Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения

Халықаралық қызмет


27.03.2015

ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ С. ДЬЯЧЕНКО ИНДОНЕЗИЯЛЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Астана, 27-наурыз. Мәжіліс үйі. ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко Индонезия Республикасы Өкілдер Палатасы Төрағасының орынбасары Фахри Хамза бастаған парламенттік делегация өкілдерімен кездесті. Тараптардың атап өткеніндей, ел басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Сусило Юдойононың мемлекеттік іс-сапарлары екі ел ынтымақтастығының тереңдей түсуіне тың серпін берді. Қазіргі уақытта қос мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл барлық салада табысты дамып келеді. Қазақстан Индонезияны Оңтүстік-Шығыс Азиядағы саяси және экономикалық әлеуетке ие алдыңғы қатарлы ел ретінде таниды. Вице-спикер сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, саяси салалардағы ортақ жетістіктерді алға тартып, қауіпсіздік пен тұрақтылық бағытындағы маңызды бастамаларды сөз етті. Өз кезегінде Өкілдер Палатасының Вице-спикері Фахри Хамза аталған салалардағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетудің маңыздылығына тоқталып, Индонезияның Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды әріптестерінің бірі ретінде қарайтындығын атап өтті. Кездесу барысында парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселесіне айрықша көңіл бөлініп, екі елдің заңнамалық органдары арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық жөніндегі топ құру қажеттілігі айтылды.

27.03.2015

ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия БҰҰ институттарымен одан әрі сындарлы ынтымақтастыққа дайын

Астана, 27 наурыз. Мәжіліс Үйі. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтанов БҰҰ Уландырғыш және қауіпті өнімдердің, қалдықтардың заңсыз тасымалы мен көмілуінің адам құқықтарына кері әсері жөніндегі арнайы баяндамашысы Баскут Тункакпен кездесті. Кездесу барысында тараптар экологиялық құқықтың орталық проблемалары болып отырған мәселелер мен уландырғыш және қауіпті өнімдер мен қалдықтардың заңсыз тасымалы мен көмілуінің адам құқықтарына кері әсерін зерттеу жағдайын талқылады. Комиссия төрағасы Қ.Сұлтанов Адам құқықтары жөніндегі комиссияның қызметі туралы, Конституцияда, ҚР Экологиялық кодексінде, ҚР Орнықты дамуға көшуінің 2007-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасында бекітілген азаматтардың экологиялық құқықтары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Баскут Тункак ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның құқық қорғау қызметіне жоғары баға беріп, алдағы жұмысына сәттіліктер тіледі. Сапар қорытындысы бойынша жиналған ақпарат Б.Тункактың БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне өткізетін есебінде баяндалатын болады. Өз кезегінде Комиссия төрағасы Қ.Сұлтанов БҰҰ Арнайы баяндамашысына адам құқықтарын қорғау және көтермелеу саласындағы сындарлы ынтымақтастығына алғыс білдіріп, Комиссияның БҰҰ институттарымен одан әрі сындарлы ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.

26.03.2015

МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ Қ. ЖАҚЫПОВ КОРЕЯЛЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Астана, 26 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламентте Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының «Қазақстан Республикасы – Корея Республикасы» ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық топ жетекшісінің орынбасары, Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының депутаты Чаң Юнсок бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Тараптар барлық сала бойынша екіжақты қарым-қатынасты дамыту жайында пікір алмасты. Мәжіліс Төрағасы Корея Қазақстанның Шығыс Азиядағы маңызды стратегиялық әріптестерінің бірі екенін алға тарта келіп, саяси, сауда-экономикалық саладағы жетістіктерге тоқталды. Корея Республикасының Президенті Па Кын Хенің өткен жылғы Қазақстанға жасаған мемлекеттік іс-сапары өзара саяси іс-қимылға тың серпін берді. Қос мемлекет арасындағы тауар айналымы өткен жылы 2 млрд долларға жуықтады. Бүгінгі күні Қазақстанда 800-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Әсіресе, Атырау облысында салынып жатқан газ-химиялық кешен, жақын уақытта іске қосылатын «Жамбыл» кен орны, Балхаш ЖЭС сынды ірі жобалар Қазақстанның инфрақұрылымдық дамуына айтарлықтай үлес қосумен қатар, біздің елдеріміздің инвестициялық және технологиялық ынтымақтастығын нығайта түспек. Осы ретте Мәжіліс Спикері Еуразиялық экономикалық одақ басымдықтарын да назардан тыс қалдырмады. Одан әрі Мәжіліс Төрағасы оңтүстік кореялық бизнес өкілдерін «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат және ауқымды үдемелі индустриялық даму бағдарламасы аясында Қазақстанда индустриялық – инновациялық жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ, Астанада өтетін «ЭСПО-2017» халықаралық көрмесіне белсене қатысуға шақырды. Қабиболла Жақыпов көпжақты іс-қимылды нығайту жайын сөз еткенде Корея Респбуликасының 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын қолдайтындығына сенім білдірді. Ал елдегі саяси ахуалды әңгімелеу барысында сәуір айында өтетін президенттік сайлаудың маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде делегация жетекшісі Астанаға бірінші рет келгенін, қаланың заманауи деңгейде өркендеп келе жатқанына тәнті болғанын жеткізді. Чаң Юнсоктың атап өткеніндей, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында Қазақстан қарқынды даму жолына түсті. Кездесу иелері мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселесіне де көңіл бөлді. Сондай-ақ, парламентаралық ықпалдастықты күшейтуге айрықша назар аударылды. Осы орайда Мәжіліс Спикері Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы Чон Ый Хваға Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыру жолдады.

16.03.2015

МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ Қ. ЖАҚЫПОВ ФИНЛЯНДИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ И. РЭЙСЕНЕНДІ ҚАБЫЛДАДЫ

Астана, 16 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламентте Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Финлияндияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Илкка Рэйсэненді қабылдады. Мәжіліс Төрағасы сауда-экономикалық байланыстың қарқынды дамып келе жатқанын сөз етіп, аталған елдің компанияларын Астанада өтетін "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесіне белсене қатысуға шақырды. Қабиболла Жақыповтың атап өткеніндей, бүгінде, қазақстандық экономиканың маңызды бөліктерінде 80-нен астам бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. Ал, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат пен оның аясында жүзеге асырылып жатқан үдемелі-индустриялық даму бағдарламасы кәсіпкерлер үшін бұрынғыдан да зор мүмкіндіктерге жол ашпақ. Осы ретте Мәжіліс Спикері ТМД кеңістігінде қолға алына бастаған Еуразиялық экономикалық одақ басымдықтарын да назардан тыс қалдырмады. Өз кезегінде елші «Қазақстан-2050» Стратегиясына айрықша көңіл бөліп, оның өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуда ықпалы зор екенін алға тартты. Тараптар екіжақты қарым-қатынасты, соның ішінде парламентаралық байланысты кеңейту мәселелерін талқылады. Әңгіме барысында алдағы уақытта екі елде өтетін сайлау науқандарына, атап айтсақ, Қазақстанда өтетін президенттік, Финлияндияда өтетін парламенттік сайлаулардың маңыздылығы айтылды. Кездесуге Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы М. Әшімбаев қатысты.

12.03.2015

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ЕЛШІМЕН КЕЗДЕСТІ

Астана, 12 наурыз, Мәжіліс Үйі. Бүгін, Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қуаныш Сұлтанов Словакия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Петер Юзамен кездесті. Тараптар кездесу барысында екіжақты саяси және экономикалық саладағы қатынастардың болашағын талқылады және де екі мемлекет арасындағы сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты жандандыра түсу қажеттігін атап өтті. Қуаныш Сұлтанов еліміздің «Қазақстан - 2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберіндегі әлеуметтік-экономикалық мақсаттар жайында, Еуразия экономикалық одағы жағдайында қазақстандық рыноктың басымдығы, ҚР инвестициялық ахуал қалыптастыру шаралары жөнінде, сонымен бірге ұлтаралық және конфессияаралық келісімдерді нығайтудың мемлекеттік шаралары жайында айтып берді. Өз кезегінде Словакиялық дипломат аймақтық және ғаламдық мәселелерді шешу, әсіресе, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі, ізгілік жолы мен тұрақты даму жолындағы Қазақстанның қосып отырған үлесіне тоқталды. П.Юза Орталық Азиядағы тұрақтылық факторындағы Қазақстанның роліне жоғары баға берді.

06.03.2015

ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ АРНАЙЫ ӨКІЛІ РЕТІНДЕ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ С.ДЬЯЧЕНКО ЧЕРНОГОРИЯДА БОЛДЫ

Астана. 6-наурыз. Мәжіліс үйі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы өкілі ретіндегі сапары аясында ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко Черногорияда ел Президенті Филипп Вуяновичпен, Парламенттің вице-президенті Cульо Мустафичпен кездесті. Черногория Президентімен кездесу барысында Сергей Дьяченко Қазақстан Республикасы Президентінің атынан Филипп Вуяновичке және Черногория халқына ізгі тілек жеткізді. Арнайы өкіл аталған мемлекет Қазақстанның осы аймақтағы жақын әрі маңызды әріптесі екенін алға тарта келіп, екі ел арасындағы әріптестіктің өзара түсіністік пен сенім деңгейінде қанат жайып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық, саяси салаларда жүргізілген реформалардың нәтижесінде қол жеткізілген табыстар жайында хабардар етіп, Қазақстанның іскерлік және климаттық деңгей бойынша 200 мемлекет ішінде 50-орын иеленгенін, біздің еліміздің Еуропадан, Америкадан, Азиядан Орталық Азияға тартылған барлық инвестицияның 80 пайыздан астамын жинақтап, ол- 200 млрд. АҚШ долларын құрағандығын атап өтті. Ғаламдық мәселелерді сөз еткенде С. Дьяченко Қазақстанның ЕҚЫҰ ШЫҰ, ҰҚШҰ, БҰҰ сынды халықаралық ұйымдар аясында діни және трансконтинентальдық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі мен үлесіне тоқталды. Соның ішінде, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға қатысты көрсетілген көмек, Батыс Африкада БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысу, ядролық қарудан бас тарту мен Семей полигонын жабу мәселелеріне баса назар аударылды. Әңгіме барысында ҚР Президентінің арнайы өкілі 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздігі кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын қолдау туралы өінішін жеткізе келіп, Ф.Вуяновичке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке жолдауын салтанатты түрде табыс етті. Өз кезегінде Черногория Президенті алғысын білдіре келіп, Қазақстан Басшысы мен халқына өзінің игі тілегін жолдады. Сондай-ақ Қазақстан кандидатурасын қолдайтындығын айта отырып, Елбасы бастамасымен қолға алынып жатқан маңызды бастамаларға, соның ішінде «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатқа, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуге қатысты қадамдарға жоғары баға берді. Сондай-ақ, ел басшысы екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ынталы екенін, осы ретте энергетика, тау-кен өндірісінде, туризм-сауда салаларында белсенділікті арттыру керектігін айтты. Сонымен қатар, B2B форматында іскерлік байланыстарды кеңейту, құқықтық базаны нығайту, парламентаралық өзара іс-қимыл желісі бойынша ынтымақтастық тобын құру мәселелері сөз болды. Черногория Парламенті екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамытуға ықпал етуге дайын екендіктерін жеткізе келіп, парламенттаралық байланысты нығайту мақсатында келесі кездесуді Астанада өткізу туралы, ал, Черногория Президенті осы елдің премьер-министрінің Астанаға сапарлау мүмкіндігін қарастыру жөнінде ұсыныс жасады.

05.03.2015

МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ С.ДЬЯЧЕНКО ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ АРНАЙЫ ӨКІЛІ РЕТІНДЕ БОСНИЯ ЖӘНЕ ГЕРЦЕГОВИНАДА БОЛДЫ

Астана. 5-наурыз. Мәжіліс үйі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы өкілі ретіндегі сапары аясында ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко Босния және Герцеговинада осы елдің президенттігінің төрағасы Младен Иваничпен, Босния және Герцеговина Парламенті өкілдері палатасының (төменгі палата) төрағасы Шефик Джаферовпен және Босния және Герцеговина СІМ бастамасы бойынша Сыртқы саяси ведомоство жетекшісі Амер Капетановичпен кездесті. Кездесу барысында Сергей Дьяченко Қазақстан Республикасы Президентінің Босния мемлекетіне гүлдену мен табыс тілеген ықыласын жеткізді. Арнайы өкілдің атап өткеніндей, Босния және Герцеговина Қазақстанның осы аймақтағы маңызды саяси әріптесі саналады. Екі ел арасындағы саяси ынтымақтастық өзара түсіністік пен сенім деңгейінде қанат жайып келеді. Мәжіліс төрағасының орынбасары Боснияның Қазақстанның халықаралық маңызды бастамаларына көрсеткен қолдауларына жоғары баға бере келіп, алдағы уақытта сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту маңыздылығына тоқталды. Өйткені, қазіргі уақытта Қазақстан мен Босния және Герцеговина арасындағы тауар айналымын нығайтудың, сондай-ақ, екіжақты ықпалдастықтың келісім-құқықтық базасын жетілдірудің мүмкіндігі зор. ҚР Президентінің арнайы өкілі Қазақстанда соңғы 10 жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси салаларда жүргізілген реформалардың нәтижесінде қол жеткізілген табыстарды сөз ете келіп, біздің еліміздің Еуропадан, Америкадан, Азиядан Орталық Азияға тартылған барлық инвестицияның 80 пайыздан астамын жинақтағаны, оның тәуелсіздік алған уақыттар ішінде 200 млрд. АҚШ долларын құрағандығын алға тартты. Сергей Дьяченко Қазақстан Президентінің халықтың әл-ауқатын көтеру және дамыған 30 елдің қатарына кіру жолында ұсынған «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты туралы да хабардар етті. Ғаламдық мәселелерді сөз еткенде С.Дьяченко Қазақстанның дінаралық және ұлтаралық толеранттылықтың, жанжалды бейбіт жолмен реттеудің жақтаушысы екенін және солай қала беретінін атап өтті. Қазақстан ЕҚЫҰ және ШЫҰ сынды халықаралық ұйымдар аясында аймақтық әрі ғаламдық сұрақтарға қатысты мақсаттар мен міндеттерді алға жылжытуда айтарлықтай үлес қосты. Біздің еліміздің Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға қатысты көмегі аймақтық қауіпсіздікті нығайтуда маңызды рөл атқарды. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің ядролық қарудан бас тарту мен Семей полигонын жабу бастамасы осы саладағы ірі жетістіктердің бірі. Қазақстан халықаралық қауымдастықтың мүшесі ретінде басқа аймақтарда тұрақтылық пен бейбітшілікті қолдауға байланысты БҰҰ халықаралық бітімгерлік миссиясына айрықша үлес қосуда. Босния және Герцеговина басшысымен әңгіме барысында ҚР Президентінің арнайы өкілі БҰҰ Қауіпсіздігі кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын қолдау туралы өінішін жеткізе келіп, Босния президенттігінің төрағасы Младен Иваничке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке жолдауын салтанатты түрде табыс етті. Өз кезегінде Босния мемлекетінің басшысы Қазақстан Президентінің ыстық ықыласы мен су тасқыны кезінде көрсетілген қаржылық көмегі үшін ризашылығын білдірді. Младен Иванич Қазақстан мен Босния арасындағы екіжақты қатынасқа жоғары баға бере отырып, сауда-экномикалық, инвестициялық, құқықтық саладағы байланыстарды одан әрі тереңдету керектігіне көңіл бөлді. Босния президенттігінің төрағасы Қазақстанның аймақта, бүкіл әлемде қауіпсіздікті күшейту жолындағы үлесін ерекше атап өтіп, біздің елімізді Орталық Азиядағы бейбітшілік пен дамудың орталығы деді. Одан әрі Младен Иванич 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын қолдайтындығын және әріптестеріне өз ұсынысын айтатынын жеткізді. Бұл тақырып одан кейін С. Дьяченокның Босния және Герцеговина Парламент (төменгі палата) өкілдері палатасының төрағасы Шефик Джаферовпен және Босния және Герцеговина СІМ бастамасы бойынша Сыртқы саяси құрылым жетекшісі Амер Капетановичпен жүздесуінде де әңгіме өзегіне айналып, кең қолдау тапты.

27.02.2015

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ТӘЖІКСТАН ОЛИ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨМЕНГІ ПАЛАТАСЫНА ДЕПУТАТТАР САЙЛАУЫН БАҚЫЛАУДА

Астана, 27 ақпан. Мәжіліс Үйі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков ТМД Парламентаралық Ассамблеясы халықаралық бақылаушылар тобының құрамында Тәжікстан Республикасы Оли Мәжілісінің төменгі палатасына депутаттар сайлауын өткізуге әзірлік барысын бақылауға қатысады. Сапар барысында Қазақстандық парламентшілері Тәжікстан Республикасының Президенті жанындағы стратегиялық орталықтың директоры Худайберды Холикназаровпен, ОСК басшылығымен, және де Тәжікстан Парламенті палатасымен кездесулер өткізеді. Сайлау өтетін 1 наурыз күні Хотлан облысына, Нурек қаласына барып дауыс берудің ашылуын және де Дангар мен Куляб қалаларындағы сайлау барысын бақылау жоспарланған. Бақылауға ЕҚЫҰ Парламент Ассамблеясының халықаралық бақылаушы миссиясының өкілі болып табылатын, Мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбеков те қатысуда.

26.02.2015

ҚАЗАҚСТАН МЕН ЭСТОНИЯ АРАСЫНДАҒЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ТЕРЕҢДЕТУДІҢ МҮМКІНДІГІ ЗОР

Астана. 26-ақпан. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Палата Төрағасының орынбасары С. Дьяченко Эстония Республикасының бұрынғы президенті Арнольд Рютель бастаған делегация өкілдерімен кездесті. С. Дьяченконың атап өткеніндей, біздің мемлекетіміздің тәуелсіздік алған күннен бастап Эстония елімен байланысты дамытуға баса назар аударуының нәтижесінде екі ел арасындағы түсіністік, сыйластық, өзара қолдау деңгейіндегі ықпалдастық күннен-күнге қанат жайып келеді. Қазіргі уақытта Эстония - Қазақстанның Балтық аймағындағы ең маңызды саяси және экономикалық әріптестерінің бірі. Тараптар қос мемлекет арасындағы сауда-экономикалық, транзиттік байланысты тереңдетуге, соның ішінде, ауылшаруашылығы саласы бойынша ынтымақтастықты күшейтуге айрықша көңіл бөлді. Делегация өкілдері өздерінің теңіз айлақтары арқылы Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуына көмектесуге және қос мемлекет арасындағы кәсіпкерлік саланы барынша қолдауға дайын екендіктерін жеткізді. Осы ретте жоғары технологиялық бірлескен кәсіпорын жұмыстарын жолға қоюдың маңыздылығы зор болмақ. Осыған орай эстондық қонақтар бірқатар маңызды жобаларымен таныстырды. Өз кезегінде мәртебелі мейман Қазақстанның ерекше қарқынмен дамып келе жатқан мемлекет екенін сөз етіп, Эстонияның біздің елмен қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ынталы екенін атап өтті. Жылы шырайлы жүздесу барысында тараптар қалыптасқан достық қарым-қатынасты одан әрі тереңдетіп, экономикалық әріптестікті нығайтудың мүмкіндігі зор екенін алға тартты.

25.02.2015

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ Қ. СҰЛТАНОВ ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН ЧЕХ ПРЕЗИДЕНТІ МИЛОШ ЗЕМАНҒА ТАБЫС ЕТТІ

Астана, 25 ақпан. Мәжіліс Үйі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов Мемлекет басшысының арнайы уәкілі ретінде Чех Республикасына сапармен барды. Прага қаласына сапар шеңберінде ЧР Президенті Милош Земанмен (Milos Zeman) және ЧР Парламенті депутаттар Палатасы төрағасының орынбасары Войтех Филиппен (Vojtech Filip) кездесулер өткізді. Өз кезегінде Қ.Сұлтанов М.Земанға Қазақстанның кандидатурасын 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне жылжыту жөніндегі Елбасының жолдауын тапсырып, чех тарапын аймақтық және халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, оның ішінде ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру саласына қосқан Қазақстанның үлесімен қатар, көпжақты дипломатия саласындағы еліміздің белсенді қызметі туралы ақпараттандырды. Сонымен бірге, 2014 ж. қарашада ЧР Президенті М.Земанның Қазақстанға жасаған ресми сапары қорытындылары бойынша берілген тапсырмаларды жүзеге асыру барысы баяндалды. ЧР Парламенті депутаттар Палатасы төрағасының орынбасарымен әңгіме барысында тараптар қазақстан-чех парламентаралық қатынастардың тұрақтылығын және екі елдің парламенттік делегация өкілдері сапарларының жиілігін атап өтіп, ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму Комитеті мүшелерінің Чех Республикасына сапарының дайындығын талқылады.

25.02.2015

Мәжіліс депутаты Қ.Сұлтанов Мемлекет басшысының Арнайы елшісі ретінде Словакия Республикасына сапармен болды

Астана, 25 ақпан. Мәжіліс Үйі. Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов Мемлекет басшысының Арнайы елшісі ретінде Словакия Республикасына сапармен болды. Сапардың негізгі мақсаты – БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесіне 2017-2018 жж. Қазақстанның кандидатурасын ұсыну, сонымен қатар екі ел арасында парламентаралық қарым-қатынасының жай-күйі мен келешегін талқылау болды. Сапардың бағдарламасы аясында СР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Ян Шотпен, СР Ұлттық Кеңесінің Төрағасының Орынбасары Мирослав Чижбен және «Словакия – Қазақстан, Беларусь, Молдова, Армения, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия» Парламенттік Достық Тобының Төрағасы Роберт Мадеймен кездесулер өтті. СР Президенті Әкімшілігінің Басшысымен кездесу барысында Қ.Сұлтанов Словакия Президенті Андрей Кисканың атына 2016 жылғы БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесін сайлауда қазақстан өтінішін қолдау туралы ҚР Президентінің Жолдауын табыстады. Тараптар екі жақты саяси және экономикалық қарым-қатынасты дамыту жайын талқылады. Аймақтық және халықаралық саясаттағы өзекті мәселелердің көпшілігінде көзқарастарының бір екендігі байқалды. Екі елдің бар мүмкіндіктерін ескере отырып, сауда және инвестициялық ынтымақтастығын жандандыру қажеттілігі ерекше аталып өтті. Халықаралық саясаттың негізгі аспектілеріне, соның ішінде Украинадағы жағдай, Ауғанстанның қақтығыстардан кейінгі қалпына келтірілуі мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Словакиялық өкіл Қазақстанның жергілікті және жаһандық мәселелердің шешілуіне, әсіресе бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуіне, тұрақты дамуға кол жеткізуіне, гуманиталрық мәселелердің шешілуіне қосқан үлесін ерекше атап өтті. Орталық Азияда тұрақтылық факторы ретінде Қазақстанның рөлі мен маңыздылығын жоғары бағалады. Қ.Сұлтанұлының СР Ұлттық Кеңесінің Төрағасының Орынбасары Мирослав Чижбен кездесу барысында мемлекетаралық қатынастың маңызды элементі болып табылатын екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы диалогты нығайтудың қажеттілігі баса айтылды. Екі жақ мемлекеттер арасында, соның ішінде парламенттік комитеттер мен достық топтың аясында тығыз байланыс орнатуға оң пікірлерін білдірді. Парламенттік Достық Тобының Төрағасы Роберт Мадеймен кездесу кезінде экономика, ғылым, білім және мәдениет аясында өзара мүмкіндіктерді толық жүзеге асыру үшін парламентаралық құрылымдардың түбегейлі қарым-қатынасының маңыздылығы аталып өтті.

24.02.2015

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ҰЛЫБРИТАНИЯ МАШИНА ЖАСАУШЫЛАР ТЕХНОЛОГИЯСЫ

Астана, 24 ақпан. Мәжіліс Үйі. Бүгін, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің іс-сапары барысында Лондон қаласында Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрам Пішембаев пен Ұлыбритания машина жасаушылар технологиясы ассоциациясының вице-президенті Гай Молларт екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойды. Аталған меморандумда екі мемлекеттің машина жасаушыларының қарым-қатынасы негізінде өндірісті роботтандыру, компьютерлік жобалау, темір өңдеудің жаңаша жүйесі мен станоктар және құралдарды соңғы технологиямен өндіру белгіленген. Іс-шараны қорытындылаған ҚР-ның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мемлекеттеріміздің сауда-экономикалық қатынасын алдағы уақытта дамытуда бүгінгі ынтымақтастықтың маңыздылығына баса назар аударды.

19.02.2015

Д. НАЗАРБАЕВА МАЖАРСТАННЫҢ СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Астана, 19 ақпан, Мәжіліс үйі. ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева Мажарстан сыртқы экономикалық және сыртқы істер министрі Петер Сийяртоны қабылдады. Кездесу барысында екіжақты және халықаралық деңгейдегі өзекті сұрақтар талқыланды. Мәжіліс Төрағасының орынбасары қазақстандық-венгерлік ынтымақтастықтың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын тілге тиек ете келіп, одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, Мәжілістің заң шығармашылық жұмыстары жайында хабардар етіп, әсіресе, туристік кластерді дамыту, Қазақстан экономикасын әртараптандыру, қолайлы инвестициялық климат орнату жолында атқарылып жатқан заңнамалық жұмыстар жайында баяндады. Өз кезегінде Сийярто мырза Қазақстан басшысы тарапынан жүргізіліп отырған саясатқа жоғары баға беріп, венгерлік кәсіпкерлердің қазақстандық әріптестерімен ынтымақтастықты нығайтуға ынталы екендіктерін жеткізді. Кездесу барысында парламентаралық байланыс жайы да назардан тыс қалмады. Тараптар Қазақстан мен Венгрия арасындағы өзара іс-қимылды дамытуда, парламенттік іс-сапарлар алмаса отырып, парламенттік дипломатия рөлін нығайтудың қажеттілігіне тоқталды. Кездесуге сондай-ақ, Мәжіліс депутаты В. Рогалев Мажарстандағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Н. Рүстемов қатысты.

17.02.2015

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

2015 жылдың 9-12 ақпан күндері Мәжіліс депутаттары А.Милютин мен Н.Петухова әр жылы Словения Республикасының Любляна қаласында өтетін Провослав халықтарының ынтымақтастық қоғамдық қорының XXI-ші халықаралық конференциясына қатысты. Оның биылғы тақырыбы: «Адамдардың құқы мен еркіндігіне христиандық көзқарас»,- деп аталды. 2015 жылдың 16-17 ақпанында Женева(Швейцария) қаласында жыл сайын өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) 2015 жылғы парламенттік конференциясына Мәжіліс депутаты С.Оразов қатысуда. Конференцияны Парламентаралық Одақ Еуропалық Парламентпен бірлесіп ДСҰ-ның 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған. Парламенттік конференция ақпараттар, көзқарастар мен тәжірибе алмастыру және де халықаралық сауда саласында бірлескен іс-шаралар атқару мәселесінде парламенттің ролін айқындайтын халықаралық үнқатысу алаңы болып табылады.

13.02.2015

МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ ДСҰ ЕУРОПА ӨҢІРЛІК БЮРОСЫНЫҢ БАСШЫСЫН ҚАБЫЛДАДЫ.

Астана, 13 ақпан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов ДСҰ Еуропа өңірлік бюросының директоры Жужанна Якабты қабылдады. Қабиболла Жақыпов алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша ДСҰ Еуропа бюросы кеңсесінің Алматыда ашылуымен құттықтады. Салтанатты шара 11-ақпанда өткен болатын. Тараптар бұл Қазақстан мен Орталық Азия ғана емес, Еуропа үшін де маңызды оқиға екенін атап өтті. Мәжіліс Төрағасы Қазақстан Президентінің маңызды бағдарламаларында денсаулық мәселесіне айрықша басымдық берілетінін алға тарта келіп, Елбасы саясатының әлемдегі экономикалық жағдайға қарамастан әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті. Өз кезегінде Жужжана Якаб кеңсенің Қазақстанда ашылуы – Нұрсұлтан Назарбаевтың ғаламдық және аймақтық деңгейдегі денсаулық сақтау мәселесіне қатысты теңдессіз рөлінің айқын дәлелі екенін жеткізді. Осы ретте мәртебелі мейман Қазақстан Президентінің әлеуметтік саланы инвестициялау қажеттілігіне қатысты көреген шешімдерін айтып, біздің еліміздің алға қойған барлық мақсаттарына жететіндігіне сенім білдірді. Кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге, денсаулықты нығайтуға, дәрі-дәрмек саясатын дамытуға бағытталған заңнамалық жұмыстар туралы әңгімеледі. Жужжана Якаб денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту көрсеткіштері бойынша жетістіктерді тізбелей келіп, ДСҰ мен Қазақстанның өзара іс-қимылына жоғары баға берді.

12.02.2015

Қ.ЖАҚЫПОВ ТҮРІКМЕНСТАННЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІН ҚАБЫЛДАДЫ

Астана, 12 ақпан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Магтымгулы Акмырадовты қабылдады. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды сұрақтарын талқылай келіп, отын-энергетикалық сала, ауылшаруашылығы, көлік және коммуникация бағыттарына айрықша назар аударды. Кездесу иелері қазақстандық-түрікмендік қарым-қатынас деңгейіне жоғары баға беріп, оның тұрақты дамуына екі ел басшыларының серпін беріп келе жатқанын алға тартты. Мәжіліс Спикері әлемдік экономикада болып жатқан ғаламдық үдерістерді айта келіп, Қазақстан Президентінің дағдарыстың жағымсыз ықпалына қарсы бағытталған маңызды бастамаларын атап өтті. Өз кезегінде мейман Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатын сөз етіп, Қазақстанның даму қарқынына назар аударды. Парламентаралық байланыстарды нығайтуға да айрықша көңіл бөлінді. Қабиболла Жақыпов өзінің түрікмендік әріптесіне ағымдағы жылы күзде Астанада өтетін Түрік тілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының алтыншы пленарлық отырысына қатысу үшін Қазақстанға келуге шақыру жолдады. Магтымгулы Акмырадов Мәжіліс депутаттарын биыл мерейтойлық жыл аясында Ашхабадта өтетін Түрікменстанның бейтарап ел атануының 20 жыл толуына арналған шараларға қатысуға шақырды. Осы ретте тараптар екі ел үшін де маңызды 2015-жыл қос мемлекет халықтарының қарым-қатынасын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.

10.02.2015

Д. НАЗАРБАЕВА ИТАЛИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ С.РАВАНЬЯНМЕН КЕЗДЕСТІ.

Астана, 10 ақпан, Мәжіліс үйі. Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Стефано Раваньянды өз өтініші бойынша қабылдады. Тараптар қазақстандық-италяндық ынтымақтастық жайын талқылап, Миланда және Астанада ЭКСПО-2015 және ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу мәселелерін сөз етті. Парламентаралық байланысты кеңейту сұрақтары да назардан тыс қалмады. Халықаралық күн тәртібіне де айрықша назар аударылды. Стефано Раваньян, Қазақстан Президентінің мықты саяси тәжірибесін алға тарта келіп, өзекті халықаралық мәселелерді шешуде көрегендік танытудың маңыздылығына тоқталды.

02.02.2015

Лихтенштейнге жасалған іс-сапар

ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Д. Назарбаева бастаған қазақстандық Парламент өкілдері іс-сапармен Лихтенштейн Князьдігінің Вадуц қаласында болды. Сапар аясында Лихтенштейн Ландтага (Парламент) төрағасы Альберт Фрикпен және Лихтенштейн жоғары мәртебелі князі Ханс – Адам II кездесу өтті. Тараптар халықаралық саясат төңірегіндегі өзекті сұрақтарды талқылай отырып, Қазақстан мен Лихтенштейн Князьдігі арасындағы байланысты, соның ішінде парламентаралық ынтымақтастықты тереңдету жағдайларын сөз етті. Қазақстандық делегация әсіресе, әлеуметтік қорғау, соның ішінде медициналық сақтандыру, сондай-ақ, денсаулық сақтау және білім салаларындағы әдіс-тәсілге ерекше қызығушылық білдірді. Лихтенштейн жоғары мәртебелі князі Ханс – Адам II жүздесу барысында делегация жетекшісі 2017-2018 жылдарға Қазақстан кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне жылжытуға қатысты ҚР Президентінің жолдауын табыс етті. Дариға Назарбаева Қазақстанның аймақтық және халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, ядролық қарусыздану және таратпау, мәдениаралық және дінаралық үнқатысуды қолдау әрі дамыту жолындағы белсенді іс-қимылдарына назар аударып, Ауғанстанға жасалып жатқан гуманитарлық және техникалық көмектерді сөз етті. Кездесу иелері сондай-ақ, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы мен «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» Жолдау аясында сауда-экономикалық байланысты кеңейтуге көңіл бөлді. Делегация құрамында Мәжіліс депутаттары Г. Иксанова және В. Рогалев бар.

02.02.2015

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ГФР БУНДЕСТАГЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Егор Каппель мен Төлеш Кенжин Германия Федеративтік Республикасы Бундестагының депутаттары Хартмут Кошик және Генрих Цертикпен кездесті. Тараптар қазақстан-герман ынтымақтастығы мен парламентаралық байланыстар мәселесін талқылады. Мәжіліс депутаттары германия тарапын ЭКСПО-2017 көрмесіне белсене қатысуға шақырды. ГФР Федералдық үкіметінің аз ұлттар мен көші-қон мәселесі бойынша өкілі Кошик мырза Қазақстан-Германия Үкіметаралық комиссияның этникалық немістер мәселесі бойынша жұмыстары жайынан сөз қозғады. Жүздесушілер Қазақстанда тұрып жатқан этникалық немістерді екі ел арасындағы «байланыстырушы көпірге» айналып отыр деген тоқтамға келді. Сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастар мен парламентаралық ынтымақтастықтың жарқын болашағын да талқылады. Кездесуге ГФР Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Г.Херц пен елшіліктің бірінші хатшысы Д.Крамер қатысты.

30.01.2015

МӘЖІЛІС ПЕН ЖОГОРКУ КЕНЕШ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Астана. 30-қаңтар. Мәжіліс үйі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы М. Әшімбаевтың Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Э. Омуралиевпен кездесуі өтті. Тараптар Қазақстан мен Қырғызстанның заңнамалық органдары арасындағы ықпалдастықты одан әрі нығайту, сондай-ақ, 2014-жылы қыркүйек айында Бішкекте өткен Жогорку Кенеш пен Мәжіліс арасындағы ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық комиссиясының төртінші жиын қорытындысы бойынша келісімдердің жүзеге асырылу барысы жөніндегі маңызды мәселелерді талқылады.