Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер

Халықаралық қызмет


19.09.2023

Мәжіліс Төрағасы «Орталық Азия – Корея Республикасы» парламент спикерлерінің І кеңесінде сөз сөйледі

Сеул, 19 қыркүйек. Палата төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Мәжіліс депутаттары Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі парламент спикерлерінің I кеңесіне қатысты. Іс-шарада Қазақстан, Корея, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан парламенттерінің спикерлері сөз сөйледі. Ерлан Қошанов Қазақстан делегациясының атынан Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Ким Чжин Пхёге саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Ол Орталық Азия елдерімен жан-жақты ықпалдастықты арттыру және өңірдің әлеуетін нығайту Қазақстанның сыртқы саясаттағы басым бағытының бірі екенін атап өтті. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы онжылдық Орталық Азия өңірі үшін маңызды кезеңге айналады деп санайды. Бұл ретте бізге өз экономикалық мүмкіндіктерімізді, ортақ әлеуетімізді барынша пайдалану өте маңызды, – деді Ерлан Қошанов. Кездесудің негізгі отырысы Орталық Азия елдері мен Корея арасындағы өңірлік ынтымақтастықтың басымдықтарына арналды. Мәжіліс спикері өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты мәселенің бірі екеніне назар аударып, Қазақстан парламентшілері аймақтағы тұрақтылықты сақтауға бар күш-жігерін салып жатқанын айтты. – Ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелері қатарында климаттың өзгеруіне қарсы күрес, қоршаған орта мен биоалуантүрлілікті сақтау, су ресурстарын, соның ішінде трансшекаралық ресурстарды тиімді пайдалану мен қорғау болуға тиіс, – деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс төрағасы қазірдің өзінде Орталық Азия тұрғындары Арал теңізінің экологиялық апатының, мұздықтардың еруі және жердің тозуының теріс әсерін сезініп отырғанын атап өтті. Осы орайда Ерлан Қошанов корейлік жетекші мамандармен тәжірибе алмасуға шақырды. Талқылау арнаулы екі сессияда әрі қарай жалғасын тапты. Қатысушылар Орталық Азия мен Корея Республикасы арасындағы үздіксіз өңірлік экономикалық ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен цифрлық трансформация саласындағы қарым-қатынас туралы пікір алмасты. Мәжіліс спикері Мемлекет басшысының бастамасымен жуырдағы Жолдауында айтылған жаңа экономикалық модельді іске асыруға Қазақстанның кіріскенін атап өтті. Мұнда біздің еліміз Корея Республикасымен инновация, жасыл технологиялар, энергетика, өнеркәсіптік өндіріс, IT және банк секторындағы ынтымақтастықтың зор перспективаларын аңғарып отыр. Сөз соңында Ерлан Қошанов қазіргі уақытта Орталық Азия өңірінде экономика, саясат және мәдени байланыстар қарқынды дамып жатқанына назар аударды. Мұның бәрі Корея Республикасымен өңірлік ықпалдастықты арттыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Іс-шара қорытындысы бойынша Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы парламенттері төрағаларының «Болашаққа бағдарланған өзара тиімді қатынастарды дамыту» тақырыбындағы алғашқы кездесуінің бірлескен декларациясы қабылданды.

18.09.2023

Мәжіліс Төрағасы Кореяға ресми сапармен барды

Сеул, 18 қыркүйек. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов ел басшылығымен кездесіп, «Samsung Electronics» және Сеул ұлттық ғылыми-техникалық университетінде болды. Қазақстан делегациясы өз жұмысын Мәжіліс спикерінің Корея Республикасының Премьер-министрі Хан Док Сумен кездесуінен бастады. Ерлан Қошанов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы Кореяға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікке жол ашқанын атап өтті. Бүгінде Корея Қазақстан экономикасындағы ең ірі алты инвестордың қатарында. – Жуырда біздің Президентіміз халыққа жолдауын жариялады. Ол ел экономикасын жаңа модельге көшіру туралы міндет қойды. Өндіріс, энергетика, банк пен IT секторын дамытуға басымдық беріліп отыр. Корея осы салаларда әлемдік көшбасшы ел және бізге сіздердің тәжірибелеріңіз қызықты. Мұның бәрі Қазақстан мен Корей ынтымақтастығын нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Мәжіліс Төрағасы. Ерлан Қошанов Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Ким Чжин Пхёмен кездесті. Мәжіліс спикері әріптесіне Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістер туралы мәлімет беріп, Конституциялық реформалардың нәтижесінде Парламенттің рөлі күшейгенін айтты. – Біздің елдеріміздің Парламенттері арасында берік серіктестік қатынас орнаған. Парламенттік достық топтары белсене жұмыс істеп жатыр. Комитеттер деңгейінде сындарлы диалог пен заң шығару саласында тәжірибе алмасу арта түсуде, – деді Мәжіліс спикері. Сонымен қатар Қазақстан делегациясы «Samsung Electronics» компаниясының президенті Пак Сунг Химен кездесті. Онда компанияның Қазақстандағы қазіргі және алдағы ауқымды жобалары талқыланды. Сондай-ақ Ерлан Қошанов Сеул ұлттық ғылыми-техникалық университетінде болды. Бұл оқу орнының филиалын жақын арада Қызылордадағы Қорқыт ата университетінде ашу жоспарланып отыр. Сеул техникалық университетінде оқитын қазақстандық студенттермен де кездесу өтті. Ертең Қазақстан делегациясының Корея Республикасы мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Парламент спикерлерінің кеңесіне қатысуы жоспарланған.

15.09.2023

Орталық Азияның көшбасшы әйелдері климаттың өзгеруі мәселелерін көтерді

Душанбе, 15 қыркүйек. Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаева «Орталық Азиядағы климаттың өзгеруіне бейімделу жағдайында гендерлік теңдікке қол жеткізу» конференциясында климаттың өзгеруіне бейімделудегі өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығын айтты. Жиын Тәжікстанның Душанбе қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бесінші консультативтік кездесуі аясында ұйымдастырылды. Дания Еспаева өз баяндамасында климат өзгерісіне бейімделуге, су тапшылығын еңсеруге, энергия тиімділігін арттыруға, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігіне, гендерлік саясатқа қатысты Орталық Азия елдеріне бағытталған іс-шараларда аймақтық ынтымақтастықтың маңызды екенін атап өтті. Отырыста Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан елдері Парламенттерінің, сондай-ақ БҰҰ өкілдері сөз сөйлеп, БҰҰ-ның аймақта жүзеге асырылып жатқан «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» стратегиясының маңыздылығын айтты. Тұрақты даму мақсатарын жүзеге асырудағы гендерлік және экология мәселелері бойынша панельдік сессияларда – ҚР Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен мен Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның эколог-сарапшысы Айжан Сқақова сөз сөйледі. Айта кетейік, «Әйелдер диалогы» парламентаралық өзара іс-қимыл форматы БҰҰ-ның Орталық Азиядағы превентивтік дипломатия жөніндегі аймақтық орталығының қолдауымен 2020 жылы жұмысын бастады. Өңірлік кездесулердің мақсаты – барлық мүдделі тарапты пікір, ақпарат және тәжірибе алмасу алаңымен қамтамасыз ету, сондай-ақ гендерлік теңдікке қол жеткізу және климаттың өзгеруі жағдайында әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейту, экологиялық тәуекелдерді азайту бойынша стратегиялар мен бағдарламалар бойынша одан әрі ынтымақтастық бойынша ұсыныстар әзірлеу.

13.09.2023

Мәжілісте Қазақстан мен Корея ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Астана, 13 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Ерлан Қошанов Кореяның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-Икпен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту мәселесін талқылады. Мәжіліс Спикері Корея Республикасы Қазақстанның Азиядағы негізгі саяси және экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Былтыр елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толды. – Осы жылдарда Қазақстан мен Корея көп бағытты әріптестікті нығайтуда жоғары табыстарға қол жеткізді. Ол, бірінші кезекте, елдеріміздің басшыларының еңбегінің нәтижесі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы Кореяға мемлекеттік сапары нәтижесінде екі ел Кеңейтілген стратегиялық серіктестікке қол жеткізді. Осы аптаның аяғында Ұлттық Ассамблеяның Төрағасы, әріптесім Ким Джин Пё мырзаның шақыруымен Корея Республикасына ресми сапармен барамын. Бұл сапардың басты мақсаты – екі ел басшылары уағдаластықтарын Парламент деңгейінде жалғастыру. Сонымен қатар Кореяның бастамасымен ұйымдастырылған «Орталық Азия – Корея Республикасы» Парламенттері спикерлерінің алғашқы конференциясына да қатысамын, – деді Е.Қошанов. Кореяның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-Ик Палата Төрағасының Кореяға сапарына сәттілік тілеп, достас елдеріміздің арасындағы парламентаралық байланыстың дамуына өз үлесін қосатынына сенім білдірді. – Өздеріңіз білесіздер, біздің еліміз 1950 жылдары өте кедей мемлекет болып, өнеркәсіп пен сауданың арқасында аяққа тұрды. Бүгінде дамушы және дамыған елдер арасындағы көпір секілді рөл атқарып келеді. Сіздің Кореяға сапарыңыз уақытылы болып жатыр деп ойлаймын. Сапар барысында Корея Премьер-министрімен, Парламент спикерлерімен кездесулер жоспарлануда, – деді Чжо Тэ-Ик. Сонымен қатар Спикер болашақта достық топтар мен бейінді комитеттер деңгейіндегі байланысты одан әрі нығайтуға шақырды.

25.08.2023

Мәжілісте Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы аясында әйелдердің бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосқан үлесі айтылды

Астана, 25 тамыз, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дания Еспаева БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азия превентивтік дипломатия жөніндегі аймақтық орталығының басшысы Каха Имнадземен кездесті. Дания Еспаева мейманды жаңа лауазымға тағайындалуымен құттықтап, Өңірлік орталық пен Орталық Азия республикалары парламенттері арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамып, нығаюына тілек білдірді. – Біз аймақтық орталықтың мақсаты мен міндеттерін ескере отырып, оның жұмысын маңызды және сұранысқа ие деп санаймыз. Біз үшін орталықтың аймақтағы әйелдердің жағдайын жақсартуға және олардың бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үдерістеріне қатысуын кеңейтуге арналған Орталық Азия әйелдері диалогын құру жөніндегі бастамасы да маңызды, – деді вице-спикер. Дания Еспаева орталық басшысына Қазақстанның Әйелдер диалогына төрағалық ету аясындағы қызметі мен жоспарлары туралы баяндады. Ол биыл қараша айында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» жаһандық науқаны аясындағы шолу конференциясымен аяқталады. Ал қазан айында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарары аясында «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібіне арналған халықаралық конференция өтеді. – Біз әйелдер диалогы арқылы іс-шараларды ұйымдастыруда Қазақстанға жан-жақты қолдау көрсететін боламыз. Орталық сондай-ақ «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» бағдарламасы бойынша жұмыс істейді – бұл Қауіпсіздік кеңесі бір кездері қабылдаған маңызды қарарлардың бірі, – деді Каха Имнадзе.

12.07.2023

Мәжілісте әйелдер құқығын қорғау және гендерлік теңдік мәселелері талқыланды

Астана, 12 шілде, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте вице-спикер Дания Еспаева Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Тери Хакаламен кездесті. Тараптар әйелдер құқықтарын қорғау және гендерлік теңдік мәселелерін талқылап, екіжақты ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға келісті. Талқылау барысында Дания Еспаева Тери Хакаланың қоғамдағы әйелдер мен қыздардың құқықтары мен рөлін ілгерілетудегі белсенді ұстанымы мен мүдделілігін атап өтті. Мәжіліс вице-спикері биыл Қазақстан Орталық Азиядағы әйелдер диалогына төрағалық етіп отырғанын айтты. – Қазақстан төрағалығының ашылуы аясында біз 19 маусымда Астанада «Инновациялар мен технологияларды дамытудағы әйелдердің рөлі» тақырыбында кездесу өткіздік. 15-16 қазанда Алматыда БҰҰ күн тәртібіндегі «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» конференциясын өткізуді жоспарлап отырмыз. Диалог төрағасы ретінде мен сіздерді оған қатысып, өз көзқарастарыңыз бен тәжірибелеріңізбен бөлісуге шақырамын, – деді вице-спикер. Дания Еспаева өз сөзіне гендерлік теңдік еліміздегі басым бағыттардың бірі екенін айтты. Қазақстан әйелдердің өмір сапасын жақсартуға және бәріне бірдей мүмкіндіктер жасауға бағытталған саясат пен реформаларды тұрақты түрде жүргізіп келеді. – Нәтижесінде гендерлік мәселелерді шешуде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Гендерлік теңсіздік индексін 60 пайызға төмендетіп, Парламентте және жергілікті өкілді органдарда әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота енгіздік. Мемлекеттік компаниялардағы басшы әйелдердің үлесін осындай деңгейге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 2022 жылы 55,4 пайызға жетті, оның 39,2 пайызы басшылық қызметте. Кәсіпорын басшыларының 30,8 пайызы әйелдер, – деді Мәжіліс төрағасының орынбасары. Өз кезегінде Тери Хакала әйелдер құқығы мен гендерлік теңдік мәселелерінің өте маңызды екеніне тоқталып, Қазақстанның Орталық Азиядағы әйелдер диалогына төрағалығына үлкен үміт артатынын жеткізді. – Менің ойымша, әлемдегі гендерлік мәселелерге қатысты жағдай оңай емес. COVID-19 отбасылық зорлық-зомбылықтың артқанын көрсетті. Әрбір ел әйелдер құқығы үшін күресуі керек. Сондықтан мен Орталық Азияда осындай мықты көшбасшы әйелдер тобын құрғаныма өте қуаныштымын, – деді Тери Хакала. Еуропалық делегация құрамында Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы саяси кеңесшісі Феликс Шейфер, Қазақстан Республикасындағы ЕО Елшісі Кестутис Янкаускас және Қазақстан Республикасындағы ЕО Тұрақты Өкілдігінің атташесі Эдвардас Александрас та келді. Қазақстан тарапынан кездесуге Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Татьяна Савельева мен Мәжіліс Аппаратының халықаралық қатынастар және хаттама бөлімінің меңгерушісі Талғат Қасымбеков қатысты. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту және нығайту туралы келісті.

20.06.2023

Мәжіліс депутаттары «Әйелдер – саяси көшбасшылар» ұйымымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Астана, 20 маусым. Мәжіліс үй. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дания Еспаева «Әйелдер – саяси көшбасшылар» ұйымының президенті әрі негізін қалаушы Сильвана Кох-Меринмен кездесті. Кездесуде Дания Еспаева Сильвана Кох-Меринге кеше ғана өткен Орталық Азия елдері әйелдері диалогының отырысына қатысқаны үшін алғысын білдірді. – Гендерлік теңдік тәуелсіздік алған күннен бастап біздің Үкіметіміз үшін маңызды басымдық болып саналады. Қазақстанда әйелдерге арналған және барлық азаматтың өмір сапасын арттыруға, тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған прогрессивті саясат пен реформалар дәйекті түрде жүргізілуде, – деді Мәжілістің вице-спикері. Өз кезегінде Сильвана Кох-Мерин Қазақстанның гендерлік теңдік мәселелерінде айтарлықтай ілгері басып келе жатқанын атап өтіп, ел басшылығының бастамаларының бүкіл өңір үшін маңыздылығы жоғары екеніне назар аударды.Тараптар Парламент Мәжілісі мен «Әйелдер – саяси көшбасшылар»  ұйымы арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Соның ішінде әлеуметтік-демографиялық саясат саласындағы Еуропалық Одақтың және басқа елдердің, сондай-ақ әйелдердің осал топтарының құқықтарын қорғаудың озық тәжірибесін зерделеу жайы қаралды. Жоғары лауазымдардағы әйелдердің санын арттыруға және олардың әлемдік деңгейдегі халықаралық мәселелерді шешуге ықпалын кеңейтуге бағытталған «Women Political Leaders» халықаралық үкіметтік емес ұйымы саясаткер әйелдердің ең ірі желісі болып саналады.2013 жылдан бері ұйым саммиттері Эфиопия, Исландия, Руанда, Латвия, Жапония, Иордания және әлемнің басқа да елдерінде өтіп келеді.

19.06.2023

Ерлан Қошанов Өзбекстанның Олий Мәжіліс Сенатының төрағасын қабылдады

Астана, 19 маусым. Мәжіліс үйі. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Өзбекстан Республикасының Олий Мәжіліс Сенатының төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті. Өзбекстан Сенатының басшысы Астанаға Орталық Азия елдерінің әйелдері диалогына қатысу үшін келді. Кездесуде Ерлан Қошанов Танзила Нарбаеваға Орталық Азия елдері әйелдері диалогындағы Қазақстан төрағалығының басталуына арналған іс-шараға жеке қатысқаны үшін алғысын білдірді. – Осы маңызды алаңды құрудың басы-қасында өзіңіздің болғаныңызды білемін. Ол әйелдердің өңірдегі экономикалық және әлеуметтік өмірге араласуын кеңейтуге бағытталған. Екі жылдан астам уақыт өтті. Қысқа мерзім ішінде Диалог Өзбекстанда ғана емес, біздің өңірдің барлық елінде жұмыс істей бастады. Қазақстанның Диалогқа төрағалығы аясында бірлесіп жұмыс істейміз деген үміттеміз, – деді Мәжіліс спикері. Тараптар гуманитарлық, білім беру, сауда және экономикалық салалардағы ынтымақтастықтың перспективаларын, сондай-ақ Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы аясында әйелдер көшбасшылығын қолдау мәселелерін талқылады. Ерлан Қошанов екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету үшін парламентаралық ынтымақтастықтың әлеуетін белсене пайдалануға шақырды. – Парламент Мәжілісі мен Олий Мәжілістің Заң шығару палатасы арасында Парламентаралық ынтымақтастық кеңесі құрылған. Біз үшін екі жақты кездесулер тәжірибесін жандандырып, заң шығару тәжірибесін зерделеу бойынша тиісті комитеттер деңгейінде өзара сапарлар алмасудың, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық базасын кеңейту бойынша бірлескен жұмыстың маңызы зор, – деді Мәжіліс төрағасы. Өз кезегінде Танзила Нарбаева Қазақстанның ірі халықаралық іс-шаралардың орталығына айналғанын атап өтті, сондай-ақ қазақстандықтарды Президент және Парламент сайлауларының сәтті өтуімен құттықтады. – Саяси жүйенің толық жаңғыруы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын Қазақстан халқы белсене қолдап отырғанын көрсетеді, – деді Өзбекстан Сенатының төрағасы. Сонымен қатар тараптар екі ел Парламенттері депутаттарының қатысуымен өтетін алдағы іс-шаралардың күн тәртібін талқылады. Олардың қатарында 2024 жылы Самарқандта Орталық Азия мемлекеттерінің екінші парламентаралық форумын өткізу, Қазақстан мен Өзбекстан әйелдерінің бизнес-форумын ұйымдастыру бар.

18.04.2023

Мәжіліс төрағасы мен «Шеврон» басшылығы компанияның әлеуметтік жауапкершілігі мәселесін талқылады

Астана, 18 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Шеврон» корпорациясының Еуразиялық бөлімшесінің Басқарушы директоры Дерек Магнессті қабылдады. Тараптар компания жұмысындағы отандық үлесті арттыру және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жөнінде пікір алмасты. Мәжіліс спикері корпорация басшылығын Қазақстандағы қызметінің 30 жылдығымен құттықтап, «Шеврон» еліміздегі ірі шетелдік инвестор екенін атап өтті. Ерлан Қошанов Қазақстан Президентінің, Үкімет пен Парламенттің басты міндеті – ұлттық мүдделердің сақталуын ескере отырып, шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау екенін айтты. Осыған байланысты «Шеврон» компаниясына бірқатар ұсыныс берді. Атап айтқанда, атмосфераға тарайтын зиянды қалдықтарды азайту, мұнай химиясын дамыту, мұнай мен газ өңдеуді күшейту. – Қазақстандық үлесті арттыруға баса назар аударып, жергілікті өнімді сатып алу маңызды. Жергілікті сервистік компанияларды тарту керек. Біздің елімізде дамыған және бәсекеге қабілетті бизнес бар. Олар озық халықаралық стандарттар деңгейінде жұмыс істей алады. Бүгінде бұл бағытта біраз жұмыс атқарылып жатыр. Дегенмен, ауқымды резервтер бар. Бұдан барлық тарап ұтылмайды деп ойлаймын, – деді Мәжіліс спикері. Ерлан Қошанов жуырдағы сайлау науқаны кезінде депутаттардың Қазақстанның батыс облыстарындағы тұрғындармен өткен кездесуінде көтерген түйткілді мәселелерге де толығырақ тоқталды. Соның бірі – Атырау облысының Доссор елді мекеніндегі және Құлсары қаласындағы апатты жағдайдағы тұрғын үй мәселесі мен халықты әлеуметтік қолдау. Бұдан бөлек, қазақстандық жұмысшыларға лайықты жағдай жасап, әділ еңбекақы төлеу, вахта мерзімін қысқарту, жергілікті кадрларды даярлауды күшейту мәселесі де кеңінен қозғалды. – Бүгінде елімізде мұнай-газ саласында білікті мамандар жетерлік. Біраз жерлесіміз шетелдің беделді оқу орындарында білім алып, трансұлттық компанияларда тәжірибе жинақтады. Осыған байланысты жергілікті мамандарға шетелдік әріптестермен бірдей жалақы төлеп, оларға сенім артуларыңызды сұраймыз, – деді Палата төрағасы. Өз кезегінде, Дерек Магнесс компанияның ең басты ресурсы адам екенін атап өтті. Ол жергілікті кадрларды дамытуға инвестиция салуға, сондай-ақ компания орналасқан осы аймақтың дамуына қолдау көрсетуге дайын екендігін айтты. Ол Мәжіліс Төрағасына компанияның депутаттар тарапынан айтылған барлық ұсыныстарға мұқият қарайтынын жеткізді. Сөз соңында Ерлан Қошанов «Шеврон» компаниясының басшылығын жергілікті тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге және аймақты дамытуға белсене атсалысуға шақырды. Кездесуге Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов (Атырау облысы), Еділ Жаңбыршин (Маңғыстау облысы) қатысты.

18.04.2023

Айгүл Құспан ТМД ПАА Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясын басқарады

Астана, 12 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД Парламентаралық Ассамблеясының отырыстарына қатысты. ТМД ПАА елу бесінші жалпы отырысында ТМД елдерінің экология және табиғатты пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық базасын жетілдіру мәселелері, сондай-ақ осы саладағы заңдардың жаңа үлгісі талқыланды. Кеңес отырысының тақырыбы 2022 жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы мен 2023 жылдың наурызындағы парламент сайлауын бақылауға қатысқан Ассамблея халықаралық байқаушыларының нәтижелеріне арналды. Сонымен қатар жиынға қатысушылар ұйымның өткен жылғы жұмысын қорытындылап, тұрақты комиссиялардың төрағаларын сайлады. Дауыс беру нәтижесінде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан ТМД ПАА Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясын басшысы болды.

17.04.2023

Ерлан Қошанов БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісімен кездесті

Астана, 17 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енчаны қабылдады. Кездесуде Қазақстанның Орталық Азия елдері әйелдерінің Диалогына төрағалық ету аясындағы іс-шаралар жоспары, сондай-ақ Мәжіліс пен БҰҰ Орталық Азиядағы превентивтік дипломатия жөніндегі аймақтық орталығы арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Ерлан Қошанов БҰҰ-мен ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатындағы басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Үш жыл бұрын орталықтың қолдауымен Орталық Азиядағы әйелдер диалогы жұмыс істей бастады. Биыл оған Қазақстан төрағалық етіп отыр. – Біз әйелдердің барлық салаға қатысуы және оларды қолдау бойынша Қазақстан тәжірибесімен бөліспекпіз. Қазақ қоғамындағы әйел тек дәстүр мен отбасы ошағын сақтаушы ғана емес, сондай-ақ ол еліміздің қоғамдық-саяси және экономикалық өміріне белсене араласады. Осы ерекшеліктерді ескере отырып, 2023 жылға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Онда халықаралық конференциялар, дөңгелек үстелдер, халықаралық форумдар аясында кездесулер өткізу көзделген. Ондағы мақсат – Орталық Азия елдері арасында әйелдердің аймақ өміріне белсене араласуына ықпал ету үшін тәжірибе алмасу, заңнамалық қолдау болмақ, – деді Мәжіліс Төрағасы. Қазақстан төрағалығы осы жылы мамыр айының соңында салтанатты түрде басталады. Бұл іс-шарада Орталық Азияның барлық елінің қатысуымен инновациялық және технологияларды дамыту саласындағы озық тәжірибелер ұсынылады. – Жалпы Қазақстанның Орталық Азиядағы әйелдер диалогына төрағалық етуі Орталық Азия аймағында гендерлік теңдікке қол жеткізуге және әйелдер құқықтарын кеңейтуге елеулі үлес қосады деп сенеміз, – деді Е.Қошанов. БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Мирослав Енча ұйымның аймақтағы бастамаларына белсене қатысқаны үшін Қазақстанға алғыс білдірді. Әйелдер мен жастарды қолдау аясындағы өзара іс-қимыл еліміздегі барлық мекеме мен ұйымды қамтитынына сенім білдірді. Кездесуге сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Айгүл Құспан мен Снежанна Имашева, БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Строй және БҰҰ Орталық Азиядағы превентивтік дипломатия жөніндегі аймақтық орталығы басшысының орынбасары Армандс Пупольс қатысты. Екіжақты кездесуден соң Мирослав Енча жоғарыда аталған іс-шаралар жоспарын Парламент Мәжілісінің вице-спикері Дания Еспаевамен және Орталық Азия әйелдері диалогына Қазақстан атынан қатысатын палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспанмен толығырақ талқылады.

14.04.2023

Мәжіліске «Bike for Peace» халықаралық антиядролық қозғалысының делегациясы келді

Астана, 14 сәуір, Мәжіліс үйі. Кездесуге Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым, Кенжеғұл Сейтжан, Дәулет Тұрлыханов және «Bike for Peace» ұйымының өкілдері қатысты. – «Bike for Peace» қозғалысы – бейбітшілік пен ядролық қарусыздану жолындағы белсенді күресуші ұйым. Осы ұйым көтерген бейбітшілік құндылықтарын қазақстандықтар да құптайды. Елімізге, оның осы саладағы халықаралық саясатына қолдау көрсеткеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз, – деді Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Айдос Сарым. Сондай-ақ ол Қазақстан жаһандық ядролық қарусызданудың жақтаушысы екенін және барлық елдің жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимін қатаң сақтауын жақтайтынын атап өтті. – Біз Қазақстанға келгенімізге өте қуаныштымыз. Өйткені сіздер ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан алғашқы елдердің бірісіздер. Біздің ұйымның қызметі де осы саладағы саясатпен тығыз байланысты. Сонымен қатар біз бүкіл әлем бойынша тиісті шарттарды ратификациялау бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау мақсатымен де велотурлар ұйымдастырамыз, – деді «Bike for Peace» қозғалысының президенті Торе Нерланд. Талқылау қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға келісті. Кездесуден соң қонақтарға Мәжіліс ғимараты таныстырылды.

07.04.2023

Мәжілісте Қазақстан мен Еуропарламент арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды

Астана, 7 сәуір, Мәжіліс үйі. Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан бастаған мәжілісмендер Еуропарламент депутаты Карстен Люкты қабылдады. Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Айгүл Құспан Қазақстан Еуропарламентпен ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән беретінін, өткен жыл еліміз бен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынаста табысты болғанын атап өтті. Сондай-ақ комитет төрайымы Карстен Лукенің сапары Қазақстанның жаңа тарихындағы бетбұрыс кезеңдердің біріне сәйкес келгенін жеткізді. – Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған терең саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Республикалық референдум нәтижесінде қабылданған заңдар Президенттің өкілеттіктерін биліктің басқа институттарына қайта бөлуге, биліктің өкілді тармағын реформалауға, сайлау жүйесін жетілдіруге, құқық қорғау институттарын нығайтуға және сайлау процесін жаңғыртуға мүмкіндік берді, - деді Айгүл Құспан. Сонымен қатар депутаттар жұмысының маңызды бөлігі сыбайлас жемқорлықпен күрес және капиталды қазынаға қайтару, сот жүйесін толық әділеттілік пен тәуелсіздік үшін реформалау екенін де айтты. Мәжілісмендер Айдос Сарым мен Марат Бәшімов әріптестерінің сөзін Мәжілістің алдағы заң шығару қызметі мен Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету қажеттігі туралы пікірлерімен толықтырды. Еуропарламент депутаты Карстен Луке Мәжіліс депутаттарына саяси реформалар, білім және ғылым, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөнінде бірқатар сұрақ қойды. - Мен үшін кеңседе отырып, құжаттармен ғана жұмыс істеуден гөрі серіктестермен жеке сөйлесу әлдеқайда маңызды. Сондықтан ашықтықтарыңыз үшін рахмет айтамын. Мұндай қарым-қатынас тараптардың бір-бірін көбірек түсінуіне мүмкіндік береді. Жақында тағы жүздесеміз деген үміттеміз. Еуропарламенттің халықаралық істер жөніндегі комитетінің делегациясы тамыз айында Қазақстанға келеді, - деді Карстен Луке. Кездесу қорытындысы бойынша олар парламентаралық ынтымақтастықты нығайту, достық топтар арасындағы өзара іс-қимылды дамыту, жиірек іс-сапарлармен алмасуға келісті. Айта кетейік, биыл Қазақстан мен Еуроодақ дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуын атап өтуде. Осыған орай келесі аптада еліміз Еуропарламентте арнайы көрме өткізеді.

15.12.2022

Мәжіліске Словакияның Қазақстандағы Елшісі келді

Астана, 15 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Мәжіліске Словакия Республикасының Қазақстандағы Елшісі Роберт Кирнаг келді. Елшіні Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан қарсы алды. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту және дамыту мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Словакия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жылға жуықтады. Айгүл Құспан осы жылдар ішінде елдеріміздің ынтымақтастығы нығая түскенін атап өтті. - Біз екіжақты байланыстың қазіргі жағдайы мен болашағын жоғары бағалаймыз. Ол өзара түсіністікпен және ынтымақтастықты нығайтуға бағытталғандығымен ерекшеленді. Елдеріміз арасындағы тұрақты саяси диалогтың жолға қойылғаны қуантады, – деді комитет төрайымы. Сондай-ақ Айгүл Құспан парламенттік дипломатияның Қазақстан-Словакия ынтымақтастығын нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтты. Оған парламентаралық достық топтары ерекше үлес қосып келеді. Өз кезегінде Роберт Кирнаг Словакия үшін стратегиялық серіктес ретінде Қазақстанмен саяси, сауда-экономикалық қатынастарды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Елші сонымен қатар Словакияның Қазақстан жүргізіп жатқан саяси реформаларды қолдайтынын жеткізді.

15.12.2022

Мәжілісте Қазақстанның Португалиямен және Алжирмен ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Астана, 15 желтоқсан, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілісте Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан бірқатар халықаралық кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Португалия Республикасының Қазақстандағы елшісі Мария де Фатима Велез де Андраде Мендешпен, сондай-ақ Алжир Халық Демократиялық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Камал финишпен елдер арасындағы екіжақты қатынастарды дамыту және нығайту мәселелерін талқылады. Айгүл Құспанның айтуынша, Қазақстан саяси диалогты одан әрі тереңдетуге, іс-сапарлар алмасуға, мәдени, сауда және экономикалық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ Португалиямен инвестициялық ынтымақтастықты арттыруға ынталы. Осы орайда: – Екі елдің Сыртқы істер министрліктері арасында бірлескен іс - қимыл жоспарын қабылдау және Португалияның Астанадағы елшілігінде консулдық бөлім ашу осы мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етеді, – деп атап өтті Комитет төрайымы. Қазір бірқатар екіжақты келісімдердің жобалары қаралуда. Соның ішінде, экономикалық және техникалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссия құруды көздейтін, сондай-ақ Қазақстан-Португалия іскерлік кеңесін құру үшін алғышарттар жасайтын шартқа қол қоюға басымдық беріліп отыр. Қазақстан сондай-ақ Алжирмен саяси, сауда-экономикалық, гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Мәжіліс депутатының айтуынша, бұл жолда Астанада АХДР Елшілігінің ашылуы маңызды қадам болды. Қазақстан Алжирді Африка құрлығында және араб әлемінде өзінің сенімді және сындарлы серіктесі ретінде қарастырады. Біздің елдеріміздің халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша ұстанымдары сәйкес келеді. Екіжақты қарым - қатынаста қалыптасу кезеңі сәтті өтті, біз ынтымақтастықтың сапалы жаңа деңгейіне өттік, – деді Айгүл Құспан. Тараптар екіжақты ықпалдастықты одан әрі нығайтуға уағдаласты.

13.12.2022

Мәжіліс төрағасы Пәкістан Ислам Республикасына ресми сапармен барды

Исламабад, 13 желтоқсан. Пәкістан Ұлттық Ассамблеясының спикері Раджа Первез Ашрафтың шақыруымен Қазақстан Парламенті Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов бастаған делегация Исламабадқа барды. Сапар барысында Ерлан Қошанов Пәкістан Ұлттық Ассамблеясының спикері РаджаПервез Ашрафпен кездесіп, екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Мәжіліс спикері әріптесін Пәкістан Тәуелсіздігінің және Парламентінің 75 жылдығымен құттықтады. Бауырлас елге бақ-береке тілеп, Пәкістан Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды серіктесі екенін атап өтті. Биыл елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толды. Осы уақыттың ішінде Қазақстан мен Пәкістан жан-жақты ынтымақтастық орнатып, біраз табысқа қол жеткізді,– деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс Төрағасы қазіргі таңда Қазақстанда маңызды тарихи оқиғалар болып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауқымды саяси реформалар жүргізіліп жатқанына назар аударды. – 20 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланды. Келесі жылы Парламент сайлауын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – біздің еліміздегі парламентаризмнің даму тарихындағы жаңа кезең. Жаңа заңнамаға сәйкес саяси партияларды тіркеу рәсімдері едәуір жеңілдеді. Нәтижесінде сайлаудан кейін Мәжілісте саяси партиялардың саны артады деп ойлаймыз. Бұл Парламенттің қоғамдағы рөлі мен беделін нығайтуға септігін тигізеді, – деді Ерлан Қошанов. Өз кезегінде, Пәкістан Ұлттық Ассамблеясының спикері Раджа Первез Ашраф парламенттік дипломатияның маңыздылығына тоқталды. – Парламентаралық ықпалдастық жалғаса береді. Біздің әлеуетіміз зор. Энергетика, қауіпсіздік, азық-түлік, әскери саладағы әріптестікті дамыта аламыз. Сонымен бірге бауырлас халықтарымыздың достығын нығайту маңызды. Біздің мақсатымыз – Орталық Азия елдерімен байланысты күшейту, – деді Раджа Ашраф. Қазіргі уақытта екі ел парламенттерінің байланысы жан-жақты дамып келе жатыр. «Қазақстан-Пәкістан» достық тобы табысты қызмет етуде. Бүгін екі ел депутаттары парламентаралық ынтымақтастықты арттыруға бағытталған осы топтың алғашқы отырысына қатысты. Басқосуда достық топтар мен комитеттерзаңнама саласында тәжірибе алмасу жөнінде келісті. Сапар аясында Ерлан Қошанов Пәкістанның Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен кездесті. Онда Мәжіліс төрағасы Пәкістан Премьер-министріне Қазақстан Президентінің ыстық сәлемі мен зор ықыласын жеткізді. – Сіздің Қасым-Жомарт Тоқаевпен қысқа уақыттың ішінде екі рет кездесуіңіз елдеріміздің достығын тереңдетіп, байланысымызды арттыра түсуде. Осындай жоғары деңгейдегі қатынастарымыздың жалғасы ретінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы уақытта Исламабадқа ресми сапары жоспарланып отыр. Бұл сапар достас елдер арасындағы тығыз қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, одан әрі дамуына зор серпін беретініне сенімдімін, – деді Мәжіліс спикері. Ерлан Қошанов Пәкістан мемлекеті Қазақстан Тәуелсіздігін ең алғашқылардың бірі болып таныған ел екенін ерекше атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас жыл санап артып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 100 миллион долларға жуықтады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе ұлғайып отыр. Пәкістан Премьер-министрі Шехбаз Шариф екі жылда Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-саттықты екі есе арттырға мүмкіндік бар екеніне баса мән берді. – Бүгінгі Ұлттық Ассамблеяның спикерімен кездесуіңіз табысты болды деп ойлаймын. Парламенттеріміздің байланысы нығайып, экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге барлық мүмкіндік бар. Әсіресе, сауда-саттық, логистика, ауыл шаруашылығы, білім мен ғылым саласындағы серіктестіктің әлеуеті зор. Президент Тоқаевқа менің ыстық сәлемімді жеткізуіңізді сұраймын. Алдағы кездесуімізді асыға күтемін және жемісті өтетініне кәміл сенемін, – деді Шехбаз Шариф. Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы Пәкістан Президенті Ариф ур-Рехман Алвимен және Пәкістан Сенатының төрағасы Мухаммад Садик Санджранимен жеке-жеке кездесті. Мәжіліс төрағасы 230 миллионнан астам халқы бар Пәкістан нарығы Қазақстан үшін үлкен қызығушылық тудырып отырғанына мән берді. – Пәкістанның теңіз порттарына шығу еліміз үшін тиімді болар еді. Біз астық, энергоресурстар және басқа да тауарларды экспорттау мүмкіндігін пысықтап жатырмыз. Бізге өңірлік транзиттік және логистикалық инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор, – деді Ерлан Қошанов. Сондай-ақ кездесулерде халықаралық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Тараптар достық байланыстарқос ел көшбасшыларының өзара тиімді ықпалдастығының жемісі екеніне назар аударды. Екіжақты байланысты күшейтуге бағытталған бұл жұмыстар Парламент деңгейінде қызу жалғасады.

08.12.2022

Өзбекстаннан келген медиа-заңгерлер Мәжіліс жұмысымен танысты

Астана, 8 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте «Құқықтық медиа орталық» қоғамдық қоры Internews Network-тың Қазақстандағы өкілдігімен бірлесіп ұйымдастырған тағылымдама аясында өзбекстандық медиа-заңгерлерге арналған экскурсия өтті. Өзбекстаннан келген қонақтарды Мәжіліс депутаттары Дмитрий Колода мен Игорь Панченко қарсы алды. Олар бірлескен және жалпы отырыс залдарын аралап, Палатадағы заң шығару жұмыстарымен танысты. «Құқықтық медиа орталықтың» заңгері Гүлмира Біржанованың айтуынша, тағылымдамадан өтушілер медиа саласындағы заңнаманы дамытуға қызығушылық танытып отыр. – Парламенттегі ашықтық деңгейінің жоғарылығы маған ерекше әсер етті. Шетелдік сарапшылар ретінде біз Мәжіліске келіп, депутаттармен тікелей байланыс жасадық. Оларға сұрақтарымызды қойып, кәсіби қызметімізге қажетті қызықты әрі маңызды ақпарат алдық. Бұл тәжірибені Өзбекстанға да енгізу керек деп ойлаймын, – дейді тағылымдама қатысушысы Мәдина Тұрсынова. Жұмыс топтарындағы заң жобаларын талқылаулар жұртшылықтың қатысуымен өтетіні, жоба мәтіндері мен салыстырмалы кестелер және басқа да құжаттардың ресми сайттағы қолжетімділігі – Палата жұмысындағы қонақтарды таң қалдырған жайттардың бірі болды.

05.12.2022

Ерлан Қошанов ҰҚШҰ елдеріне терроризмге қарсы іс-қимыл туралы модельдік заң қабылдауды ұсынды

Мәскеу, 5 желтоқсан. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақстанның парламенттік делегациясы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік Ассамблеясының кезекті отырысына қатысу үшін Мәскеуге жұмыс сапарымен барды. Кеңестің бірлескен отырысына және ҰҚШҰ ПА XV пленарлық отырысына қатысушылар Армения Республикасының 2021-2022 жылдардағы Ұйымға төрағалығының қорытындылары мен Беларусь Республикасының алдағы төрағалығы кезіндегі басымдықтары туралы ақпаратты тыңдады. Мәжіліс спикері өз сөзінде өңірде тұрақтылық пен қауіпсіздікке нұқсан келтіретін түрлі қауіп-қатерлер мен қақтығыстардың өзекті болып отырғанына назар аударды. Мұндай жағдайларда ашық диалогтың маңыздылығын Қазақстан Президенті талай мәрте атап өткен болатын. Е.Қошановтың айтуынша, осы тұста ҰҚШҰ елдері парламенттеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Отырыс барысында Мәжіліс Төрағасы Ұйымға мүше елдердің терроризммен күрес саласындағы ұлттық заңнамаларын үйлестіруге мүмкіндік беретін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» жаңа модельдік заңын әзірлеуді ұсынды. – Терроризм қауіпсіздік пен тұрақтылыққа үлкен қауіп төндіреді. Ол заңсыз көші-қонның, трансшекаралық қылмыстың, заңсыз қару-жарақ пен есірткі тасымалының артуына ықпал етеді. Бізге осы сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұрудың нақты құқықтық тетіктерін қалыптастыратын ҰҚШҰ елдерінің модельдік заңнамасының сапалы базасын қамтамасыз ету керек, – деді Е.Қошанов. Отырыста Ұйымға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасын жақындастыру және үйлестіру бойынша ҰҚШҰ ПА-ның қолданыстағы іс-шаралар бағдарламасын іске асыру аясында бірқатар модельдік құқықтық акті қабылданды. Соның ішінде отын-энергетикалық кешен объектілерінде терроризмге қарсы іс-қимыл, халықаралық терроризмнің ҰҚШҰ елдеріне енуі мүмкін арналарға тосқауыл қою, ҰҚШҰ модельдік актілерін қабылдау үшін әзірлеудің және дайындаудың әдістемелік негіздерін жетілдіру бойынша ұсынымдар бар. Сонымен қатар отырыстың күн тәртібіндегі мәселелердің бірі биылғы 20 қарашада өткен Қазақстандағы президенттік сайлауды бақылауға қатысқан ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы мониторингтік тобының қорытындылары туралы болды. ҰҚШҰ ПА миссиясының қорытындысына сәйкес, сайлау халықаралық нормалар мен ұлттық заңнамаға толығымен сәйкес өтті. Айта кету керек, ҰҚШҰ ПА құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан парламенттерінің өкілдері кіреді. Онда әлеуметтік-экономикалық және құқықтық мәселелер, саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері бойынша үш тұрақты комиссия жұмыс істейді.

15.11.2022

Мәжіліс Қазақстан мен Молдова арасындағы парламентаралық байланысты одан әрі нығайтуға келісті

Астана, 15 қараша, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан Молдова Республикасының Қазақстандағы жаңадан тағайындалған Елшісі Лилиан Дариймен кездесті. Онда елдер арасындағы екіжақты және парламентаралық ынтымақтастықты нығайту және дамыту мәселелері талқыланды. Кездесуді ашқан Айгүл Құспан Лилиан Дарийды Қазақстандағы Елші қызметіне тағайындалуымен, сондай-ақ Молдованың ЕО мүшелігіне үміткер мәртебесін алуымен құттықтады. Депутат елдер парламенттері арасындағы жемісті ынтымақтастыққа қазақстандық тараптың дайын екенін жеткізді. – Біз парламентаралық байланысты нығайтуды мақсат етіп отырмыз, өйткені, байқағанымдай, парламентарийлер екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға елеулі үлес қоса алады. Спикерлердің сапарлары аясында да, сондай-ақ достық топтары және тиісті комитеттер мен комиссиялар арқылы да араласуға болады, – деді А.Құспан. Лилиан Дарий, өз кезегінде, Орталық Азия ол үшін таныс аймақ екенін, Қазақстанға жиі келетінін атап өтіп, өзінің жаңа мәртебесінде табысты жұмыс атқаратынын жеткізді. – Қазақстан – біз үшін өте маңызды серіктес. Қазіргі аймақтық жағдайға қарасақ, менің ойымша, Орталық Азия аймағының және ең алдымен Қазақстанның энергетика саласындағы рөлі артады деп ойлаймын. Біз Молдоваға көмірсутектер мен мұнай өнімдерін жеткізу үшін көлік дәліздерін әртараптандыруға ниеттіміз. Елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастықтың келешегі бар. Бұл ретте біз Қазақстанның ұстанымы мен сыртқы саясатын жоғары бағалаймыз, – деді елші өз сөзінде. Кездесу нәтижесінде тараптар Қазақстан мен Молдова арасындағы екіжақты ынтымақтастық аясында парламентаралық байланысты одан әрі нығайтуға келісті.

28.10.2022

Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан ТМД ПАА іс-шараларына қатысты

Астан, 28 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан 27-28 қазанда Самарқанд қаласында (Өзбекстан Республикасы) өткен ТМД Парламентаралық Ассамблеясының іс-шараларына қатысты. Айгүл Құспан жетекшілік еткен саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Тұрақты комиссияның отырысында депутаттар ТМД мемлекеттеріндегі сайлау процестерін заңнамалық қамтамасыз ету, сайлау, референдум туралы үлгілік заңдар және олардың мониторингі мәселелерін талқылады. ТМД ПАА Кеңесінің отырысында делегация басшылары қауіпсіздік, экономикалық даму, мемлекеттік құрылыс, білім беру, мәдениет, ақпарат және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін қарастырып, ТМД кеңістігіндегі сайлау науқандарының мониторингі туралы ақпаратты тыңдады. 54-жалпы отырыста парламентшілер экономика, құқықтық және гуманитарлық салалардағы бірқатар үлгілік заң мен ұсынымдық құжаттарды, 2023-2025 жылдарға арналған үлгілік заң шығарудың ұзақ мерзімді жоспарын және Ассамблеяның келесі жылға арналған жұмыс жоспарын қабылдады.