Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения

Дөңгелек стол

15.03.2022

Мәжіліс депутаттары әскер саласындағы өзекті мәселелерді талқылады

15 наурыз, Мәжіліс үйі. Қазақстанда 1 наурыздан бастап көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Осыған орай Қорғаныс министрлігі 17 мың азаматты әскер қатарына шақыруды жоспарлап отыр. Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткізу мәселелеріне қатысты дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, сараптамалық және ғылыми қоғамдастық өкілдері қатысты. Отырыста Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан кіріспе сөз сөйледі. Онда Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жастардың әскери борышын өтеуге деген ынтасын арттыру жөніндегі тапсырмасын ескере отырып, өткізіліп жатқан іс-шараның маңызын атап өтті. Депутаттар алдында сөз сөйлеген Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Марат Құсайынов әскерге шақыру саласындағы бірқатар мәселелерге назар аударды. Атап айтқанда, шақырудан жалтарғандарды іздеп-табудың тиімділігі төмен екенін, жергілікті атқарушы органдардың әскерге шақыруды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысының баяу ұйымдастырылынын айтты. Сондай-ақ отырыс барысында медициналық қызметкерлердің кәсіби деңгейі, білікті медициналық мамандардың тапшылығы, әскерге шақырылушылардың денсаулық жағдайы және т.б. мәселелер қозғалды. Осы жиынға дайындық барысында комитет депутаттары өңірлердегі шақыру пункттеріне, жергілікті әскери басқару органдарына барды. Сонымен қатар шақыру және медициналық комиссия мүшелерімен кездесіп, әскерге шақырылушылармен кездесті. Азаматтарды әскери қызметке шақыру үдерісін жетілдіру, қызметшілердің ынтасын арттыру бойынша барлығы 40-қа жуық ұсыныс жиналды. Отырыста мемлекеттік органдардың өкілдері азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру туралы баяндап, бірқатар мәселеге тоқталды. Атап айтқанда, жергілікті әскери басқару органдары ғимараттарының 70 пайыздан астамы күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. 2020 жылы жергілікті әскери басқару органдарының автомобиль көлігімен қамтамасыз етілуі 40 пайызды, байланыс құралдарымен қамтамасыз етілуі 18 пайызды құрады. Ал компьютерлік техниканың 80 пайызы заман талабына сай болмауына байланысты жаңартылуға жатпайды. Іс-шарада депутаттар мерзімді әскери қызметтен өткендерге, оның ішінде оқу орындарына түсу, мемлекеттік қызметке, күштік құрылымдарға жұмысқа орналасу кезінде материалдық ынтыландыру жүйесін енгізуді көтерді. Олар – кредиттік каникулдар беру, әскерилердің отбасыларына коммуналдық қызметтерді төлеуге жеңілдіктер енгізу. Сонымен бірге дөңгелек үстелге қатысушылар жастардың денсаулығы мен медициналық комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру мәселесіне көңіл бөлді. Депутаттардың айтуынша, бүгінде медициналық комиссияларды дәрігер-мамандармен жасақтау өткір мәселеге айналып отыр. Регламенттің ғана емес, комиссия құрамын ротациялауды жүзеге асыру мүмкіндіктерінің болмауы көптеген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындатады. Сондай-ақ депутаттар әскерге шақырылушылардың медицина мүмкіндіктеріне, соның ішінде заманауи диагностикаға бәрінің бірдей қол жеткізе алмауы мәселесін көтерді. Басқосуды қорытындылаған Комитет төрайымы А.Құспан маңызды проблемалар мен оларды шешу жолдарын атап өтті. Әсіресе, әскерге шақыру жұмысын қосымша қаржыландыру, оны реттейтін тиісті нормативтік құқықтық базаны жетілдіру, әскери қызметтің беделін арттыру және жастарды әскери борышын өтеуге ынталандыру. Жиында айтылған ұсыныстар депутаттық корпустың ағымдағы заң шығару қызметінде ескерілетін болады.
04.05.2021

Мәжілісте Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы заңды іске асыруға қатысты дөңгелек үстел өтті

4 мамыр, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Заңын іске асырудың өзекті мәселелері туралы дөңгелек үстел отырысы өтті. Бейнеконференция форматында ұйымдастырылған жиынды Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті өткізді. Айгүл Қаұспанның төрағалығымен өткен отырысқа мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорындардың, сондай-ақ Парламентаризм институтының өкілдері қатысты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Әділбек Сәрсембаев депутаттарды отандық өндірушілерді ынталандыру және армияны қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи және жоғары технологиялық үлгілерімен жарақтандыру мәселелері туралы елімізде қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Сондай-ақ, Вице-министр 2019 жылғы наурызда қабылданған «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заңды, оның ішінде бюджет қаражатын пайдаланудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру бөлігінде одан әрі жетілдіру қажеттігі туралы мәлімдеді. Өз кезегінде, Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев жалпы саланың дамуына әсер ететін бірқатар мәселелерді атап өтті. Олар: өнім сапасы, пайдаланылмайтын әскери мүлікті сақтау, кәсіпорындардың қорғаныстық тапсырысқа едәуір тәуелділігі, іс жүзінде қосылған құны төмен өнім құнының жоғары болуы, өндірісті әртараптандырудың төмен көрсеткіштері және т.б. Баяндамашының пікірінше, осы және басқа да мәселелерді шешу қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді талап етеді. Отырыс барасында, Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан пікір білдіріп, осы заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі болды. Депутат аталған құжат бойынша Мәжіліс депутаттары бірқатар оң өзгерістер енгізген атап өтті. Олардың бірі: мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде әскери мақсаттағы тауарларға, жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу мәселесін реттеуге қатысты. Құдайберген Ержан атап өткендей, қазіргі уақытта депутаттар заңның жекелеген нормаларын жетілдіру бойынша жұмыс істеуде. Дөңгелек үстел барысында мемлекеттік органдардың, қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығының, Орал "Зенит" зауытының және т.б. өкілдері сөз сөйлеп, өз ой-пікрілерімен бөлісті.
05.12.2012

Комитет отырысы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ғимаратында дөңгелек үстел болды. Онда Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары аясында Мемлекеттік шекараны қорғау және күзету саласындағы заңнаманы одан жетілдіру мәселелері қаралды және талқыланды. Дөңгелек үстел жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының және қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысты. ҰҚК Шекара қызметі директорының міндетін уақытша атқарушы Т.М.Стамбеков қатысушылар алдында Мемлекеттік шекараны қорғау мен күзету мәселелерін жетілдіру, сондай-ақ қойылып отырған талаптардың күшеюін ескере отырып, Шекара қызметін одан әрі дамыту мәселелері құқықтық реттеуді талап ететінін атап өтті. Отырыс барысында қаралып отырған мәселелер жан-жақты талқыланды. Отырысқа қатысушылар өз сөздерінде ұлттық қауіпсіздіктегі орын алып отырған қауіптерді ескере отырып, енгізіліп жатқан өзгерістердің маңызды екеніне және дер кезінде көтеріліп отырғанына назар аударды. Мәжіліс депутаттары Қазақстан Республикасы Үкіметінің - Шекара қызметінің кадрлық саясатын жетілдіру мәселесі жөніндегі, оның ішінде шекара әскерлерін іріктеуде әскери қызметшілерді кезекті және кезектен тыс аттестациядан өткізу жолымен және Қазақстан Республикасы азаматтары арасынан әскери қызметке шекара әскерлерін таңдап алу және әскерге алу - мәселесіне жете көңіл бөлу жөніндегі ұсыныстары Шекара қызметінің одан әрі дамуы мен нығаюына жағдай жасайтынын атап өтті. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрғасы М.Әшімбаев дөңгелек үстел жұмысын қорытындылай келе, қаралып отырған мәселе жан-жақты, сондай-ақ кеңінен талқыланғанын және аталған заң жобаларымен одан әрі жұмыс жасау кезінде дөңгелек үстел барысында айтылған сындарлы ескертпелер мен ұсыныстардың ескерілетінін атап өтті. Сондай-ақ, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды негізі болып табылады, ол Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн қамтамасыз етедi.
26.04.2012

2012 жылғы 26 сәуірде Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мен Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті бірлесе отырып жол қауіпсіздігі мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстел жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі, Үкімет, мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары С.А.Дьяченко дөңгелек үстелге қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі. Дөңгелек үстелге қатысушылар алдында ҚР ІІМ Жол полициясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Н.И.Калашников және осы Комитеттің жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді үйлестіру басқармасының бастығы Қ.С.Сәдуақасов баяндама жасады. Олар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қазіргі таңдағы қалыптасқан жағдайлар жайлы, бұл саладағы проблемалар және оларды шешу жолдары жайлы айтты. Дөңгелек үстелге қатысушылар жол қаупсіздігі саласындағы заңнамада әзірленіп жатқан өзгерістер туралы ақпарат алды. Отырыс барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары О.Б.Мұхамеджанов, В.П.Рогалев, Ю.Е.Тимощенко, Р.Қ.Сәрпеков, Қ.С.Сұлтанов, Б.Ертаев, Қ.Қ.Жақыпов, А.Б.Тасболатов, Р.Ж.Мұқашев, Т.Қ.Өмірзақов, С.Х..Оразов сөз сөйледі. Сондай-ақ дөңгелек үстелде өзге де мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар және бизнес құрылымының өкілдері сөз сөйледі. Баяндамалар талқыланып және сұрақтарға жауап беріліп болған соң дөңгелек үстел модераторы - Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қ.Ш.Сүлейменов отырысты қорытындылады. Атап айтқанда, ол - отырыс өте сындарлы және мазмұнды болды, ҚР ІІМ әзірлеп жатқан «Жол қозғалысы туралы» заң жобасына енгізілетін тұжырымдамалы ережелер бойынша бірқатар ескертпелер мен елеулі ұсыныстар болғанын айтып өтті. Барлық ескертпелер мен ұсыныстар заң жобасын әзірлеушілерге жіберіледі және депутаттар тарапынан Парламент Мәжілісінде заң жобасын қарау кезінде ескерілетін болады деді.