауға және зерттеуге жіберілді.
25.02.2021

Заң жобасының тұсаукесері

2021 жылғы 25 ақпанда уәкілетті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ жұртшылық өкілдерінің қатысуымен бейне-конференц байланыс форматында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасының тұсаукесері өтті. Заң жобасының негізгі нормаларымен депутаттық корпусты ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Жомартұлы Құрманов таныстырды. Өз кезегінде, депутаттар және отырыстың басқа қатысушылары жер қатынастарын реттеу саласындағы проблемалық мәселелерді, оның ішінде жер учаскелеріне құқық беру бойынша қолданыстағы және заң жобасында ұсынылатын рәсімдерге байланысты сұрақтар көтерді. Нәтижесінде айтылған мәселелерді жұмыс тобының отырыстарында егжей-тегжейлі талқылау туралы шешім қабылданды.
04.02.2020

Таныстырылым қорытындысы бойынша баспасөз релизі

2020 жылғы 4 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитеті асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге және Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі ережелерін орындауға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасының тұсаукесерін өткізді. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, ведомстволардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғылым өкілдері, және ауылшаруашылық тауар өндірушілер қатысты. Депутатық корпусты заң жобасының негізгі ережелерімен ауыл шаруашылығының вице-министрі Г.С. Исаева таныстырды. Заң жобасында ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар республикадағы асыл тұқымдық істі одан әрі қайта реттеумен, асыл тұқымды мал шаруашылығы субъектілерінің қызметін жүзеге асыру тәсілдерін өзгертумен, тұтастай алғанда селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстарды жетілдірумен, ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық әлеуетінің деңгейін арттырумен байланысты. Өз кезегінде депутаттар мен шақырылғандар мал басының көбеюіне, асыл тұқымды малдың түрленуіне және оның генетикалық әлеуетін арттыруға, мемлекеттік қолдауға, жеңілдікпен қаржыландыруға, мал шаруашылығы саласындағы республикалық палаталардың қызметін жетілдіруге қатысты мал шаруашылығының негізгі проблемалық мәселелерін және басқа да мәселелерді көтерді. Тұсаукесер барысында жұмыс тобының мүшелері мен отырысқа қатысушылар көптеген ұсыныстар, ескертулер жасады, тілектерін білдірді. Олардың барлығы заң жобасымен жұмыс жасау барысында қосымша қарауға және зерделеуге жіберілді.
07.12.2017

7 желтоқсан 2017жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер бойынша Комитеті агроөнеркәсіп кешені саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасының тұсаукесерін өткізді.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, тиісті мемлекеттік органдарының, ведомстволық бағыныстағы және үкіметемес мекемелерінің, саяси партиялар мен ғылым өкілдері, сарапшылар мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты. Депутатық корпусты заң жобасының негізгі ережелерімен ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Қ.Айтуғанов таныстырды. Өз кезегінде, депутаттар және шақырылғандар зиянкестер мен ерекше қауіпті организмдермен күрес бойынша фитосанитариялық іс-шараларды жүргізу және карантинді объектілерді оқшаулау мен жою бойынша іс-шаралары бойынша, ветеринарлық заңнаманың, балық және балық өнімдерінің мониторингі және басқа да негізгі проблемалық сұрақтарды көтерді. Тұсаукесер барысында жұмыс тобының мүшелері мен отырысқа қатысушылар бірнеше ұсыныстар, ескертпелер мен тілектерін білдірді. Олардың барлығы заң жобасымен одан әрі жұмыс жасау барысында қосымша қарауға және зерделеуге жіберілді.
13.04.2017

2017 жылғы 13 сәуір жер заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасының тұсаукесері өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, үкімет емес ұйымдар, отандық сарапшылар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев депутаттық корпусты Заң жобасының негізгі ережелерімен таныстырды. Өз кезегінде, депутаттар мен шақырылғандар жер заңнамасын қолдану практикасындағы, сондай-ақ Үкімет ұсынған заң жобасына қатысты негізгі өзекті мәселелерді көтерді. Нәтижесінде, заң жобасымен одан әрі жұмыс барысында қосымша қарауға және зерттеуге тұсаукесерді өткізу барысында жұмыс тобының мүшелері мен отырысқа қатысушылар айтқан көптеген ұсыныстар, ескертулер және тілектер жіберілді.
15.09.2016

2016 жылы 15 қыркүйекте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер мен жануарлар дүниесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының тұсау кесері өтті. Заң жобасы орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы және құқықтық қайшылықтарды жоюдағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдары, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері, отандық ғалымдар мен сарапшылар, қоғам қайраткерлері қатысты. Ауылшаруашылық вице-министрі Е.Нысанбаев депутаттық корпусты заң жобасының негізгі ережелерімен таныстырды. Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы парламенті Мәжілісінің депутаты, заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі Р.Ким тиісті құқықтық салалардағы проблемалық мәселелерді тезистік түрде баяндап берді. Тұсау кесер барысында жұмыс тобы мүшелері мен шақырылғандар заң жобасын одан әрі қарау үшін қосымша қайта қарауға және зерттеуге бағытталған бірнеше ұсыныстарын, ескертулерін және тілектерін білдірді.
26.05.2016

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ «ЖАЙЫЛЫМДАР ТУРАЛЫ» ЖӘНЕ ОҒАН ЛЕСПЕ ЗАҢ ЖОБАЛАРЫ БОЙЫНША ЖҰМЫСҚА КІРІСТІ.

Астана. 26-мамыр. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті «Жайылымдар туралы» және оған ілеспе заң жобаларының тұсаукесер рәсімін өткізді. Бұл заң жобасы Парламент депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Зағипа Балиева, Асқар Базарбаев, Сергей Дьяченко, Жексенбай Дүйсебаев, Дулат Құсдәулетовтің бастамашылығымен әзірленген болатын. Заң жобасының тұсаукесеріне Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің төрағасы Сапархан Омаров төрағалық етіп, аталған комитет хатшысы Жексенбай Дүйсебаев баяндама жасады. «Жайылымдар туралы» заңды әсіресе, ауыл тұрғындарының күтіп отырғанын еске салған депутат еліміз ұлан байтақ жерді иеленіп отырса да, «ауыл халқының мал жаятын жері болмай отыр» деген сөздің қисынсыздығына дәлел келтірді. Айтуынша, бүгінде елімізде жылына 11 миллионға жуық шартты мал басы жайылымға шығарылып отырылады, ал бір мал басының тәуліктік азығы 35 килограмды құрайды. Егерде жайылым уақыты 180 күнге тең болған жағдайда, бір мал басына шаққанда 6,3 тонна шөп азығы керек екен. -Ал, біздердің бүгінгі көрсеткіштеріміз 4,6 тоннадан аспайды немесе бір мал басына шаққандағы шөп азығының дефициті 30 пайызды құрап отыр. Міне осының салдарынан бүгінде еліміздегі мал шаруашылығы өнімдері өспей келе жатыр,-деді Ж. Дүйсебаев. Бұл құжат отандық мал шаруашылығын дәстүрлі түрде жүргізу үшін жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту және қайта жандандыру қажеттігілігін қамтамасыз етіп, жайылымдар инфрақұрылымының жай-күйін жақсартуға, жайылымдық жерлердің тозу процестерінің алдын алуға және қоршаған ортадағы жайылымдық экожүйелердің экологиялық тұтастығын сақтауға, сондай-ақ Қазақстан ет пен ет-сүт өнімдерін өндіру саласында жаһандық ойыншы бола алатындай, экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайтуға бағытталады. Заң жобасы аясында уәкілетті органның және жергілікті өзін-өзі басқару органының жайылымдарды ұтымды пайдалану жөніндегі құзыретін айқындау, жайылымдарды аудандық маңызы бар қалалардың, кенттің, ауылдық елді мекендердің және шалғайдағы жайылымның шегінде, шегінен тыс беру және пайдалану тәртібі айқындалып, жайылымдарды ұтымды пайдалануды мемлекеттік реттеу сияқты мәселелер қамтылады. Айта кетейік, Республикада шамамен 188 млн. гектар жайылымдар бар, олардың 80 млн. гектары ғана пайдаланылады, бұл небәрі 43 %-ды құрайды. Бұл ретте, осы мөлшердің ішіндегі 27 млн. гектар жайылым тозған және олардың басым бөлігі елді мекендерге жақын орналасқан жерлерге тиесілі. БҰҰ-ның халықаралық сарапшыларының деректері бойынша бұдан келетін шығын жылына 1 млрд. долларды құрайды. Елді мекендер маңындағы жайылымдық жерлерде мал санының тым көп болуы олардың тозуына себеп болады. Сондай-ақ, инфрақұрылымның болмауынан, бірінші кезекте алыс жерлердегі жайылымдарда суландырудың болмауына байланысты, шалғайдағы мал шаруашылығының тиімсіз пайдаланылуы, бұл оларды мал жаю үшін пайдалануға қиындық туғызады. Осы тұрғыда, республикада тұрақты жемшөп базасын құру үшін және экологиялық таза әрі арзан мал шаруашылығы өнімдерін алу үшін жеткілікті дәрежеде пайдаланылмай жатқан табиғи жайылымдық алқаптар әлеуетінің зор екені көрінеді. Көбінесе мұндай жағдай жайылымдарды пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды нақты заңнамалық реттеудің болмауына байланысты. Жайылымдарды ұтымды пайдалану жөніндегі уәкілетті орган әлі күнге дейін заңнамалық деңгейде айқындалмаған. Бұл заң жобасы осы олқылықтың орнын толтырмақ. Таныстырылым барысында депутаттар тарапынан өзекті сұрақтар көтеріліп, маңызды ұсыныстар айтылды. Мәжіліс депутаттары жұмысты одан әрі тиянақты жалғастырып, еліміздің түкпір-түкпірін аралап осы заң жобалары бойынша талқылауды жалғастыруды жоспарлап отыр. Таныстырылымға Ауылшаруашылығы, Ұлттық экономика, Энергетика, Әділет министрліктерінің, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
28.02.2013

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының таныстырылымы болды.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында, бүгінгі күні бүкіл адамзатқа төніп отырған ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатердің бірі болып азық-түлік қауіпсіздігі екенін атап өткен болатын. Осыған орай, Мемлекет басшысы осы қатердің шұғыл алдын-алу шараларының бірі ретінде еліміздің ауыл шаруашылығы саласын ауқымды жаңғырту міндетін алға қойды, яғни егістік жерлердің алаңын ұлғайту мен ауыл шаруашылық дақылдарының шығымдылығын айтарлықтай көтеру, мал шаруашылығына жем-шөп қорын әлемдік деңгейге сәйкес етіп құру, сонымен бірге осы мақсатттарға сәйкес, тиісті заңдарды шығару және экономикалық ынталандыру жүйесін әзірлеуді тапсырды. Қазақстанның дүниежүзілік экономикасына белсенді кіруі, оның бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң артуы, сондай-ақ елдiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету - елеулі мөлшерде жер ресурстарын тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Бұл ретте, экономикалық әлеуеттің тиімді пайдалануына бағытталған жер қатынастарын уақытылы заңнамалық реттеу - алға қойылған міндеттерді шешу үшін айрықша маңызға ие деп атауға болады. Осы себепті, Үкімет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын Парламент Мәжілісіне енгізген болатын»,- деп отырысты заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Әлихан Тойбаев ашып, жүргізіп отырды. Заң жобасымен депутаттарды Өңірлік даму министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Қадырхан Отаров таныстырды.
15.02.2013

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астық нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті. Отырысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің орынбасары Қабиболла Жақыпов қатысты.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі депутат Анатолий Маковский отырысты беташар сөзбен бастады.