Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер

Дөңгелек стол

22.02.2024

Бүгін Парламент Мәжілісінде «Акваөсіру туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне акваөсіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының жобаларын талқылау бойынша дөңгелек үстел болып өтті. Дөңгелек үстел отырысында Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрілігінің, мүдделі мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қауымдастықтардың өкілдері мен сарапшылар қатысты. Отырысты Экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин ашып, өзінің кіріспе сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында балық өсіру саласына ерекше мән беру туралы айтқанын атап өтті. Балық шаруашылығын дамытудың айтарлықтай әлеуеті бар, ол үшін заңнаманы жетілдіру, қосымша мемлекеттік қолдау шараларын көздеу, өсірілетін балық пен экспорт көлемін арттыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке инвестицияларды тарту қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Н.Т. Жүнісов өз баяндамасында Үкімет тарапынан қабылданған аквашаруашылықты дамытудың кейбір тұстарын, өзекті мәселелерді шешуге, экономикалық ынталандыру шараларын енгізуге, әкімшілік кедергілерді жоюға және заңнаманы жетілдіруге бағытталған шаралар туралы атап өтті. Артынша ол қаралып жатқан заң жобаларының негізгі нормаларына тоқталды. Сонымен қатар, балық шаруашылығы ғылымының және акваөсіру бизнесінің өкілдері де сөз сөйледі. Дөңгелек үстел барысында Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы депутаттар мен жұртшылықтың сұрақтарына жауап берді. Өз кезегінде, депутаттар мен басқа да дөңгелек үстелге қатысушылар азық пен пайдаланылатын су қоймаларының сапасы, отандық өңдеушілерді қолдау, құртшабақтардың есебін жүргізі, аквашаруашылық субъектілерін сақтандыру, субсидияларды қайтару мәселелерін және басқа да түйткілді мәселелерді көтерді. Заң жобалары бойынша жұмыс тобының жетекшісі депутат С.М. Пономарев дөңгелек үстелге қатысушылар талқылаған мәселелердің маңыздылығын атап өтіп, қаралып жатқан заң жобалары аясында шешімін табуды қажет ететін бірқатар мәселелерді тізіп өтті. Пікір алмасудан кейін Комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин отырысты қорытындылай отырып, мазмұнды да жан-жақты талқылау болғанын атап өтіп, заң жобаларының сапасын арттыру мақсатында депутаттарды жұмыс тобының мүшелерін заң жобаларын қарау кезінде осы жиналыста көтерілген мәселелерге назар аударуға шақырды. Барлық көтерілген мәселелер жұмыс тобы отырыстары аясында егжей-тегжейлі қаралатын болады.
15.02.2024

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Республикадағы сарқынды суларды қайта пайдаланудың проблемалары мен перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация, Өнеркәсіп және құрылыс, Экология және табиғи ресурстар, Қаржы, Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау, Энергетика, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, ZOOM арқылы су саласына қатысты түрлі ұйымдар мен мекемелерінің, Алматы қаласы, Ұлытау, Жамбыл, Маңғыстау облысы әкімдіктерінің өкілдері қатысты. Аталған іс-шарада Су ресурстары және ирригация министрі Н.М.Нұржігітов баяндама жасап, онда еліміздегі Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасында қайталама сумен жабдықтауды, оның ішінде тазартылған ағынды суларды пайдалануды ұлғайту ұсынылатындығын, сонымен қатар министрлік тарапынан ауыл шаруашылығы дақылдарын суару үшін ағынды суларды алуға қарсы еместігін, ағынды суларды суаруға пайдалану белгіленген экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жүргізілетіндігін атап өтті. Іс-шара барысында Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Е.Жаңбыршин 2023 жылғы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевың Қазақстан халқына Жолдауында, су ресурстары басым бағыттарының бірі болды және Үкіметке елдің суды үнемдейтін озық технологияларды енгізуді қамтамасыз ету керектігі туралы нақты міндеті жаңадан құрылған министрікке жүктелген болатындығын айта келе, 2022 жылы Парламентте «Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары» атты тақырыбындағы Парламенттік тыңдау өткізіліп, іс-шара аясында Үкіметке және орталық атқарушы органдарға су саясатына байланысты нақты ұсынымдар берілгендігін ескертті. Дөңгелек үстел барысында сарқынды суларды қайта пайдалану үшін нормативтік құқықтық базаны және институционалдық құрылымды жетілдіру, оларды қайта пайдалану стратегиясын әзірлеуге жүйелі тәсіл қолдану, әлемдік тәжірибе мен оны Қазақстанға енгізу қажеттілігі туралы және т.б. тақырып аясында баяндамалар жасалды. Баяндамалар жасалғаннан соң пікір-талас пен сұрақ-жауап кезінде депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға уәкілетті орган мен сарапшылар толыққанды жауап берді. Дөңгелек үстел нәтижесі бойынша арнайы шешімдер қабылданып, олар тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.
29.05.2023

2023 жылғы 29 мамырда экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Екібастұз қаласында профильды министрліктер, әкімдіктер мен энергетикалық компаниялар басшылығының қатысуымен «Жылу энергетикасының өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстел шеңберінде депутаттар «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС жылу-энергетикалық орталығына барды. Бүгінде мұнда бір мезгілде бес қазандық агрегатына күрделі жөндеу жүргізілуде. Жылыту маусымы басталғанға дейін багер сорғыларына, құбырларға және басқа да жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізу қажет. Депутаттар мен қоғам белсенділері кемшіліктерге тоқталып, ЖЭО басшылығына сұрақтар қойды. Депутаттар Мәшһүр Жүсіп және Абай көшелеріндегі Екібастұз жылу магистральдарындағы жөндеу жұмыстарының барысын да тексерді. Қала әкімдігінің мәліметі бойынша, мұнда анықталған 260 судың ағуының 178-і жойылды. Жаздың ортасына қарай қаланы ыстық сумен жабдықтауды қалпына келтіру көзделіп отыр. Жиынды ашқан Комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарастыру қажеттігі туралы айтқанын атап өтті. Екібастұз, Петропавл, Теміртау, Степногорск, Риддер қалалары тұрғындарының бірнеше күн бойы жылусыз және ыстық сусыз қалуына әкеп соққан апатты жағдайлар жүйелі проблемаға айналуы қауіпі бар. Сол себепті, үздіксіз жылумен қамтамасыз ету шараларын дереу қабылдау қажет екені сөзсіз. Қазақстандағы көптеген жылу энергиясы орталықтары елу жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген. Жылу энергиясы орталықтарының негізгі және қосалқы жабдықтарының, қазандықтардың тозығы жеткен, жылу желілеріндегі және жылуды тұтыну жүйелерінің ескіруі 70%-дан асқан. Бұл қатерлі деңгей болып есептеледі және олар кез келген сәтте істен шығуы мүмкін, – деді комитет төрағасы. Депутаттардың пікірінше, мұндай жағдайдың себебі жылу энергетикасы саласында бірыңғай саясаттың болмауында. Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов өзінің баяндамасында Министрлік электр станцияларының техникалық аудитін аяқтағанын атап өтті. Рейтинг келесі негізгі көрсеткіштер бойынша қалыптастырылды: амортизация, негізгі жабдықтың жұмыс уақыты, отын шығынының нақты көрсеткіштері, штаттық кесте, тиімділік, технологиялық бұзушылықтар және жөндеу бағдарламаларының орындалуы. Көрсетілген критерийлер бойынша электр станциялары рейтинг бойынша бөлінеді. Барлық 37 ЖЭО бойынша әкімдіктермен бірлесіп, алдағы жылу маусымына дайындық бойынша Жол карталары қалыптастырылады олар министрліктің бақылауында болады Мәжілісмендерді энергетика кәсіпорындарының жылу энергиясын жеткізушілер алдындағы қарызын жою, сала қызметкерлеріне еңбекақы төлеу барысы алаңдатты. Депутат Сергей Пономарев ЖЭО-ға барған соң Екібастұздағы жылу электр станцияларының жұмыс істеу жағдайын экстремалдық деп атап өтті. Ал мәжілісмен Аян Зейнуллин апаттарды тексерудің қорытындысы мен жылу желілерін коммуналдық меншікке беру барысы туралы сұрақ қойды. – Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы болатын. «Екібастұзтеплоэнерго» компаниясының бүгінде өте үлкен қарызы бар. Сондықтан жөндеу науқанын жүргізу үшін ыстық су қазандықтарын Екібастұз қаласының коммуналдық меншігіне тегін қабылдадық. «Орталық Азия электроэнергетикалық корпорациясы» акционер ретінде ЖЭО жөндеу науқанына тікелей инвестиция салады. Біздің ортақ міндетіміз – 1 қазанда халықты жылы тарату, – деді Павлодар облысының әкімі Асайн Байханов. «Қазақстан электрэнергетика қауымдастығы» төрағасы Талғат Темірханов саладағы жалақының әділеттілігі мәселесін көтерді. Оның пікірінше, еліміздегі көптеген ЖЭО-да жылу энергиясына бекітілген тарифтер жылу энергиясын өндіру мен тасымалдауға байланысты шығындарды өтей алмайды. Бекітілген тарифтер мен нақты өндіріс шығындары арасындағы алшақтық кейбір жағдайларда 40%-ға жетеді. Осы және өзге де мәселелер қазір Мәжілістің қарауында жатқан «Жылу энергетикасы туралы» жаңа салалық заң жобасында көрсетілген. – Бүгін біз көптеген уәделерді естиміз, сонымен бірге кестеден бір жерде артта қалғанын көреміз, бір жерде жұмыс әлі басталған жоқ. Қаржыландыру мәселелері туындайды. Осы уақытқа дейін Ақтаудағы МАЭК ЖЭО-да, Қарағанды облысындағы ЖЭО-да қазандықтарды жөндеу басталған жоқ.Екібастұз ЖЭО бойынша біз бұл мәселені қыста көтердік, мен қаланың жылу желілерін реттеу қызметін құру керектігін айттым. Екіншіден, тексеру және бақылау органдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу кезеңінде энергетикалық объектілерге баруға мүмкіндік беру. Үшіншіден, ашық тендерлік рәсімдерді өткізу үшін талап енгізілсін, – деп депутат Дүйсенбай Тұрғанов өз ұсынысын жеткізді. Отырысты қорытындылаған Еділ Жаңбыршин мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге және компаниялардың акционерлеріне бірлесіп, үйлесімді және жедел әрекет етуді ұсынды. Комитет депутаттары келіп түскен барлық ұсынысты ескере отырып, осы саланың толыққанды жұмыс істеуі үшін заңнамалық базаны жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанына тоқталды. Өткен қыста орын алған апатты жағдайлар қайталанбауы керек. Жаз уақыты жылдам өте шығып, жаңа жылыту маусымы да келіп қалады. Сондықтан мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, жылу энергетикасы саласының субъектілері жылу энергетикасы объектілерін жаңғырту мен жөндеу жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу жөніндегі барлық міндеттемелерін орындап үлгеруге тиіс. Қазір естіп отырғанымыздай, бұл жұмыстар басталғанымен, кестеден кешігу орын алуда, кей жерлерде қаржыландыру әлі басталмаған, – деді комитет басшысы. Кеңес қорытындысы бойынша Комитеттің мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға ұсынымдар түріндегі хаттамалық шешімі қабылданды.
23.12.2021

2021 жылғы 23 желтоқсан Парламент Мәжілісінде «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, Ұлттық экономика, Ішкі істер вице-министрлері, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстары әкімдерінің орынбасарлары, мүдделі мемлекеттік органдардың, «Ұлттық ядролық орталық» РМК, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен сарапшылар қатысты. Отырысты ашқан экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің төрағасы Александр Милютин 2008 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін бұрынғы полигон аумағында ағымдағы радиациялық жағдайды анықтау, радиоактивті ластану деңгейін белгілеу, әдіснаманы әзірлеу және осы жерлерді шаруашылық мақсаттарда пайдалану мүмкіндіктерін бағалау, радиациялық мониторинг бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қаралып отырған заң жобасы бұрынғы Семей полигоны жерлерін пайдалану, оның аумағын оңалту, елдің ғылыми әлеуетін дамыту мәселелерінде бақылауды күшейтуге бағытталған. Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев өз баяндамасында заң жобасының негізгі мақсаты ластанған жерлерде Семей ядролық қауіпсіздік аймағын (бұдан әрі – СҚЯА) құру, Семей сынақ полигонындағы жұмыстарды орындауға және ластанған учаскелерді оңалтуға жауапты операторды айқындау болып табылатынын атап өтті. Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі депутат Еділ Жаңбыршин талқыланған мәселелердің маңыздылығын атап өтіп, жұмыс тобы аясында депутаттар ұсынған негізгі нормалармен бөлісті. Отырыс барысында Энергетика министрі, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері депутаттардың сауалдарына жауап берді, оның ішінде СҚЯА үшін жер беру тетігін айқындау, СҚЯА операторын арнайы құқық субъектілерінің тізіліміне енгізу, СҚЯА аумағында құқықтық тәртіпті қорғауды жүзеге асыру және аумақтарында СҚЯА орналасатын облыстардың жергілікті атқарушы органдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі сұрақтарға жауап берді. Отырыс барысында Энергетика министрі, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері депутаттардың сауалдарына жауап берді, оның ішінде СҚЯА үшін жер беру тетігін айқындау, СҚЯА операторын арнайы құқық субъектілерінің тізіліміне енгізу, СҚЯА аумағында құқықтық тәртіпті қорғауды жүзеге асыру және аумақтарында СҚЯА орналасатын облыстардың жергілікті атқарушы органдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі сұрақтарға жауап берді. Отырысты қорытындылай келе, Комитет төрағасы Александр Милютин заттық және тыңғылықты талқылау өткізілгенін атап өтіп, көтерілген мәселелерді заң жобасын қарау кезінде ескеруді ұсынды.
28.03.2019

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың төртінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес «Еліміздің газ-көліктік инфрақұрылымын дамыту арқылы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелдің жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика, Қаржы, Әділет министрліктерінің, Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстары жергілікті атқарушы органдарының өкілдері, «АстанаГаз ҚМГ» АҚ, «ҚaзТрансГаз Өнімдері» ЖШС және «КАТЭК» ЖШС жобалау-инижинирингтік компаниясының басшылары, сондай-ақ «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «KAZENERGY» қауымдастығының және «Қазақстан жанармай қауымдастығы 1» ЗТБ өкілдері қатысты. Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Г.А. Щегельский өз сөзінде елімізді газдандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ газ саласын дамыту перспективаларын Энергетика министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде айқындады. Сонымен бірге, ол халықтың газбен қамтамасыз етілу, ұзақ мерзімді кезеңдегі газдың теңгерімі, Қазақстанның транзиттік-экспорттық әлеуеті, еліміздің магистральдық газ құбырлары жүйесі мәселелері мен газ және газбен жабдықтау саласындағы басқа да мәселелерге назар аударды. Депутат – Комитет мүшесі А.С. Мурадов осы іс-шараның модераторы болды, ол дөңгелек үстел тақырыбының өзектілігін, талқыланып отырған мәселенің ауқымдылығы мен күрделілігін атап көрсетті. Дөңгелек үстелдің тақырыбы аясында Энергетика вице-министрі М.М. Мырзағалиев газ саласының дамуы туралы негізгі баяндама жасады, содан кейін «АстанаГаз ҚМГ» АҚ бас директоры С.А. Мақашев сөз сөйледі, ол елімізді газдандыру жөніндегі жағдай туралы хабарлады. Нұр-Сұлтан қаласы Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы мен Ақмола және Қарағанды облыстары Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларының басшылары өңірлерде газ тарату желілерін салу жөніндегі жұмыс туралы ақпарат берді. Аталған мәселені талқылау барысында дөңгелек үстелге қатысушылар газ саласын дамытудың, сондай-ақ елімізді газдандырудың проблемалы және өзекті мәселелеріне баса назар аударды. Дөңгелек үстел жұмысының қорытындысы бойынша ұсынымдар қабылданды.
21.02.2019

Бүгін Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың төртінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес «Арал өңірінің экономикалық, экологиялық және әлеуметтік мәселелерін заңнамалық реттеу» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелдің жұмысына Мәжіліс депутаттары, энергетика, сыртқы істер, ауыл шаруашылығы, ішкі істер, ұлттық экономика, денсаулық сақтау министрілігінің, Қызылорда және Ақтөбе облыстарының жергілікті Атқарушы органдарының өкілдері, Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясының мамандары, сондай-ақ Орталық Азияның Өңірлік экологиялық орталығының және БҰҰ Даму бағдарламасының отандық сарапшылары қатысты. Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Г.А.Щегельский дөңгелек үстелге қатысушыларға арнап алғы сөз сөйледі, онда өңірдегі гидрорежимнің тұрақтылығын қамтамасыз етудің және Кіші Арал теңізінің тұздануына жол бермеудің маңыздылығын атап өтті, өйткені Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуын тұрақтандыру бойынша қабылданатын шараларда Аралдың экологиялық жағдайын жақсарту басты міндет болып табылады. Осы орайда, Г.А.Щегельский дөңгелек үстел тақырыбының өзектілігін, талқыланып отырған мәселенің ауқымдылығы мен күрделілігін атап өтті. Аталған іс-шараның модераторы – депутат, Комитет мүшесі Г.Г.Шиповских, ол дөңгелек үстелге дайындық барысында Қызылорда облысының ағымдағы жағдайымен және шешімін таппай отырған мәселелерімен танысу мақсатында аталған өңірде арнайы іссапарда болды. Талқыланған тақырыптың аясында энергетика вице-министрі С.Н.Нұрлыбай Арал проблемасының экологиялық аспектісіне тоқталды, Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қ.Ө. Рыскелдинов Арал өңіріндегі балық және орман шаруашылықтарының даму мәселелерімен таныстырды. Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі А.Е.Бозжігітов Арал проблемасының халықаралық деңгейде қарастырылуы туралы сөз қозғады. Отырыс барысында Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Н.С.Байқадамов Арал өңірі халқының өмір сүру сапасын жақсартудың бірқатар мәселелері, Ақтөбе облысы Шалқар ауданының әкімі Б.Н.Қаниев Арал проблемасының Ақтөбе облысының экологиясына әсері, оның ішінде Шалқар көлінің түбін тазарту туралы сөз сөйледі. Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы Атқарушы дирекциясының директоры Б.Қ.Бекнияз Қордың өткен жылдарда атқарған жұмысының қорытындылары және Арал өңірінің экологиялық қауіпсіздігін ескере отырып, су қатынастарын реттейтін құқықтық және институционалдық тетіктерді дамыту бойынша қабылдануға тиіс шаралар жөнінде айтып берді. Орталық Азияның Өңірлік экологиялық орталығының Қазақстан Республикасындағы Елдік кеңсесінің өкілі А. Мақсатова Арал теңізі бассейнінде климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын жұмсарту жөніндегі бағдарлама туралы ақпарат берді. Аталған мәселені талқылау барысында дөңгелек үстелге қатысушылар Арал өңірінің өзекті су-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне басты назар аударды. Дөңгелек үстел жұмысының қортындылары бойынша ұсыныстар қабылданды.
06.12.2018

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті ағымдағы жылғы 6 желтоқсанда «Жаңартылатын энергия – «жасыл» экономиканы дамытудың перспективалы бағыты» деген тақырыпта конференция өткізді.

Конференция жұмысына Мәжіліс депутаттары, Энергетика министрілігі мен басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ жаңартылатын энергия мен тұрақты даму саласындағы отандық және халықаралық сарапшылар, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы, «KEGOC» АҚ және ЖЭК нарығының басқа да өкілдері қатысты. Конференция барысында Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Г.А. Щегельский мен Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі С.Қ. Есімханов алғы сөз сөйледі. Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Ш.Ә. Өтемісов жаңартылатын энергетика сегментінің бәсекеге қабілеттігі мен инвестицияға тартымдылығын атап өтті. Аталған сектор жаңа жұмыс орындарын қалыптастырумен қатар, «жасыл» экономикаға көшудің бастамасы болып табылады. Жаңартылатын энергия көздері нарығының дамуы тұрақты даму қағидаттарына сәйкес келетін энергетикалық жүйені құруға мүмкіндік береді. Энергетика министрлігінің департамент директоры А.С.Соспанова «Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерінің дамуы: ағымдағы жай-күйі және перспективалары» тақырыбында баяндама жасады. Конференция жұмысының шеңберінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдаудың түрлі аспектілері бойынша «KEGOC» АҚ ҰЭЖ дамыту департаментінің директоры Н.К.Есеновтің, «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС бас директоры Ж.Д.Нұрмағанбетовтің, «Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығы» КЕАҚ басшысының орынбасары А.Қ.Қашқынбековтің, «Қазақстанның күн энергетикасы ассоциациясы» ЗТБ Директорлар кеңесінің төрағасы Н.Н.Қапеновтың, БҰҰДБ ұлттық сарапшы Р.Жампейісов және «Шелл Казахстан Б.В.» компаниясының Үкімет және қоғаммен байланыс жөніндегі директоры З. Бакенованың баяндамалары тыңдалды. Конференцияға қатысушылар жаңартылатын энергия көздерін дамытуды қолдау бойынша халықаралық тәжірибені, жаңартылатын энергия көздері ұлттық секторының даму перспективалары мен проблемаларын, ағымдағы жай-күйін, республикада аукцион механизімін ендірудің нәтижелерін талқылады.
24.05.2018

2018 жылғы 24 мамырда Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясының Фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңесімен бірлесе отырып, «Президенттің 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауы аясында Қазақстан Республикасында тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жаратуды басқару тетігін жетілдіру» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу секторының қазіргі жай-күйін, проблемалары мен оны дамыту жолдарын талқылау және қалдықтарды басқару тетігін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу. Дөңгелек үстелдің жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясының, энергетика және ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «KazWaste» Қазақстандық қалдықтарды басқару жөніндегі қауымдастығының, «ӨКЖ операторы» ЖШС өкілдері және қалдықтарды басқару саласыгдағы ұлттық сарапшылар қатысты.
14.04.2017

2017 ж. 6 сәуір күні «Astana Marriott» қонақ үйінде ҚР Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті, БҰҰ Еуропалық Экономикалық Комиссиясы (БҰҰ ЕЭК), «Жасыл» экономиканы қолдау мен G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ мен өзге де халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып «Қазақстанда «жасыл экономиканы» дамытудың перспективалары: Стратегиялық экологиялық бағалау» тақырыбында Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Г.Щегельский және депутаттар Қ.Каракен және И.Унжакованың төрағалығымен дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелдің мақсаты Қазақстанда Стратегиялық экологиялық бағалаудың (СЭБ) пайдасы мен артықшылықтары және СЭБ бойынша БҰҰ ЕЭК Хаттамаларын қолдану ережелеріне қатысты Қазақстан Республикасындағы заңнамаларға шолуды талқылау мәселелері болды. СЭБ мемлекеттік жоспарлау кезеңіндегі экологиялық көріністерді ескере отырып, соның нәтижесінде қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына үлкен әсер келтірмеуді, сондай-ақ «жасыл экономиканы» құру мен климаттың өзгеруіне бейімделудегі құрал болып табылады. Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің депутаттары, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау мен экологиялық бағалау саласындағы саясатты құрайтын орталық мемлекеттік органдар, соның ішінде энергетика, инвестициялар және даму, сыртқы істер, қаржы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім және ғылым, әділет министрліктері, Астана қаласы әкімдігі мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша халықаралық, бизнес-қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Іс-шарада аталған тақырыптың түрлі аспектілері бойынша ҚР энергетика вице-министрі М.Мырзағалиев, ҚР Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары З.Жолдасов, Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Ж.Нұрбеков, Астанадағы ЕҚҰО жобалар орталығының басшысы Д.Сабо, БҰҰ ЕЭК Эспо конвенциясының Хатшылығы, қоршаған ортаны қорғау бойынша мүшесі Е.Сантер, ҚР БҰҰ Даму Бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты даму департаментінің директоры Р.Рахимов, Қазақстандағы Еуропалық Одақтың операциялық бөлімінің басшысы Ж-Л.Лаврофф, ҚР Президенті жанындағы «жасыл» экономика бойынша Кеңесінің мүшесі, «Жасыл Академия» ғылыми-білім орталығының директоры Б.Есекина, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша халықаралық, бизнес-қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері баяндама жасады.
16.03.2017

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева бастаған комитет мүшелері еліміздің Қарулы Күштерінің Шымкент гарнизонында болды.

Дөңгелек үстелдің жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, энергетика, ұлттық экономика, қаржы, ауыл шаруашылығы, әділет министрліктерінің, Қазақстан электр энергетика қауымдастығы, «KEGOC» АҚ, «КОРЕМ» АҚ және энергетика және энергетика саласындағы басқа да бірлестіктер мен ассоциациялардың өкілдері қатысты. Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің хатшысы Г.Баймаханова дөңгелек үстел заң жобасының энергия беруші компанияларды ірілендіру жөніндегі негізгі ережелерін жан-жақты талқылаумен қатар республикадағы электр энергетикасы саласын реформалауға қатысты мәселелерді де талқылау үшін ұйымдастырылғанын атап өтті. Отырыста аталған тақырыптың жан-жақты аспектілеріне қатысты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы С.К.Есімханов, аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі – Парламент Мәжілісінің депутаты Ш.Ә.Өтемісов, «KEGOC» АҚ технологиялық даму бойынша басқарушы директоры А.Д.Қуанышбаев және «Көкшетау Жылу» шаруашылық жүргізу құқығындағы Мемлекеттік коммуналдық мекеменің бас директорының экономика және қаржы бойынша орынбасары Г.Б. Алтынсарова баяндама жасады. Заң жобасын талқылау барысында электр желілерінің тіректері үшін бөлінген жер учаскелеріне меншік құқығын анықтауға, жылыту маусымына электр энергетика объектілерінің дайындығы мен электр энергиясын экспорттау-импорттауға қатысты мәселелер қаралды. Аталған дөңгелек үстел жұымысының қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар қабылданды.
03.11.2016

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті 2016 жылғы 3 қарашада «Орнықты даму және Париж келісімінің мақсаттарын іске асыруды заңнамалық қамтамасыз ету» деген тақырыпта конференция өткізді.

Конференцияның негізгі мақсаты – орнықты даму және ғаламдық климаттың өзгеруі мәселелерін, сондай-ақ Қазақстанда орнықты даму мақсаттарын және Париж келісімінің ережелерін орындау жолдары мен тетіктерін одан әрі жетілдіру үшін ұсыныстар әзірлеу мақсатында ұлттық экологиялық заңнаманы талқылау. Конференцияға Мәжіліс депутаттары, ҚР энергетика, сыртқы істер, ауыл шаруашылығы және ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері, климаттың өзгеруі және орнықты даму саласындағы отандық және халықаралық сарапшылар, Кәсіпкерлердің Ұлттық Палатасы, «Назарбаев Университеті» ДБҰ, Тұрақты дамуға арналған табиғат пайдаланушылардың қазақстандық ассоциациясы, Еуропа Қайта құру және Даму Банкі, БҰҰ ДБ, Орталық Азия үшін Өңірлік экологиялық орталық, «Табиғат» Қазақстанның ассоциациялары мен кәсіпорындарының экологиялық одағы және тағы басқалар қатысты. Конференция барысында Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Франсис Етьен алғы сөз сөйледі. Конференцияда Қазақстан Республикасының Энергетика министрінің орынбасары Ғ.Қ. Сәдібеков «Орнықты даму мақсаттары мен Париж келісімін іске асыру бойынша Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің негізгі міндеттері: нормативтік аспектілері, сын-тегеуріндері мен келешегі» деген тақырыпта баяндама жасады. Сонымен қатар, конференция тақырыбының аясында: Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Е.Н.Сембаев «Орнықты даму мақсаттары аясында Қазақстанның бастамаларын іске асыру»; ЮНЕП Еуропалық кеңсесінің өңірлік өкілі және директоры Ян Дусик «Париж келісімі және 2030 жылға арналған Орнықты даму саласындағы күн тәртібі – ғаламдық келісімдерді ұлттық іс-әрекеттерге көшіру»; орнықты даму саласындағы халықаралық сарапшы Б.К. Есекин «Қазақстан Республикасында Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі прогреске шолу»; Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Ш.Ә. Өтемісов «Париж келісімін жүзеге асыру: Қазақстан экономикасы одан не күтеді»; «Қазақстанның Электр энергетикалық ассоциациясы» ЗТБ төрағасы Ш.Ә. Оразалинов «Парниктік газдардың шығарындыларын реттеу жағдайындағы көмір генерацияларының қауіптері мен тәуекелдері»; Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Е.Н.Нысанбаев «Қазақстан ормандары: олардың парниктік газдардың шығарындыларын төмендету жөніндегі ұлттық мақсаттарды іске асырудағы әлеуеті мен рөлі» деген тақырыпта; сондай-ақ ҚР КҰП басқарушы директоры Е.А. Больгерт, DIW econ GmbH компаниясының сарапшысы Петра Опитц, Тұрақты дамуға арналған табиғат пайдаланушылардың қазақстандық ассоциациясының атқарушы директоры Г.В. Артюхина, БҰҰ ДБ Орнықты даму департаментінің директоры Р.Н.Рахимов төмен көміртекті дамудың және «жасыл экономикаға» көшудің түрлі аспектілері бойынша сөз сөйледі. Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Г.А.Щегельский 2015 жылғы 12 желтоқсанда жасалған Париж келісімі ғаламдық климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі елеулі қадам екенін атап өтті. Қазақстанды қоса алғанда барлық елдер парниктік газдардың шығарындыларын азайту бойынша ұлттық мақсаттарын қабылдады. Қазақстан 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 15 пайызға және қосымша халықаралық қолдау көрсетілген жағдайда 25 пайызға азайтатыны туралы жария етті. Конференция барысында Париж келісімін ратификациялау және іске асыру нәтижесінде қоғамда болатын өзгерістерге қатысты түрлі ой-пікірлер айтылды. Конференцияда мүдделі министрліктер мен ведомстволар, азаматтық қоғам және ғылым саласы өкілдерінің қатысуымен орнықты даму және Париж келісімінің мақсаттарын іске асыруды заңнамалық қамтамасыз ету мәселелерін талқылау өзара үйлестірілген бағытта жұмыстар жүргізу үшін климатқа қатысты ұлттық саясаттың жалпы бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді. Конференция жұмысының қортындылары бойынша тиісінше ұсыныстар қабылданды.
24.06.2016

2016 жылғы 24 маусымда алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші сессияға арналған өкілеттіктерін іске асыру жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның» 74 және 75- қадамдарының орындалу барысы және «Қазақстанның мұнай-газ секторын дамыту проблемалары мен перспективалары мәселесі бойынша парламенттік тыңдаудың ұсыныстарының орындалуы туралы» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді.

Комитет төрағасы Г.А. Щегельский өзінің сөзінде атап айтқандай, бесінші сайланған Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті 2014 жылы парламенттік тыңдауға бастамашы болып, оны 2015 жылы 1 маусымда өткізген. Тыңдауға қатысушылар өздерінің сөздерінде, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, көбінесе, мұнай-газ кешенінің міндеттерін табысты іске асыруға байланысты екенін айтып, пікірлерін білдірді және «Қазақстанның мұнай-газ саласы қазіргі заманғы жаңа сын-қатерлерге қарсы тұру үшін қандай шаралар қабылдау керек және Парламент депутаттарынан осы тұрғыда қандай заңнамалық қолдау талап етіледі?» деген сұрақтарға жауап беруге тырысты. Тындаудың қорытындылары бойынша Парламент Үкіметке және уәкілетті мемлекеттік органдарға айтылған проблемаларды шешу үшін ұсыныстар жіберді. Дөңгелек үстелде Комитет Энергетика министрлігімен және Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесе отырып, «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның» 74 және 75 қадамдарының орындалу барысы және парламенттік тыңдаудың ұсыныстарының орындалуын қортындылады. «Дөңгелек үстел» отырысына Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰК, «ҚазТрансГаз» АҚ ҰК, «ҚазТрансОйл» АҚ ҰК, «KAZENERGY» қауымдастығының, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Ә.М.Мағауов, Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Б.Қ.Нұрабаев, депутаттар Ш.Ә.Өтемісов, Г.А. Баймаханова сөз сойледі. Талқылауға депутаттар, «ҚазТрансГаз» АҚ ҰК-ның өкілдері қатысты. Отырысты қортындылай келе, Комитет төрағасы Ұлт жоспарының 74 және 75 қадамдарының орындалуы және парламенттік тыңдаудың ұсыныстарының орындалуы жөніндегі Үкіметтің жұмысын атап көрсетті. Инвестициялар және даму министрлігі мен Энергетика министрлігі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің жобасын әзірлеу, оның ішінде Ұлт жоспарының 74 және 75-қадамдарын орындау жөнінде жұмыс жургізуде. Жоғарыда айтылғандай, ұсыныстардың орындалуы барысында кейбір ұсыныстар қазіргі таңда орындалып, кейбір пунктер бақылаудан алынып тасталды. Ұсыныстардың бір бөлігімен жұмыс жүргізілуде, оның ішінде Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексінің жобасы да талқылану үстінде. Ұсыныстардың осындай тармақтарын Комитет бақылауды жалғастыруда. Дөңгелек үстелдің қорытындылары бойынша Комитет қаулысы қабылданды.
30.04.2015

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті, Энергетика министрлігі, «Жасыл Академия» ғылыми – білім беру орталығымен бірігіп, ЕҚЫҰ Астана қаласындағы кеңсесінің қолдауымен «Жасыл» экономикаға өту кезіндегі заңнама аясын жетілдіру: қалдықтарды басқару мен шығарындыларды реттеу» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстел мақсаты - «жасыл» экономикаға өтудегі халықаралық тәжірибені талқылау Қазақстан Республикасында қалдықтарды басқару мен шығарындыларды реттеу жүйесіндегі нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру бойынша ұсыныстар қабылдау болды. Отырысқа Парламент депутаттары, энергетика министрлігінің құрлымдық бөлімінің басшылары, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы өкілдері, «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы, халықаралық ұйымдардың өкілдері, мамандар және ҮЕҰ қатысты. Жиынды ашу барысында Комитет төрағасы А.Милютин Елбасы Нұрсылтан Назарбаевтың осы шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясын ашу барысындағы - «Жасыл экономикаға» өту жаңартылатын энергетикаға негізделінген таза технологияларға құқықтық негіздеме жасау заң шығарушылар жұмысының маңызды аспектісі болып табылады»-деген сөздерін екертті. Дөңгелек стөлге қатысушылармен ҚР қалдықтарды басқару мен парниктік шығарындарды реттеу аясындағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар қабылданды.
11.05.2012

2012 жылғы 11 мамырда Магистралдық құбырларға байланысты мәселелер заңмен реттеледі. Осы тақырып шеңберінде бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел болып өтті.

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин дөңгелек үстел аясында «Магистралдық құбыр туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне магистралдық құбыр мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының таныстырылымын өткізу көзделіп отырғанын жария етті. Мұнай және газ министрлігінің жауапты хатшысы Қанатбек Сафинов баяндама жасап, заңнамалық актінің мақсатын түсіндірді және депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Дөңгелек үстелде Қабиболла Жақыпов, Серік Оспанов, Виктор Киянский, Егор Каппель, Төлеген Ибраев, Ізбақ Өмірзақов, Анатолий Пепенин және басқа Мәжіліс депутаттары баяндамашыға сұрақтар қойып, талқылауға қатысып, өз пікірлерін білдірді. Аталған заң жобалары тұжырымдамалық негізде талқыланды. «Магистралдық құбыр туралы» заң жобасы магистралдық мұнай және газ құбырларын салу, консервациялау және жою кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге, сондай-ақ магистралдық құбырлардың тиімді, сенімді және қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне магистралдық құбыр мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ілеспе жоба болып табылады және ол Азаматтық және Жер кодекстерінің, «Жылжымалы мүлік кепілін тіркеу туралы», «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» заңдарды негізгі заңға сәйкес келтіруге бағытталған. Сонымен қатар, заң жобасы: 1) Қарашығанақ жобасы бойынша даулы мәселелерді реттеуге; 2) Кеден одағында жанама салық салу қағидаттары туралы Келісімге сәйкес келтіруге; 3) ішкі нарықта жоғары октанды бензин тапшылығын болдырмауға; 4) мұнай толингі мәселелерін реттеуге бағытталған нормаларды қамтиды. Осыған байланысты заң жобасымен Салық кодексіне, «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы», «Трансферттік баға белгілеу туралы», «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңдарына, сондай-ақ Салық кодексін қолданысқа енгізу туралы заңға түзетулер ұсынылады. Заң жобаларының ережелерін талқылау үшін дөңгелек үстелге заң жобасын әзірлеушілер – Мұнай және газ министрлігі мен Қаржы министрлігінің Салық комитеті, сондай-ақ басқа министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, ғалымдар, қоғамдық бірлестіктер мен ұлттық компаниялардың өкілдері қатысты.