Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения

Халықаралық қызмет


03.05.2013

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің Ұлыбританияның Сыртқы Істер министрінің бірінші орынбасары, Лордтар палатасының мүшесі, баронесса Саида Варсимен кездесуі барысында халықаралық деңгейдегі көптеген мәселелер талқыланды.

Соның ішінде, тараптар аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға ерекше назар аударды. Мәжіліс Төрағасы халықаралық қауымдастықтың Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша жасап жатқан әрекетіне Қазақстан мен Елбасының қосып жатқан үлесін айта келіп, Ауғанстанға көмек ретінде біздің елімізде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және гуманитарлық жобаларды сөз етті. Ұлыбританияның Сыртқы Істер министрінің бірінші орынбасары да осы мәселедегі Қазақстанның ықпалына жоғары баға бере келіп, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев пен біздің еліміздің әлемдік аренадағы халықаралық жоғары беделіне тоқталды. Нұрлан Нығматулин мен Саида Варсидің пікірінше, әріптестікті кеңейту, соның ішінде, парламенттер арасындағы ықпалдастықты нығайту қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелерін ғаламдық деңгейде ілгерлетуге мүмкіндік береді. Екі жақ бүкіл әлемдік «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық жағдайларын сөз ете келіп, «Болашақ энергиясы» және аймақтық транспорттық инфрақұрылым тақырыптарына жеке көңіл бөлді. - Біз үшін Ұлыбританияның алдыңғы қатарлы технологиялар мен инновациялар дамуында, энергетика саласындағы, соның ішінде, таза және қауіпсіз өндіріс құру жолындағы бай тәжірибелері өте маңызды,-деп атап өтті Нұрлан Нығматулин. Мәжіліс Төрағасы мен Ұлыбритания Сыртқы Істер министрінің бірінші орынбасары қазақстандық және британдық парламентшілердің өзара әрекеті алдағы уақытта да екі ел арасындағы түсіністік пен саяси сұхбатты дамытуға бағытталатынына сенім білдірді.

27.03.2013

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Финляндия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Микко Киннуненмен кездесіп, қазақстандық және финляндиялық ынтымақтастықты нығайтудың өзекті мәселелерін талқылады.

Әңгіме барысында тараптар екі елдің қазіргі даму үдерісі Қазақстан мен Финляндияның арасындағы қарым-қатынас стратегиялық әріптестіктің жаңа сапалық деңгейге көтерілгендігінің дәлелі екендігін айтты. Сонымен қатар, саяси сұхбат жолындағы жоғары жетістік тікелей екі елдің Көшбасшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Саули Ниинистёнің еңбектерінің жемісі екендігіне баса назар аударды. Сондай-ақ, екі елдің парламентаралық ынтымақтастық жағдайы да назардан тыс қалмады. Мәжіліс Төрағасы өз сөзінде: «Қазақстандық парламент өкілдерін, финляндиялық әріптестердің заң шығару жолындағы, әсіресе, инновациялық даму, білім жүйесін жетілдіру, экономикаға «экологиялық» жолмен келу, жемқорлықпен күрес, жалпы алғанда, мемлекет пен азаматтық қоғамды жаңғырту жолындағы жұмыс тәжірибелері ерекше қызықтырады», - деп атап өтті. Аталған екі елдің жоғары заң шығарушы органдары арасындағы қарым-қатынасты одан әрі күшейту мақсатында Қазақстан Парламентінде Финлияндиямен ынтымақтастық жөніндегі топ құрылды. Нұрлан Нығматулин мен Микко Киннунен парламент өкілдері арасындағы байланыстың алдағы уақытта жаңа белеске көтерілетініне және Қазақстан мен Финляндия арасында табысты ынтымақтастықтың болашағы зор екендігіне сенім білдірді.

12.03.2013

Бүгін Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин елші, Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Өкілдігінің басшысы Аурелия Бушезбен кездесті.

Кездесу барысында тараптар қазақстандық-еуропалық одақтың ынтымақтастығы төңірегіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, әріптестік қарым-қатынасты тереңдету Қазақстанның да, Еуроодақтың да сыртқы саясатының стратегиялық басымдығы екені баса айтылды. Екі жақ Қазақстан мен Еуропалық одақты еуразиялық кеңістіктегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы ортақ ұстаным біріктіретінін тілге тиек етті. Осы жерде Нұрлан Нығматулин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Орталық Азия аймағындағы, жалпы әлемдік қауіпсіздікті дамытудағы үлесіне жеке тоқталды. Парламент Мәжілісінің Төрағасы мен ЕО өкілдігінің басшысы екі жақты қарым-қатынасты күшейтуде парламентаралық ынтымақтастықтың орны ерекше екенін атап өтті. 2000 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитеті маңызды мәселелерді талқылайтын тиімді сұхбат алаңы болып табылады. Өзара байланысты одан әрі тереңдете түсу үшін қазіргі уақытта Қазақстан мен Еуроодақ арасында жаңа Келісім бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның мақсаты – алдағы әріптестіктің басым бағыттарын анықтау және бекіту. Тараптар Қазақстан мен Еуродақтың өзара ынтымақтастығының табысты болуының мүмкіндігі зор екеніне сенім білдірді.

06.03.2013

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлыбритания Сыртқы Істер министрлігінің саяси мәселелер бойынша директоры, Премьер-Министрдің Ауғанстан мен Пәкістан бойынша өкілі Саймон Гасспен кездесті.

Жүздесу барысында екіжақты қарым-қатынастар мен халықаралық күн тәртібінде тұрған мәселелер бойынша пікір алмасылды. Мәжілісмен Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктесі болып табылатын Біріккен Корольдықпен байланыстардың өркендеуіне баға берді. Тараптар Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға халықаралық қауымдастық үйлестіріп отырған мәселеге қолдау жөнінде бірегей көзқарас танытты. Сонымен қатар олар Сириядағы жағдайлар бойынша да пікір аламасты.

31.01.2013

Кеше, 30 қаңтар күні Парламентке Қазақстандағы Иордан Хашимит Королдығының Төтенше және Өкілетті Елшісі Слайман Арабиат келді.

Дипломатты Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев қабылдады.

31.01.2013

Кеше, 30 қаңтар күні Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев БҰҰ-ның жазалау түрлерінің алдын алу бойынша Кішікомитетінің төрағасы Мальколм Эвенспен кездесті.

Тараптар әңгіме барысында Мәжілісте қаралып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алуға бағытталған ұлттық алдын алу тетігін жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жайында талқылады. Кездесуге Мәжіліс депутаттары Светлана Бычкова мен Құралай Қаракен қатысты.

31.01.2013

ҚР Парламенті Мәжілісіне АҚШ Конгрессінің Аппаратынан делегация келді.

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев делегацияны қабылдап, парламентаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жайында әңгіме болды. Аймақтық қауіпсіздік пен Ауғанстан жағдайына қатысты мәселелерге ерекше назар аударылды. Сол күні делегацияны Мәжіліс депутаты, «Қазақстан - АҚШ» арасындағы парламентаралық ынтымақтастық топ жетекшісі Гүлмира Исимбаева да қабылдады. Тараптар екі ел арасындағы парламентаралық байланыстарды тереңдете түсіп, көкжиегін кеңейте беру жайында әңгіме өрбітті. Кездесуге Мәжіліс депутаты Камал Бұрханов пен Мәжіліс Аппаратының бөлім меңгерушісі Сәтбек Шалбаев қатысты.

29.11.2012

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин АҚШ Мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Уэнди Шерманмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар көптеген бағыттар бойынша Қазақстан мен Америка арасындағы қарым-қатынастың табысты дамуы - өзара тиімді және теңқұқылы ынтымақтастыққа негізделіп отырғанын атап өтті. Осы ретте аймақтық және ғаламдық қауіпсіздікке баса назар аударылуда. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды бастамалары біздің еліміздің халықаралық, соның ішінде Орталық Азиялық қауіпсіздік жүйесінің қалыпты дамуына белсене қатысуына мүмкіндік беретінін атап өтті. Екі жақ сонымен қатар, Қазақстан мен АҚШ-тың жоғары заң органдары арасындағы байланысты нығайту мәселелерін де талқылады. Алдағы бірлесіп атқарылатын жұмыстарды сөз ете келіп, Нұрлан Нығматулин мен Уэнди Шерман Қазақстан – АҚШ стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссия, энергетикалық әріптестік жөніндегі қазақстандық-американдық бірлескен комиссиясы, сонымен бірге, «Қазақстан достары» клубы сияқты ынтымақтастықтың тиімді механизмдеріне ерекше тоқталды. Мәжіліс Төрағасы мен АҚШ Мемлекеттік Хатшысының орынбасары болашақта біздің елдеріміздің ықпалдастығын табысты дамытудың әлеуеті зор деген ортақ пікірлерін жеткізді.

29.11.2012

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Парламентаралық комиссиясының үшінші отырысы өтті.

Басқосуда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, Парламентаралық Комиссияның теңтөрағасы Қабиболла Жақыпов екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 20 жылдығына орай баяндама жасады. Онда Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы екі жақты белсенді дипломатиялық қатынастардың жемісті болғаны айтылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылдың тамыз айында Қырғыз Республикасына жасаған ресми сапары мен Мемлекеттер аралық Жоғары Кеңестің үшінші отырысы осы байланыстардың жемісі екендігіне тоқталды. Қазақстан мен Қырғыз азаматтарының екі ел арасында жүріп- тұруларының тәртібі бойынша Келісім ратификацияланғаны және Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қырғыз Республикасының оңтүстік және солтүстік облыстарында екі орта мектеп салынып беретіндігі мәлімделді. Меймандар тарапынан Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші Төрағасының орынбасары, Парламентаралық комиссияның теңтөрағасы Бақыт Торобаев сөз сөйледі. - Біз сіздермен әр жүздесуімізді бабалар салған жолмен ғасырлардан келе жатқан туыстық қатынастың жалғасындай көреміз. Қырғызстандықтар Қазақстан халқы мен ел басшыларына қиын кездердегі бауырлық қолдауларына дән риза,- деген вице-спикер, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттіліктің негізін қалаудағы айырықша роліне баса баға берді. Парламентаралық өзара қатынастар шеңберінде Қазақстан мен Қырғызстан парламенттік делегацияларының ресми сапарлары кезінде қол қойылған екі ел парламенттерінің ынтымақтастығы туралы Меморандум іске асырылған. Қазақстан республикасы Парламенті Мәжілісі мен Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Парламентаралық комиссиясының екінші отырысында жасалған келісімдерді жүзеге асыру мен жеткен жетістіктер жайынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, Парламентаралық Комиссияның теңтөрағасы Қабиболла Жақыпов пен Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Әлеуметтік саясат комитетінің төрайымы Дамира Ниязалиева мәлімдеме жасады. Комиссия мүшелері айтылған мәселелер жайында талқылап, ой-пікір алмасты. Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының экономикалық сала мен экономикалық интеграциялық бірлесу шеңберіндегі ынтымақтастығы туралы Парламентаралық комиссия мүшесі, Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Ромин Мадинов пен Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Сәулет және құрылыс, көлік пен коммуникациялар комитетінің мүшесі Абдырахман Маматалиев баяндама жасады. ххх Комиссия отырысына Мәжіліс депутаттары Ізбақ Өмірзақов, Виктор Рогалев, Оразкүл Асанғазы, Асқар Базарбаев, Егор Каппель, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Сыртқы істер министрліктері мен Кеден және Ұлттық қауіпсіздік комитеттерінің өкілдері қатысты.

10.09.2012

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Въетнам Социалистік Республикасының Президенті Чыонг Тан Шангтың кездесуі өтті. Тараптар Қазақстан мен Въетнам ынтымақтастығының болашағы зор екендігіне сенім білдіре келіп, ауқымды мәселелерді ортаға салды, жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру барлық сала бойынша қазақстандық-въетнамдық байланыстарды күшейтуге жаңа серпін беретіні айтылды. Нұрлан Нығматулин алғашқы болып Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шақыру туралы бастама көтерген Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты құрылымның маңыздылығына тоқталды. Бұл бастаманы жүзеге асыру - азиялық мемлекеттердің экономикалық, мәдени және әлеуметтік даму үрдістерін қарқынды етуге мүмкіндік береді,-деді Нұрлан Нығматулин. Ал, екі елдің жоғарғы заң шығарушы органдары арасындағы қарым-қатынас туралы сөз ете келе, Мәжіліс Төрағасы қазақстандық парламенттің Въетнам Ұлттық Жиналысымен әріптестікті күшейтуге зор маңыз беріп отырғанын және арнайы мүмкіндіктерді қарастыру жолымен въетнамдық әріптестерімен тікелей байланыс орнатуға, сонымен бірге, парламентаралық ұйымдар аясында да ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ, кездесу барысында екі елдің жетекші партиялары «Нұр Отан» мен Въетнам |Коммунистік партияларының арасында байланыс орнатылғаны аталып өтілді және барлық сала бойынша бірлескен жұмыстың одан әрі жалғасын табатынына сенім білдірілді.

10.09.2012

ҚАЗАҚСТАН-ФИНЛЯНДИЯ: ПАРЛАМЕНТШІЛЕР ҮНҚАТЫСУЫ

«Парламенттік үнқатысудың өркендеуі»,- деп бағалады бүгінгі Қазақстан Парламенті Мәжілісінде өткен Парламент Палатасы Төрағасының Орынбасары Сергей Дьяченконың Финляндия делегациясының жетекшісі, Қорғаныс бойынша комитет төрағасы Юсси Ниинистёмен жүздесуін. Мәжіліс вице-спикері қонақтары Қазақстанға іссапармен келгендіктері үшін алғыс айтып, бұл сапардың екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың көкжиегін одан әрі кеңейте түсуге жол ашатынын білдірді. Бұл келісімдерге негіз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2009 жылғы ресми сапары мен 2010 жылғы Қазақстан парламентшілерінің осы елге жасаған сапарлары кезінде қаланған болатын. Екіжақты қатынастардың қарқынды дамуы соңғы жылдарғы тауар айналысының өсімінен де көрінеді. Қазақстан байланыстарды бұдан әрі дамытуға, әсіресе, парламенттік жүйені дамытуға ынталы екенін Сергей Дьяченко атап өтті. Қазақстан мен оның жаңа астанасының өсуі, тұрақты саяси-әлеуметтік жағдайдың қалыптасуы, азаматтық қоғам институттарының дамуы жайынан хабардар ете келе қазақстандық депутат биылғы жылдың қаңтарында өткен сайлауда тұңғыш рет көппартиялы Парламент қалыптасқанын, Мәжілістің бірінші сессиясының жаңа жағдайда өткенін жеткізді. Бүгінгі күні Палата Мемлекет Басшысының екінші сессияны ашу барысында заңшығарушылық саласына нақтылап берген жаңа тапсырмаларымен жұмыс істеп жатыр. Қазақстан үнқатысу мен ынтымақтасуға әрдайым ашық. Жас республика фин елінің экономикасын әсіресе, инновациялық технологиялармен даму барысын заңнамамен қамтамасыз ету тәжірибесіне қызығулық танытады. Мәжілісте финдік парламентшілермен ынтымақтастықты кеңейте түсу мақсатында достық тобы құрылды. Вице-спикер фин делегациясының Қазақстанға келуі бағдарламада көрсетілгендей пайдалы да жемісті болатынына сенім білдірді. Мейман Юсси Ниинистё өз кезегінде осы іс сапар Финляния Президенті мен фин спикерінің Қазақстанға жасайтын ресми сапары қарсаңында жүргізіліп отырғанына назар аудартты. Делегацияның негізгі мақсаты Қазақстан мен Орталықазия аймағының жағдайымен танысу және жаһандық қауіпсіздік мәселесін байқау болыпты. Тұрақты парламенттік үнқатысу аталған мақсатқа жету мен парламентаралық ынтымақтастыққа жол ашады. Қонақ сонымен бірге Қазақстан экономикасының керемет қарқынмен дамып келе жатқанын айырықша атап өтті. Тараптар әңгіме барысында Ауғанстанға мен діни радикализмге және нашақорлықпен күреске қатысты мәселелер жайында да әңгіме өрбітті. Екі ел арасындағы қатынастарды өрендету мен парламентаралық байланыстарды дамытудың қажеттілігін де айта кетті. Осымен бірге екі жақ Хельсинки қаласында Қазақстан Елшілігі ашылатындығы жайында қуанышты хабармен бөлісті. ххх Кездесуге Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов қатысты.

10.09.2012

ҚАЗАҚСТАН-ФИНЛЯНДИЯ:ПАРЛАМЕНТАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Бүгін Парламентте Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Финляндия Парламентінің Қорғаныс бойынша комитет төрағасы, делегация жетекшісі Юсси Ниинистёмен кездесуі болды. - Біздің әріптестеріміздің Қазақстанға осы сапары парламентаралық ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте түсіп, екі ел арасындағы серіктестік байланыстарды арттыра түсетінінің тағы бір дәлеліндей болып отыр,- деп бастады жүздесуді Мәулен Әшімбаев. Қазақстан Финляндиямен арадағы іскерлік қарым-қатынастардың өркендей түсуіне баса назар аударады. Оның жарқын бір айғағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2009 жылғы ресми сапары болып табылады. ЕҚЫҰ-на 2008 жылы финдердің, 2010 жылы Қазақстанның төрағалық етуі екіжақты өзара қатынастарға жаңа екпін бере түсті. Осыған орай Мәулен Әшімбаев фин тарапына қазақстандық бастаманы еуропалық деңгейде қолдағандықтары үшін ризашылық білдірді. Қазақстандық депутат Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал сыртқы саясатының негізгі бір бағыты еуропа елдерімен байланысты нығайту болып табылатынын атап өтті. Ол сонымен бірге экономикалық салада үлкен пайдаланбаған мүмкіндігі бар Қазақстанның Финляндиямен ынтымақтастықта олардың технология мен инновация саласында әлемдік көшбасшы болып отырғандықтарына қызығушылық тудыратындықтарын жеткізді. Ядролық қарусыздану мәселесі төңірегінде де әңгіме өрбітті. ххх Кездесуге Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Қуаныш Сұлтанов, Зағипа Балиева, Оразкүл Асанғазы, Жанат Жарасов, Бақытжан Ертаев, Виктор Рогалев, Абай Тасболатовтар қатысты.

04.09.2012

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІНІҢ МӘЖІЛІСІ ЖӘНЕ НАТО ПАРЛАМЕНТТІК АССАМБЛЕЯСЫ: САЯСИ СҰХБАТТЫ КҮШЕЙТУ

Ғаламдық қауіпсіздік мәселесі бойынша ынтымақтастықты нығайту бүгін тағы да парламент өкілдерінің назарын аударды. Астанада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулин НАТО Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Карл Ламерспен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен НАТО арасындағы ынтымақтастықтың оң сипатына баса назар аударылды. Бұл ең алдымен, әлемнің түкпір-түкпірінде бейбітшілікті қолдауға бағытталған, соның ішінде Ауғанстанға байланысты бірлесіп өткізілген шаралар жиынтығы. Одан әрі Нұрлан Нығматулин Елбасының халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісіндегі бастамасының маңыздылығын да ерекше атап өтті. Тараптар әріптестіктің парламенттік деңгейіне де жекеше тоқталды. Осы жағынан алғанда екі жақ та бірлестікті нығайту жолындағы ең маңызды оқиғалардың бірі ретінде Қазақстан Парламентінің НАТО Парламенттік Ассамблеясында бақылаушы мәртебесіне ие болғанын бірауыздан атап өтті. Нұрлан Нығматулин және Карл Ламерс қазақстандық парламенттің Ассамблея жұмысына араласуы НАТО-мен әріптестік қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ, халықаралық парламенттік қызмет аясында тәжірибе алмасу үшін қосымша мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.

02.07.2012

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған депутаттар «Тоyота Тshusho Соrporation» басқармасының төрағасы Джунзо Шимизу мырзамен кездесті.

Алдағы уақытта Қазақстан мен Жапония қарым-қатынасын дамыту – осы кездесудің негізі тақырыбы. Сонымен қатар парламентаралық байланыс мәселелері сөз болды. Бұған екі ел делегацияларының іссапары үлкен рөл атқарып отыр. Айталық, Мәжілістің төртінші шақырылымында қазақстандық парламентшілер Жапонияға барған болатын. Сол сапарда Нагоя қаласындағы Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды, оған Джунзо Шимизу жетекшілік етеді. – Сондықтан депутаттар экономиканың әр түрлі салалары бойынша екі елге де тиімді жобаларға қатысты ұсыныстары мен тілектерін Қазақстанның Құрметті консулы ретінде Сізге жолдайды,- деді мейманға Мәжіліс Төрағасының орынбасары. Бүгінгі кездесу осы жағынан алғанда өте мазмұнды болды. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша өзара тиімді жобаларды қарастыруға болатыны айтылды. Мәселен, теңіз суын тазарту, сусорғыштарды шығару, дәрі-дәрмек өндірісі, сондай-ақ Қазақстанда өсетін мия өсімдігінен дәрілік өнім өндіру мәселелері сөз болды. Тараптар осы аталған және басқа жобаларды жүзеге асыруға парламенттік дипломатияның ықпалы болатынын айтты. * * * Осы кездесуге Қазақстан тарабынан – Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Виктор Рогалев және аталған комитеттің мүшесі Еркін Шпанов, Қазақ-жапон іскерлік және гуманитарлық ынтымақтастық Ассоциациясының төрағасы Жекен Қалиұлы, сондай-ақ Жапония тарабынан – «Тоyота Тshusho Соrporation» менеджері Тадахико Онака, «Тоyота Тshusho Соrporation» өкілдігінің жетекшісі Такуя Ичихаши қатысты.

02.07.2012

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин АҚШ Конгресінің Еуропа және Еуразия елдері бойынша комитетінің төрағасы Дэн Бертон бастаған америкалық парламентшілер делегациясымен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Американың қарым-қатынасы туралы айта кетіп, осы елдер арасындағы ынтымақтастық байланыстың стратегиялық бағыттарын атап өтті. Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин өз сөзінде халықаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету, ядорлық қаруды таратпау және қарусыздану, халықаралық лаңкестікпен және экстремизммен күрес мәселелерінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара ықпалдастық деңгейін жоғары көтеруге қол жеткізудегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша рөлін атап өтті. Сұхбаттасушылар Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен АҚШ Конгресі арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқыға салды. Осы орайда, алдағы уақытта жоғары заң шығару органдары арасындағы өзара байланыс екі мемлекеттің әріптес елдер ретіндегі нығаюына ықпал ететініне сенім білдірді. Мәжілісте Америка Құрама Штаттарының Конгресімен ынтымақтастық тобы құрылған, оның құрамына 26 депутат енген. Ал АҚШ Конгресінде 2008 жылдан бері «Қазақстан достары» клубы жұмыс істеп келеді. Өз кезегінде америкалық парламентшілер Қазақстанның Орталық Азиядағы экономикалық және саяси тұрғыдан алғандағы жетекшілік рөліне тоқталды. Ал үш партия өкілдері енген Парламент Мәжілісінің жаңа құрамы еліміздегі демократиялық процестердің маңызды көрінісі екені атап өтілді.

05.04.2012

2012 жылғы 5 сәуірде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы М.Әшімбаев Польша Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Яцек Ключковски мен Куба Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Абелардо Фабио Эрнандес Феррерді қабылдады.

Кездесулер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады және парламентаралық қатынастарды, оның ішінде заң шығарушы органдар арасында құрылған ынтымақтастық топтары деңгейіндегі байланыстарды одан әрі тереңдету мәселелері бойынша пікір алмасты. Кездесулерге депутат Юрий Тимщенко да қатысты.

04.04.2012

2012 жылғы 4 сәуірде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ш.Өтемісов, Ж.Дүйсенғалиев және В. Киянский Қазақстанға энергетика және энергетикалық қауіпсіздік саласы бойынша келіссөздер өткізу мақсатында келген Нидерланд Корольдігінің делегациясымен кездесті.

Кездесу барысында қазақстандық парламентарилер мен Нидерландтың Сыртқы істер министрлігінің және Экономикалық мәселелер жөніндегі министрлігінің өкілдері энергияны үнемдеу саласындағы ынтымақтастықты дамыту маңызды мәселелер бойынша пікір алмасты.

13.03.2012

2012 жылғы 13 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының арнайы өкілі – БҰҰ Орталық Азиядағы аймақтық дипломатиялық орталығының Басшысы, Елші Мирослав Енча мырзамен кездесті.


13.03.2012

2012 жылғы 13 наурызда ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Виктор Рогалев, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Екатерина Никитинская мен Мейрам Пішембаев ГФР Бундестагының депутаты, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясының мүшесі Карин ШТРЕНЦ ханыммен жүздесті.


11.03.2012

2012 жылғы 11 наурызда Украинаның Жоғарғы Радасының Төрағасы Владимир Литвин бастаған парламенттік делегациясы Астанада қысқа мерзімді іссапармен болды.