Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер

Халықаралық қызмет


28.06.2022

Ерлан Қошанов Қытай Парламентінің Спикері Ли Чжаньшумен келіссөз жүргізді

Нұр-Сұлтан, 28 маусым, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов Қытай Халық Республикасының Халық өкілдері Бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшумен бейнебайланыс арқылы келіссөз жүргізді. Тараптар екіжақты қатынастарды, соның ішінде заң шығарушы органдар арасындағы өзара байланысты тереңдету жөнінде пікір алысты. Ли Чжаньшу Ерлан Қошановты Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы лауазымына сайлануымен құттықтай келе, ыңғайлы уақытта Қытай еліне ресми сапармен келуге шақырды. – Осы жылдар ішінде біз стратегиялық және сенімді қарым-қатынас орнаттық. Жоғары деңгейдегі тұрақты диалог соның берік негізіне айналды. Осының барлығы елдеріміздің көшбасшыларының шынайы достығы мен сенімді қатынастарының нәтижесі екені сөзсіз, – деді Мәжіліс Спикері. Өз кезегінде Л.Чжаньшу екіжақты байланыс жоғары деңгейде дамып келе жатқанын және мемлекетаралық қатынастардың жарқын үлгісіне айналғанын атап өтті. Ерлан Қошановтың айтуынша, геосаяси сын-қатерлерге және күрделі халықаралық жағдайға қарамастан Қазақстан Қытайдың сенімді серіктесі болып қала бермек. Мәжіліс Төрағасы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның басшылығымен мемлекет зор табыстарға қол жеткізгенін және әлемдегі екінші ірі экономикаға айналғанын атап өтті. Ерлан Қошанов Ли Чжаньшуды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жүйені жаңғыртуға және елді дамытуға бағытталған ауқымды реформалары туралы хабардар етті. Ли Чжаньшу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен саяси тұрақтылық сақталып, Қазақстан халқының тұрмыс деңгейі мен халықаралық аренадағы беделі артып келе жатқанын айтты. Тараптар бірқатар халықаралық ұйымдар шеңберіндегі парламентаралық ықпалдастық мәселелерін талқылап, елдеріміздің «Бір белдеу – бір жол» бастамасын бірлесе жүзеге асыру аясында ықпалдастыққа дайын екенін атап өтті. Бұл ретте Ерлан Қошанов цифрландыру, «жасыл технологиялар» және инновациялар салаларында ірі бірлескен жобаларды іске асыру үшін «Цифрлық Жібек жолы» және «Жасыл Жібек жолы» бастамалары уақыт талабына сай жасалған қадам екенін айтты. Тараптар трансшекаралық өзендерді бірлесе пайдалану мәселелерін талқылап, олардың экожүйелерін сақтау және сол бойынша тиісті келісімге қол қоюды жеделдетуге қатысты бірлескен жұмысты күшейту қажеттілігі туралы ортақ пікірлерін жеткізді. Осы орайда Ли Чжаньшу мырза келешекте өзара түсіністік негізінде біздің ортақ трансшекаралық Ертіс өзені достық пен ынтымақтастық көпіріне айналатынына сенім білдірді. Сондай-ақ Парламент спикерлері Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық серіктестікті дамыту мәселелерін талқылады.

24.06.2022

Ерлан Қошанов Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының ХІ пленарлық отырысына қатысты

Қырғыз Республикасы Чолпон-Ата қаласы. 24 маусым. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бауырлас қырғыз елінің Чолпон-Ата қаласында өткен «Парламенттік дипломатия – сенім мен әріптестіктің негізі» тақырыбындағы ТүркПА-ның ХІ пленарлық отырысына қатысты. Алдымен ұйымға мүше елдер Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия Парламенті жетекшілері ТүркПАның Кеңесі отырысында бас қосты. Тараптар түркі әлемінің болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Ерлан Қошанов қырғыз әріптестеріне қонақжайлылығы мен іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдіріп, жиынның түркі мемлекеттері арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келгеніне назар аударды. Сонымен бірге еліміздің осы ұйымға төрағалығы аясында атқарған жұмысын қорытындылап, 2022 жылға арналған іс-шаралар жоспарының толық орындалғанын атап өтті. «Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістандағы басқосудан бері бір жылдай уақыт өтті. Қазақстанның төрағалығы кезеңінде тараптардың атсалысуымен Ассамблеямыздың жұмысы жүйелі және қарқынды түрде жалғасын тапты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың түркі мемлекеттерімен қарым-қатынасты дамытуға ерекше көңіл бөлуде», – деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс Спикері төрағалық кезеңде атқарылған жұмыс түркі елдерінің бірлігін бекемдеп, ТүркПА-ның беделін арттыруға, ықпалын күшейтуге бағытталғанын айтты. Сонымен қатар басқосуда Палата Спикері Қазақстанда өткен референдум кезіндегі ТүркПА-ның бақылау миссиясының белсенді қатысқаны және науқанға шынайы баға бергендері үшін ризашылығын білдірді. ТүркПА миссиясының жетекшісі референдум барлық озық халықаралық демократиялық стандарттарға толық сәйкес өткенін атап өтті. Жиында ұйымда төрағалық ету мәртебесі Қазақстан Парламентінің Төрағасынан Қырғыз Парламенті басшысына салтанатты түрде тапсырылды. Сонан соң ТүркПА-ға мүше елдер Парламенттерінің жетекшілері бірлестіктің ХІ пленарлық отырысында бас қосты. Оған қонақ ретінде келген Өзбекстан мен Түркіменстан Парламент басшылары мен бақылаушы мәртебесіне ие Мажарстан Парламентінің делегациясы да қатысты. Отырыста сөз сөйлеген Ерлан Қошанов түркі мемлекеттері арасындағы интеграциялық үдерістер жоғары деңгейде дамып келе жатқанын, сонымен бірге парламентаралық ынтымақтастықты тереңдетудің мәні зор екенін атап өтті. «Біз, парламентарийлер, мемлекет басшыларымыздың бастамасына сәйкес ТүркПА-ның да атауын «Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы» – деп өзгерткелі отырмыз. Бұл ребрендинг, бұл жаңару біздің Ассамблеяның жаңа форматта жан-жақты дамуына ықпал етері сөзсіз. Біздің мүддеміз ортақ. Басты мақсатымыз Еуразия кеңістігінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтай отырып, мызғымас берік байланыстарды дамыту. Парламенттік дипломатияның халықаралық саясаттағы орны ерекше. Бүгінде оның мүмкіндіктерін түрлі халықаралық платформаларда ортақ мүдделерімізді ілгерілету және түркі әлемінің бірлігі мен ынтымағын арттыру үшін пайдалану өте маңызды», – деді Мәжіліс Спикері. Ерлан Қошанов Мәжіліс депутаттары парламенттік дипломатия арқылы түркі халықтарының бірлігін нығайту жолында бірлесіп еңбек етуге дайын екенін айтты. Пленарлық отырыста Түркі ынтымақтастығын дамытуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылып, ұйымның 2028 жылға дейінгі стратегиялық жоспары мақұлданды. Бірлестікке мүше елдердің ұлттық заңнамаларын жақындастыруға бағытталған әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша модельдік заң қабылданды. Ол Қазақстан Парламентінің бастамасымен әзірленді. Сонымен қатар құрылтайшы парламенттер басшылары Ассамблеяның атын «Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы» деп өзгерту жөнінде құжатқа қол қойылды. Жиын соңында Чолпон-Ата декларациясы қабылданды. ТүркПА-ның келесі ХІІ пленарлық отырысы 2023 жылы Түркияда өтеді. Отырыс аясында делегация басшылары Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен кездесті. Онда Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов ұйымның қызметі жайлы мәлімет беріп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ ұйымға мүше елдер арасында саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыс нығайып келе жатқанын атап өтті. Бұдан бөлек, Ерлан Қошанов Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Талант Мамытовпен және Әзербайжан Милли Меджлисінің Төрайымы Сагиба Гафаровамен жеке дара кездесті. Онда парламентаралық диалогты нығайту мәселелері талқыланды.

17.06.2022

Е. Қошанов түркі мемлекеттері Парламенттерінің жастар тобымен кездесті

Нұр-сұлтан, 17 маусым, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері, ТүркПА-ның іс басындағы төрағасы Ерлан Қошанов жастар қанатының алғашқы отырысына қатысуға келген Жас парламентарийлермен кездесті. Мәжіліс Төрағасы өз сөзінде Қазақстан бастамасымен құрылған Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының маңыздылығына және түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығын тереңдету жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Е. Қошанов биыл елдеріміз арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толғанын айтып: - қазіргі уақытта біздің мемлекеттер басшыларының күш-жігерінің арқасында елдер арасындағы қатынастар барлық салаларда өте жоғары деңгейде дамуда. Қазақстан президенті Қасым - Жомарт Кемелұлы Тоқаев түркі мемлекеттерімен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөледі, - деді. Мәжіліс Төрағасы түркі елдері арасындағы тығыз байланысты тереңдетуде Парламенттердің рөлінің зор екенін алға тартып, жас парламентарийлер тобының құрылуы және олардың алғашқы отырысы түркі тамырластығы үшін тарихи оқиға деп бағалады. Ерлан Қошанов жас депутаттарды Қазақстанда жүргізіліп саяси өзгерістер мен жақында өткен Республикалық референдумның маңыздылығы туралы хабардар етті. Жүздесуде әзербайжандық және түркиялық жас депутаттар сөз алып, жоғары деңгейдегі кездесу үшін ыстық ықыластарын білдіре келіп, елдеріміз арасындағы ынтымақтастық үшін жастық жігерлерін аяямайтындықтарын жеткізді. Жастар тобы алғашқы кездесулерінде «Балалар мен жастар – ақпараттық технология дәуіріндегі түркілердің болашағы» тақырыбында кең көлемде талқылау өткізбек.

14.06.2022

Екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Нұр-сұлтан, 14 маусым, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжіліс депутаттары Айгүл Құспан мен Айдос Сарым Лихтенштейн Парламентінің сыртқы саяси комиссиясының төрағасы Манфред Кауфманмен кездесу өткізді. Парламент өкілдерінің бейнеконференция форматындағы кездесуі Қазақстан мен Лихтенштейн арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 15 жыл толу қарсаңында өтті. - Бұл парламентаралық диалогқа қосымша серпін беретін және ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша екіжақты қатынастардың дамуына ықпал ететін ерекше кездесу, - деді Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан. Одан әрі А. Құспан Қазақстан Еуропа Кеңесі мен ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеяларымен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға және қазіргі өзара іс-қимыл тетіктерін кеңейтуге зор мән беріп отырғанын атап өтті. Екіжақты ынтымақтастық мәселелеріне баса назар аудара келіп, 2012 жылдан бастап біздің еліміз толыққанды мүшесі саналатын "құқық арқылы демократия үшін" Еуропалық комиссия (Венеция комиссиясы) шеңберіндегі ықпалдастыққа көңіл бөлді.

10.06.2022

Мәжілісмендер ТМД – ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық жастар форумына қатысты

Нұр-сұлтан, 10 маусым, Мәжіліс Үйі. Мәжіліс депутаттары Вера Ким мен Мәди Ахметов Санкт-Петербург қаласындағы ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық жастар форумының жұмысына қатысуда. "Жас парламентшілер – Достастық болашағына көзқарас" тақырыбындағы Форум ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының 30 жылдығына және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Жастар ассамблеясының 10 жылдығына орайластырылған. Отырыс барысында Мәжіліс депутаты Вера Ким Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың ТМД форумының қатысушыларына жолдаған лебізін жеткізді. Онда Мәжіліс төрағасы жас парламентшілер ТМД кеңістігінде демократиялық құндылықтарды ілгерілетуде маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өткен. Отырыс барысында Вера Ким сөз сөйлеп, жастардың ТМД-дағы мәдени мұраны сақтау, халық шығармашылығын дамыту, этносаралық қатынастарды қалыптастыру бағытындағы мүмкіндіктеріне тоқталып, қазақстандық жастардың әлеуетіне баса назар аударды. Мемлекеттік деңгейде қолдау шараларына тоқталды. Одан әрі депутат ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жастар ұйымдарының волонтерлік қызмет бойынша іс-қимылына да көңіл бөлді.

09.06.2022

ТүркПА-ның құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар комиссиясының отырысы өтті

Нұр-сұлтан, 9 маусым, Мәжіліс Үйі. Мәжіліс депутаты, түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясы төрағасының орынбасары Сауытбек Абдрахманов бүгін онлайн форматта өткен комиссияның 9-шы отырысына қатысты. Форумға қатысушылар сыртқы саяси өзара іс-қимылдағы түркі мемлекеттері парламенттерінің рөлін талқылады. Сауытбек Абдрахманов өз сөзінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы - ТүркПА-ның қазіргі төрағасы Ерлан Қошановтың отырысқа қатысушыларға арнаған жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасының тапсырмасы бойынша отырысқа қатысушылар ТүркПА-ны түркі мемлекеттерінің парламенттік ассамблеясы деп қайта атау туралы мәселені талқылап, оны осы жылы маусым айының соңында Қырғызстанда өтетін ұйымның пленарлық отырысының қарауына енгізуді ұсынды. Күн тәртібіндегі мәселенің маңыздылығын айта келе, С. Абдрахамнов депутаттардың халықаралық форумдар мен іс-шараларға белсенді қатысуы парламенттік жұмыс пен дипломатияның ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Депутат парламенттік дипломатия үкіметтің дипломатиясын күшейте алалатынын, сыртқы істерде жүзеге асырылатын дәстүрлі дипломатияны толықтырып, байытатынын және дипломатияның балама үлгісі ретінде елдер арасындағы екіжақты мәселелерді түзету және шешу үшін жағдай жасап, ынталандыратынын баса айтты. Сонымен қатар, Сауытбек Абдрахманов парламентарийлер арасындағы жеке байланыстар өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етіп, елдер арасында бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнату үшін пайдала балама арналар құруы мүмкін екенін айтты.

09.06.2022

Қазақстан мен Үндістан арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан. 9-маусым. Мәжіліс үйі. Мәжілісте Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Шубдаршини Трипати ханыммен кездесті. Тарап¬тар барлық салада екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың маңызды мәселелерін талқылады. А. Құспан атап өткендей, біздің елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық байланыстың тамыры тереңде жатыр. Қазіргі уақытта қос мемлекет ежелгі сауда және өркениеттік серіктестікті заман талабына сай жаңғыртуға ынталы. Комитет төрайымы Үндістан Қазақстан тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі екенін атап өтті. Бүгінде дипломатиялық қатынастар орнағанына 30 жыл толып отыр. А. Құспан мейманға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде қолға алынып жатқан саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар туралы баяндады. Өз кезегінде Ш. Трипати Қазақстан Үндістанның Орталық Азиядағы сауда және инвестиция саласындағы ірі әріптесі екенін, елдеріміз арасындағы сауда көлемін одан әрі ұлғайтудың әлеуеті әлі де зор екеніне назар аударды.

06.06.2022

Ерлан Қошанов Еревандағы ҰҚШҰ ПА Кеңесінің отырысына қатысты

Ереван, 6 маусым. Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов Еревандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Парламенттік Ассамблеясының іс-шараларына қатысты. Отырыста Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан Парламент жетекшілері осы Ұйым қызметінің өзекті мәселелерін, өңірлік қауіпсіздік саласындағы ахуалын талқылап, алдағы жоспарларды айқындады. ҰҚШҰ ПА Кеңесінің отырысына қатысушылар Қазақстанды еліміздің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумның сәтті өтуімен құттықтады. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов жиналғандарды жалпыұлттық референдумның алдын ала қорытындылары туралы хабардар етіп, ҰҚШҰ ПА миссиясының құрамында референдумды бақылау мақсатымен Қазақстанға өз өкілдерін жібергені үшін Ұйымға мүше мемлекеттердің Парламент жетекшілеріне алғысын айтты. «Алдын-ала мәлімет бойынша 77,2 пайыз қазақстандықтардың конституциялық өзгерістерге дауыс беруі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформалар бағытын қоғамның кең қолдауының айқын дәлелі деуге болады. Мен Қазақстандағы ҰҚШҰ ПА миссиясының байқаушыларымен кездестім. Олардың белсене қатысқаны және шынайы баға бергені үшін ризашылығымды білдіремін», – деді Мәжіліс Төрағасы. Сондай-ақ Ерлан Қошанов жиналғандарға Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның маңыздылығы туралы айтып берді. «Референдум – елімізде өзгерістерге деген қоғам сұранысына нақты жауап. Конституциялық өзгерістерде белгіленген Президент реформалары негізгі үш бағытты қамтиды. Бұл – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайту, азаматтардың мемлекеттікті басқару ісіне қатысуын арттыру, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен тиімділігін арттыру», – деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс Төрағасы армениялық әріптестеріне қонақжайлылығы мен іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыс айта отырып, кездесуді Ұжымдық қауіпсіздік шартына қол қойылғанына 30 жыл толуымен және ҰҚШҰ-ның 20 жылдығымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор екенін айтты. «Өткен жылдар ішінде ҰҚШҰ өзін тиімді халықаралық ұйым ретінде көрсете білді. ҰҚШҰ қызметінің негізгі бағыттарының бірі парламентаралық байланыс. Бұл ұйымның басымдықтарын ескере отырып, ұлттық заңнаманы жүйелі түрде үйлестіруге және парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік берді», – деді Палата Төрағасы. Мәжіліс Төрағасы Ұйымның халықаралық және өңірлік деңгейде қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі бітімгершілік қызметінің әлеуеті жоғары екеніне назар аударды. Өткен жылы мерейтойлық Саммитте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқан ҰҚШҰ-ны БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне қосу туралы ұсынысты жүзеге асыру үшін қазір барлық жағдай жасалғаны ерекше атап өтілді. Бұл қадам ұйымға БҰҰ аясында бейбітшілікті қолдауға бағытталған халықаралық операцияларға қатысуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе, Ауғанстандағы күрделі жағдайдың жалғасуына байланысты өзекті болып отыр. Осыны ескере отырып, Ерлан Қошанов ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алу, содырлар мен радикалды діни ағымдарды ұстанушылардың ҰҚШҰ елдерінің аумағына кіруіне жол бермеу үшін оңтүстік шекараларда Ұйымның жауапкершілік аймағын күшейту маңызды екенін атап өтті. Кеңес отырысында Парламент өкілдері ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің өткен жылғы қыркүйектегі сессиясының шешімдерін іске асыру қорытындыларын және Ұйымның сессияаралық кезеңдегі қызметін талқылады. Сапар аясында Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Армения Республикасы Ұлттық жиналысының Төрағасы Ален Симонянмен кездесті. Онда барлық салалардағы, соның ішінде екі елдің парламенттері деңгейіндегі екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегі талқыланды. Сонымен қатар Ерлан Қошановтың Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Төрағасы Вячеслав Володинмен кездесу барысында Қазақстан-Ресей парламентаралық ынтымақтастығының өзекті мәселелері қаралды. Тараптар тиісті комитеттер мен ынтымақтастық топтары арқылы бірлескен жұмысты күшейтуді, сондай-ақ заң шығару қызметі бойынша тәжірибе алмасуды қолдады. Сонымен бірге ҰҚШҰ елдері парламенттерінің басшылары Армения Премьер-Министрі Никол Пашинянмен де кездесті. Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың делегация басшылары Беларусь Республикасы Ұлттық Жиналысы Өкілдер Палатасының Төрағасы Владимир Андрейченкомен, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Талант Мамытовпен және Тәжікстанның Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен екіжақты кездесулері барысында парламентаралық диалогты нығайту мәселелері талқыланды.

03.06.2022

Мәжіліс Спикері ТүркПА миссиясының байқаушыларымен кездесті

Нұр-Сұлтан, 3 маусым, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы миссиясының байқаушыларымен кездесті. Басқосуға Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Реджеп Шекер, Әзербайжан Республикасы Милли Меджилисінің депутаты Хикмет Мамедов, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Чолпон Султанбекова және ТүркПА Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Эр қатысты. Мәжіліс Спикері бұл кездесудің Қазақстан үшін жауапты әрі тарихи кезеңде өтіп жатқанын атап өтті. «Екі күннен кейін өтетін үлкен саяси науқан – республикалық референдум барысын байқауға арнайы келген ТүркПА делегациясына шын жүректен алғысымды білдіремін. 5 маусымда сіздердің миссия халық белсенділігіне куә болып, әділ бағасын береді деп ойлаймын», – деді Ерлан Қошанов. Өз кезегінде, байқаушылар Конституциялық реформалар Қазақстанның одан әрі дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді. «Демократия – үнемі дамып отыратын процесс. Осы орайда Мәжілістің рөлі ерекше. 1995 жылдан кейін өткізіліп отырған референдумның да маңызы зор деп ойлаймын. Жексенбі күні өтетін науқан Қазақстан халқы және жалпы түркі жұрты үшін жақсылықтың нышаны болады деген сенімдіміз. Бауырлас қазақ елі жарқын болашаққа нық қадам жасайды деп білеміз», – деді Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Реджеп Шекер. Кездесу соңында Ерлан Қошанов көпжақты байланыстарды нығайтуда парламентаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін айтты.

03.06.2022

Мәжіліс Төрағасы ТүркПА-ның Бас хатшысымен кездесті

Нұр-Сұлтан, 3 маусым, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Эрді қабылдады. Кездесу барысында Ерлан Қошанов еліміз тәуелсіздік тарихында жаңа кезеңге қадам басып отырғанын атап өтті. Біздің Президентіміз конституциялық өзгерістерге байланысты референдум өткізу туралы бастама көтерді. Бұл уақыт талабынан және қоғам сұранысынан туындап отырған тарихи шешім. Осыған байланысты елімізге ТүркПА-ның байқаушылары да келді. Бұл жұмысқа өзіңіз де атсалысып отырсыз, – деді Мәжіліс Төрағасы. Өз кезегінде С.Эр алдағы референдумның сәтті өтетініне тілектестік білдіріп, бұл Қазақстанның одан әрі дамуы жолындағы маңызды кезең болатынына сенім білдірді. Біз Қазақстанды Еуразияның жарқыраған жұлдызы деп білеміз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауына өзі атап өткен рефорамалар негізінде Ата заңға өзгерістер енгізілгелі отыр. Сондықтан алдағы референдумның сәтті өтуіне шын жүректен тілектеспін, – деді ТүркПА-ның Бас хатшысы. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Мехмет Эрге республикалық референдум жұмысына қатысуға белсенділік танытқаны үшін ризашылық білдірді. Сонымен қатар кездесуде тараптар Қырғызстанда өтетін ТүркПА-ның ХІ Кеңесі мен жалпы отырысына қатысты мәселелерді талқылады. Аталған жиында ұйымның 2023-2028 жылдарға арналған Стратегиялық жол картасын бекіту жоспарланған.

01.06.2022

ЕҚЫҰ басшысы Қазақстандағы саяси реформалардың ауқымы зор екенін атап өтті

Нұр-Сұлтан, 1 маусым, Мәжіліс үйі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановпен кездесуінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы, Польша Республикасының Сыртқы істер министрі Збигнев Рау мәлімдеді. З.Рау Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституциялық реформаларын іске асыру нәтижесінде Парламенттің рөлі күшейетінін атап өтті. – Қазақстанды ауқымды саяси реформаларды жүзеге асыруда біздің Ұйым мен ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің барлық ресурсы пен тәжірибесін толық пайдалануға шақырғымыз келеді, – деді ЕҚЫҰ төрағасы. Збигнев Рау Қазақстанға ЕҚЫҰ-ның қайта сайланған төрағасы ретінде өңірмен танысуға арналған сапары аясында арнайы келді. Сонымен қатар оның Өзбекстан мен Монғолияға да сапары жоспарлануда. Ерлан Қошанов ЕҚЫҰ төрағасының сапары Қазақстан үшін маңызды саяси оқиға – референдум қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті. Мәжіліс Спикері мұны Мемлекет басшысының реформалары мен жалпыхалықтық референдумды қолдауының дәлелі деп санайды. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ЕҚЫҰ-ның өзара іс-әрекетінің, Қазақстан-Польша екіжақты қатынастарының, соның ішінде екі ел парламенттері арасындағы байланыстың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады. З.Рау өткен ғасырдың 30 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін кезінде Қазақстанға жер аударылған ондаған мың поляктарға қолдау көрсетіп, пана болғаны үшін қазақ халқына алғысын айтты. Сондай-ақ ол Қазақстанда тұратын этникалық поляктардың төл мәдениеті мен тілін үйренуіне барлық жағдай жасалғаны үшін ризашылығын білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық деңгейдегі ынтымақтастықты одан әрі кеңейту туралы келісті.

31.05.2022

Қазақстан мен Литва арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, 31 мамыр, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан мамыр айының 27-31 аралығында Литва Республикасының Вильнюс қаласын жұмыс сапармен барды. Сапар аясында Литва Сеймінің Сыртқы істер комитетінің төрайымы Лайма Андрикенемен кездесу өтіп, тараптар саяси және сауда-экономикалық салалардағы Қазақстан мен Литва арасындағы серіктестіктің өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімінің шеңберінде ықпалдастықты арттыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ А. Құспан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің дамуына және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларымен таныстырып, литвалық депутатты алдағы республикалық референдумның мән-маңызы туралы хабардар етті. Л.Андрикене өз кезегінде, Литва мен Еуропалық Одақ Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге ықылас танытып отырғанына назар аударды. Осы іс-шаралар аясында НАТО Парламенттік Ассамблеясының көктемгі сессиясы өтті. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасындағы саяси реформалар» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған Литва Сеймінің вице-спикерлері, түрлі фракциялар мен комитеттердің өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел барысында литвалықтармен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы, Жаңа Қазақстанның бағыт-бағдары жөнінде кеңінен әңгіме қозғалды.

17.05.2022

Балайым Кесебаева Экономикалық ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының конференциясына қатысты

Нұр-Сұлтан. 17 мамыр. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева Бакуде өтіп жатқан Экономикалық ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының үшінші Бас конференциясы аясында Әзербайжанның Милли Меджлисінің төрайымы Сахиба Гафаровамен кездесті. Жүздесуде бауырлас халықтар арасындағы өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Б.Кесебаева дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жылдың ішінде екі ел арасында сенімді және ашық саяси диалог орнағанын атап өтті. Мәжіліс Төрағасының орынбасары біздің мемлекеттегі Қазақстан Президентінің басшылығымен қолға алынып жатқан ауқымды саяси, әлеуметтік, экономикалық реформаларға тоқталып, Конституциялық өзгерістер енгізуге қатысты бастамаға айрықша назар аударды. – Олардың барлығы, Парламенттің рөлін күшейтуге, сайлау жүйесін жетілдіруге, жергілікті басқару, сот және құқық қорғау органдары жүйесін дамытуға бағытталған, – деді Б.Кесебаева. Тараптар энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы ықпалдастықты, парламентаралық байланысты тереңдету мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, Б.Кесебаева Әзербайжанның Милли Меджлисі төрайымының орынбасары Адиль Алиевпен кездесу өткізді.

29.04.2022

Ерлан Қошанов Корея Республикасының Қазақстандағы елшісімен кездесті

Нұр-Сұлтан. 29 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжілісте Палата Спикері Ерлан Қошанов Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ку Хонг Сокты қабылдады. Кездесуде Мәжіліс Төрағасы Қазақстанның Кореямен екіжақты қарым-қатынасты дамытуға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағана 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде көптеген салаларда қарқынды диалог жолға қойылды. Бұған ең алдымен екі мемлекет басшылары арасындағы қалыптасқан диалогтың нәтижесінде қол жеткізілді. Ерлан Қошанов дипломаттың Қазақстандағы жұмысына сәттілік тілеп, бұл кездесу 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында өтіп жатқанын және елімізде 130-дан астам этнос өкілдері достық пен келісімде өмір сүріп келетінін айтты. - Бұл – еліміздің бірегей артықшылықтарының бірі, – деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс Төрағасы бүгінгі күннің тарихи маңызына да ерекше назар аударды. - Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ассамблеяның кезекті сессиясында жариялаған ел Конституциясын өзгерту бойынша референдум өткізу туралы шешімімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл біздің еліміздегі үлкен саяси өзгерістердің бастауы, – деді Палата Спикері. Ерлан Қошанов Ку Хонг Сокты ел Президентінің Жолдауында айтылған саяси реформаларға байланысты алдағы айтулы өзгерістер жайлы хабардар етті. Осы орайда Мәжіліс спикері қазақстандық Парламент өкілдері күрделі өзгерістерді іске асыру үшін Кореяның заң шығару тәжірибесін зерделеудің маңыздылығын атап өтті. Мәжіліс Төрағасы Корея Республикасымен сенімді және тату көршілік қарым-қатынасқа тоқталып, бұған қазіргі елімізде тұратын этникалық корейлер де септігін тигізіп отырғанын және олардың Қазақстан дамуына зор үлес қосып келетінін айтты. Өз кезегінде дипломат Кореяның Қазақстанмен байланысты арттыруға мүдделі екенін айтып, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Ку Хонг Сок екі ел арасындағы жаңа экономикалық ынтымақтастық бағдарлама аясындағы табысты ықпалдастықты, мәдени-гуманитарлық саладағы зор мүмкіндіктерді атап өтті. Тараптар кең ауқымды мәселелер бойынша парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағытына ерекше мән берді.

28.04.2022

Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан. 27 сәуір. Мәжіліс үйі. Халықаралық істер, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Отто Иван Рона мырзамен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды мәселелерін талқылады. Айгүл Құспан атап өткендей Мажарстан Қазақстанның стратегиялық әріптесі саналады. Биыл екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толды. Комитет төрайымы Қазақтан Мажарстанмен достық байланысты өрара түсіністік пен тиімді ынтымақтастыққа негізделген стратегиялық әріптестік туралы Декларация шеңберінде қарайтынын айтты. Айгүл Құспан мәртебелі мейманға «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар жайлы жан-жақты баяндай келіп, Парламенттің қызметін жаңғыртуға қатысты жаңашылдықтар туралы баяндады. Соның ішінде императивтік мандат, Мәжіліс депутаттарын сайлаудың аралас формасын енгізу, саяси партияларды тіркеу рәсімін жеңілдету, сайлау үдерісін жаңғырту сияқты басқа да жаңа қадамдар туралы мәлімет берді. Өз кезегінде Мәжіліске алғаш келген Отто Иван Рона мырза біздің елдеріміз арасында екіжақты қатынастын әлеуеті зор екенін, соның ішінде парламентаралық әріптестікті одан әрі тереңдетуге барынша ықпал ететінін айтты. Кездесуге сондай-ақ, Мәжілістегі «Қазақстан-Мажарстан» парламентаралық ынтымақтастығының жетекшісі, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Марат Құсайынов қатысты.

25.04.2022

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов пен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары Пиа Каума ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады

Нұр-Сұлтан, 25 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Финляндия Парламентінің депутаты Пиа Каумамен кездесті. Әңгіме барысында Палата Спикері Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген саяси бәсекелестікті одан әрі арттыруға бағытталған саяси реформаларға тоқталды. Президент бастамаларын жүзеге асыру үшін Мәжілісті ауқымды заң шығару жұмысы күтіп тұр. Бұл жұмыстардың барлығы қоғам өкілдерін кеңінен қамти отырып, барынша ашық жүргізіледі. Осы орайда Мәжіліс Төрағасы қазақстандық парламентшілерге саяси және басқа да реформаларды жүргізу бағытында ЕҚЫҰ институттарымен етене ынтымақтастық орнатуға тілектестік білдірді. Палата Спикері парламентаралық ынтымақтастықты ынталандыру туралы айтып, Мәжіліс депутаттары Ұйым аясындағы іс-шараларға, соның ішінде сайлауға байқаушы ретінде қатысып келе жатқанына назар аударды. Осы тәжірибені есепке ала отырып, Ерлан Қошанов Пиа Кауманы ЕҚЫҰ және қазіргі уақытта Қазақстан төрағасы болып табылатын Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында белсенді диалогқа шақырды. Өз кезегінде ЕҚЫҰ ПА төрағасының орынбасары ЕҚЫҰ елдері парламенттерінің ықпалдастығын одан әрі нығайтудың әлеуеті зор екенін жеткізді. – Біз Қазақстанның Парламенттік Ассамблея аясында ЕҚЫҰ және оның институттарының іс-шараларына қатысуын жоғары бағалаймыз және бұл қарқынның болашақта да арта түсетініне сеніміміз мол, – деді Пиа Каума. Сондай-ақ Пиа Каума қазақстандық парламентішлерді жақын уақытқа жоспарланған ұйымның байқаушы миссияларына қатысуға шақырды. Кездесуді қорытындылай келе, тараптар парламенттік дипломатия аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаратыны төңірегінде ортақ пікір білдірді.

21.04.2022

Мәжілісте бейбітшілік пен қауіпсіздіктің өзекті мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан. 21 сәуір. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте «Орталық Азиядағы әйелдердің, бейбітшілік пен қауіпсіздіктің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан жетекшілік етті. Отырысқа Мәжіліс депутаттарымен қатар, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінің Қазақстандағы дипломатиялық өкілдік басшылары, халықаралық және үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысты. Сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Наталья Герман, Қазақтандағы БҰҰ тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, «БҰҰ-әйелдер» өкілі Мария Доценко және бірқатар атқарушы орган өкілдері келді. Айгүл Құспан атап өткендей, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің әйелдерге, бейбітшілік пен қауіпсіздікке арналған қарарларын әйелдердің бітімгершілікке қатысуы тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге гендерлік зорлық-зомбылық және әйелдердің шешім қабылдау процестеріне қатысуын, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуын күшейту тұрғысынан да баса назар аударады. Іс-шараға қатысқан Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева әйелдерге қатысты мемлекеттік саясаттың арқасында Қазақстан барлық салада әйелдердің ықпалын арттыру және оларды зорлық зомбылықтан қорғау жолында тиімді институционалдық шаралар қабылдап, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті. Қазақстан жанжалдардың алдын алу мен реттеу, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту бойынша әйелдердің қатысуын кеңейту жөніндегі күш-жігерді іске асыруда барлық халықаралық ұйымдармен сындарлы және жемісті ынтымақтастыққа дайын. Жиынға қатысушылар Қазақстанда БҰҰ қауіпсіздік кеңесі 1325 қарарын жүзеге асыру және ілгерлету бағытында атқарылған жұмыстарды саралап, әйелдердің бейбітшілікті қолдаудағы, қауіпсіздікті сақтаудағы маңызды рөліне талқылады.

14.04.2022

Мәжіліс Төрағасы Беларусь елшісін қабылдады

Нұр-Сұлтан, 14 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Павел Утюпинді қабылдады. Кездесуде Ерлан Қошанов Беларусь Қазақстанның маңызды саяси және сауда-экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Дипломатиялық қатынас орнағалы бері барлық салада тығыз мемлекетаралық байланыс орнады. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 850 млн АҚШ долларын құрады. Мәжіліс спикері дипломатқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында көрініс тапқан ауқымды саяси реформалар туралы мәлімет берді. Өз кезегінде Беларусь елшісі екі ел ынтымақтасты барлық бағыттары бойынша қарқынды дамып келе жатқанын және оның экономикалық, мәдени-гуманитарлық серіктесті кеңейту үшін маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Тараптар парламентаралық байланыстың жоғары деңгейіне назар аударды. Беларусь Ұлттық жиналысы өкілдері палатасымен ынтымақтастық бағытында Мәжілісте арнайы топ жұмыс істейді. Бұл заң шығару қызметі бойынша тәжірибе алмасуға және түрлі салаларда ауқымды мәселелер жөнінде пікір алысуға септігін тигізеді. Сондай-ақ екі елдің Парламент өкілдері түрлі халықаралық ұйымдар аясында белсенді әріптестік орнатып, бірге жұмыс істеуде. Тараптар Қазақстан мен Беларусь арасындағы достық қарым-қатынастар екі ел игілігі жолында өзара серіктестік пен сенім рухында одан әрі дами беретініне сенім білдірді.

12.04.2022

Мәжілісте парламенттік ынтымақтастық комитетінің 19 отырысы өтті

Нұр-Сұлтан. 12 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің 19-отырысы өтті. Оған Мәжілістегі Халықаралық Істер, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы, «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы Айгүл Құспан жетекшілік етті. Жиында екіжақты ықпалдастықтың бүгіні мен болашағы, парламентаралық диалогты дамыту жолдары, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асыру барысы талқыланды. Сонымен бірге қос тараптың депутаттары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, соның ішінде Орталық Азияда ішкіаймақтық интеграцияны және аймақаралық ықпалдастықты ілгерлету мәселелері туралы пікір алысты. Айгүл Құспан еуропалық әріптестеріне Қазақсан Президенті Қ.К. Тоқаевтың еліміздің саяси жүйесін жаңғырту, соның ішінде Парламенттің, Адам құқығы жөніндегі уәкілдің рөлін арттыру, сайлау және сот жүйелерін жетілдіру бағытындағы ауқымды бастамалары туралы айтып берді. Комитет төрайымының пікірінше ол қадамдардың барлығы маңызды экономикалық және әлеуметтік проблемаларды шешуге, сонымен қатар, халықтың ұзақмерзімді сапалы өмірін қамтамасыз етуге арналып отыр. Өз кезегінде Еуропалық Комитет төрағасының көлік және туризм жөніндегі орынбасары Андрис Америкс Қазақтан мен Еуропалық одақ арасында сауда-экономикалық байланыстың жоғары қарқынын сақтаудың және стратегиялық міндеттерді жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды. Ал еуропалық депутаттар адам құқығы және заң үстемдігі саласында екіжақты диалогты нығайтуға баса назар аударды. Отырыстың күн тәртібінде халықаралық қоғамдастықтың рөлі, саяси-экономикалық жағдай, демократиялық реформалар, екіжақты қарым-қатынас сынды басқа да көптеген мәселелер қаралып, Мәжіліс депутаттары А. Перушаев, Л. Сүлеймен, А. Сарым, С. Имашева, А. Рау, Д. Тұрғанов, Т. Адамбеков өз ұсыныстарын айтты. Отырыс соңында аталған комитеттің 18-отырысының хаттамасы бекітілді. Келесі 20 отырыс 2023 жылы көктемде Брюссельде өтеді.

11.04.2022

Мәжіліс депутаттары АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасарымен кездесті

Нұр-Сұлтан, 11 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліске АҚШ Мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары мәселелері жөніндегі орынбасары Узра Зея келді. Ол Қазақстан мен АҚШ арасындағы адам құқықтары мен демократиялық реформалар жөніндегі жоғары деңгейдегі диалогтың бірінші отырысына қатысқан болатын. Узра Зеямен Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан бастаған Парламент депутаттары кездесті. Айгүл Құспан Қазақстан мен АҚШ сенімді стратегиялық әріптестер елдер екенін айтып, өткен жылдың соңында екі ел арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті. Сондай-ақ осы уақыт ішінде сауда және инвестиция, терроризмге қарсы күрес, қауіпсіздік және әскери-техникалық ынтымақтастық салаларында, демократия мен адам құқықтары, денсаулық сақтау және білім беру мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастық орнағанын айтты. Кездесуде депутат АҚШ пен Қазақстан арасындағы адам құқықтары мен демократиялық реформалар жөніндегі жоғары деңгейдегі диалогтың маңыздылығына назар аударды. Бұның мүлдем жаңа механизм екенін айтып, қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар Айгүл Құспан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елде жүргізіп жатқан саяси реформалары туралы айтып берді. Өз кезегінде, Узра Зея АҚШ пен Қазақстан арасындағы ерекше достық, іскерлік қатынастарға тоқталып, біз сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенттің көзқарасын, сыртқы және ішкі саясаттағы қиындықтарға қарамастан Қазақстанды алға жылжытуға деген ниетін қолдайтынын жеткізді. Отырыс барысында Парламентаралық байланыс, адам құқықтары және демократиялық реформалар және тағы басқа да өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Кездесуге Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Ашықбаев, Мәжіліс депутаттары Нұрбек Саясат, Жанат Омарбекова, Айдос Сарым, Ерлан Смайлов және Сенат депутаты Ляззат Қалтаева қатысты.