Дариға Назарбаева: «Басты мақсат – азаматтық заң шығармашылық бастамаларды дамыту»
Астана. 26-мамыр. Мәжіліс үйі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде Палата Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева мен Zakon. Kz ақпараттық порталы бастамашы болған «Мен Қазақстан заңнамасында нені өзгертер едім. Неге? Бұл елімізге не береді?»,-деген атаумен өткізілген сайыс өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды.
Еске сала кетейік, аталған сайыс 11 - наурызда басталған болатын. Екі ай ішінде қатысуға тілек білдіргендер саны мыңға жуықтады. Мәжіліс вице-спикерінің атап өткеніндей, бұл күткендегіден еселеп артты. Осының өзі азаматтардың заңнамалық үрдіске бей-жай қарамайтындығын көрсетеді. Олардың тың идеялары мен бастамалары заң шығару жұмысында маңызды сүйеніш болмақ.
Жұмыстардың 90 пайызы заңгерлерден, 8 пайызы экономистерден, қалғаны – инженерлер, дәрігерлер, педагогтар сынды басқа да мамандық өкілдерінен түсті.
Сайысқа қатысушылар негізінен әлеуметтік-экономикалық даму, білім, денсаулық, еңбек, отбасы институтын нығайту тақырыптарын кеңінен қамти отырып, жемқорлықпен күрес, кәсіпкерлікті қолдау, мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы жетілдіру, конститутциялық құқық мәселелерін де назардан тыс қалдырмаған.
Әділ төрешілердің қатаң тезінен өткен сайыс қорытындысында заңдарды мемлекеттік тілге аударудың өзекті мәселелерін сөз еткен Гүлжазира Ақтөреқызы Ильясова бас жүлдегер атанып, бір жарым миллион теңгені қанжығасына байлады. Жүлделі екінші және үшінші орын иегерлері - бір миллион және жеті жүз мың теңгенің еншіледі. Сондай-ақ, еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуын заңнамалық реттеу, азаматтық құқық, ақпараттық құқық бағытындағы үздік жұмыстар аталымдары бойынша да жүлдегерлер анықталып, қомақты қаржылық сыяпаттарға ие болды.
Елімізде осындай сипатта алғаш рет қолға алынған сайыстың қыр-сырына тоқталған, Мәжіліс вице-спикері: «Басты мақсат - азаматтық заң шығармашылық бастамаларды дамыту, бұл саладағы қоғам өкілдерінің үздік жетістіктерін ынталандыру. Ең негізгісі, бұл шара еліміздегі заңгерлер қауымдастығының кәсібилігін арттырып, жалпы жұртшылықтың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді», - деді.
Салтанатты рәсімнен кейін «Zakon. kz» ақпараттық порталының негізін қалаушы Сергей Киселев осы республикалық конкурс базасында заңгерлер клубын құру туралы бастаманы алға тартты. Онда тиімді сараптамалық талдау жасалады және Парламентте қаралатын заң жобалары кеңінен талқыланады. Сонымен қатар, клуб заң шығарушылар мен қарапайым азаматтар арасындағы оңтайлы үнқатысу алаңына айналады.
Бұл бастаманы ұйымдастырушылар мен қатысушылар бірауыздан қолдады.
Мәжіліс вице-спикері Дариға Назарбаева: «Біз шындығында Парламентте ұдайы тың идеяларды іздеу үстіндеміз. Бұл - бізге ауадай қажет. Сондықтан, қоғам тарапынан ұсыныстар мен идеялар түсіп тұрса, оларды талқылайтын алаң болса, ол - халықтың, елдің игілігі жолындағы ортақ мақсатқа жету үшін аса маңызды», - деген ойын ортаға салды.
(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі