Жаңалықтар
03.10.2013
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІСТЕР, ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ
Астана, 3 қазан, Мәжіліс үйі. Ағымдағы жылдың 3-қазанында еліміздің Қорғаныс министрлігінде Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы өтіп, Қазақстандағы әскери білім мен ғылымды дамытудың бүгіні мен болашағы талқыланды.
Парламент Мәжілісі депутаттарының алдында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штабтың бастығы С.Ә. Жасұзақов баяндама жасады.
Сондай-ақ, халық қалаулылары алдында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қорғаныс министрлігі жоғары оқу орындары мен зерттеу орталықтарының, Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер комитетінің лауазымды қызметкерлері сөз сөйледі.
Жиналғандар әскери кадрларды және жоғары әскери оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамын даярлау, олардың оқу-материалдық базасын нығайту, әскери-техникалық әзірлемелерге мемлекеттік тапсырысты жетілдіру мәселелерін, басқа да өзекті тақырыптарды талқылады.
Жиында сөз алған Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев әскери білім жүйесін мектептердегі бастапқы әскери даярлықтан бастап жоғары білімге дейін жетілдіру, ғылыми мекемелердің қазіргі заманғы материалдық-техникалық базасын құру, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру, сондай-ақ еліміздің қолданыстағы заңнамасын одан әрі жетілдіру арқылы Қазақстандағы әскери білім мен ғылыми үрдісті одан әрі дамыту қажеттігін атап көрсетті.
(Зәмеш Кеңесқызы, – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісінің Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі