Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
28.05.2014

МӘЖІЛІС: БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялаудың 20 жылдығына арналған конференция


МӘЖІЛІС:  БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялаудың 20 жылдығына арналған конференция

 

Астана, 28 мамыр.Мәжіліс Үйі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясын Қазақстанның ратификациялағанына 20 жыл толуына арналған халықаралық конференция өтті.

Бала құқықтары туралы конвенция Тәуелсіз Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылғы 16 ақпанда Нью-Йоркте қол қойған және Қазақстан Республикасының Парламенті ратификациялаған алғашқы халықаралық шарттардың бірі.

Сол кезден бері еліміздегі білім, денсаулық сақтау салаларына және әлеуметтік бағдарламаларға мемлекеттік инвестициялаудың артуы нәтижесінде миллиондаған қазақстандық балалар оның нәтижелерін көріп келеді. Қазақстандағы көптеген ұлттық құқықтық құжаттар мен бағдарламалар осы халықаралық шартқа сәйкес келу үшін жақсартылды.  Қазақстанның Бала құқықтары туралы конвенцияға қол қоюының 20 жылдығын атап өту еліміздегі бала құқығын іске асыру прогрессіндегі басты кезең болып табылады.  Бала құқықтарын қорғау, ана мен баланы қорғау әрдайым, тіпті тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы ең қиын жылдары да мемлекетіміз саясатының ең маңызды басымдықтарының бірі болды.

Бүгінгі халықаралық басқосуды  Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени

даму комитетінің төрайымы Г.Иксанова жүргізіп,   ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Д.Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы А.Бижанов, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы М.Бекбосынова, Қазақстан Республикасындағы Еуропа Одағы Өкілдігінің Басшысы, Елші А.Бушез, Норвегия Елшісінің орынбасары В.Енцен, ЮНИСЕФ-тің Өкілі Д.Кукита құттықтау сөз сөйледі.

Бала құқықтары туралы конвенция әлемдегі елдердің басым көпшілігі ратификациялаған халықаралық құжат болып табылады. Ол балалардың ұғым-түсінігін және балалар мәселесін қалай шешу қажеттігі жөніндегі көзқарасты толығымен өзгертті – Конвенция бойынша балалар қамқорлық пен ілтипат білдіру объектілері болып қана қоймай, сонымен қатар кез-келген елдің және қоғамның толық құқықты мүшесі болады. Әлемдегі елдердің абсолютті көпшілігінің Конвенцияны қабылдауы олардың бала құқығын ілгері жылжытуға деген шынайы ұстанымын растап отыр. 

«Бүгінгі күні осы жиырма жылда Қазақстан бала құқықтарын, оның экономикалық және әлеуметтік саламаттылығын қамтамасыз ету саласында елеулі прогреске қол жеткізді деп айтуға толық негіз бар,- дейді өз сөзінде  ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Д.Назарбаева.

- Біздің елімізде 18 жасқа дейінгі балалар бес миллионнан астам және олар шамамен бүкіл халықтың үштен бірін құрайды. Жыл сайын елімізде 300 мыңнан астам бала дүниеге келеді, ал өткен жылы 387 мың бала туылды. Бұл жыл сайын біздің еліміз орта есепппен бір облыс орталығы – қала халқының санына өсіп отырады деген сөз.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «біздің жерімізде туған әрбір бала – қазақстандық. Мемлекет оған қамқорлық жасауға тиіс».

Балалар мүддесіне орай ауқымды мемлекеттік бағдарламалар – білім беруді дамыту бағдарламасы, «Саламатты Қазақстан», «Балапан» бағдарламалары, Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Бала тәрбиелеп отырған отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар жүйесі бір миллионнан астам адамды қамтып отыр,- деген Вице-спикер бүгінгі конференциядан:

Бірінші. Ең алдымен, бұл – бала құқықтарын заңнамалық, ұйымдастырушылық, институтционалдық, әлеуметтік, ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз етуді одан дамыту жөніндегі ұсынымдар мен ұсыныстар күтетінін мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда, Мәжілісте бірқатар маңызды заң жобаларымен жұмыс жасалып жатыр. Атап айтқанда: ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктер туралы; балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы; мемлекеттік жастар саясаты туралы; меценаттық және қайырымдылық туралы; ювеналды әділет жүйесін жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобалары.

Бір ай бұрын біз депутаттар бастамашы болған заң жобасын талқыладық,  мұның мәні «Әрбір балаға – отбасы қажет» деп қарапайым тұжырымдауға болады. Осы заң жобасымен жетім балаларды асырап алу рәсімінің  ашық болуын арттыру, ықтимал асырап алушыларды, патронат отбасыларды және қорғаншыларды  материалдық тұрғыдан ынталандыру және т.б. бойынша  бірқатар шаралар ұсынылып отыр.

Бұл құжаттың  нақты балалардың  тағдыры үшін қаншалықты маңызды екенін осы залда отырғандардың барлығы да түсінеді,- деп сеніп,  сол проблема бойынша Конференцияға қатысушылардың  пікірін сұрады.

«Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Қазақстан – 2050» стратегиясы алға үлкен мақсат қойып отыр – 2050 жылға қарай Қазақстан  әлем елдерінің  неғұрлым дамыған  отыз елінің бірі болуы тиіс. Еліміздің осы жолда үлкен  мүмкіндіктері бар екеніне біз сенімдіміз. Біз балаларымыздың болашағы қандай болуы керек екенін және осы мақсатта қандай әрекет жасау керек екенін білеміз. Балаларымыздың бақытқа қол жеткізіп, денсаулықтары мықты болуы үшін қолдан келгенін аянбауымыз қажет. Бұл қолымыздан келеді»,- деп сенім білдірді Д.Назарбаева.

Конференцияның «Конвенцияның 20 жылдығы және жаңа жоспарлар» атты бөлімінде Сенат депутаты Бірғаным Әйтімова «Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясын ратификациялау кезіндегі Қазақстан Республикасының негізгі міндеттемелері», Мәжіліс депутаты Зағипа Бәлиева «Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясы аспектінде жетімдікті алдын алуды жетілдіру перспективалары», Білім және ғылым министрінің орынбасары Есенғазы Иманғалиев «Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенцияның инклюзивтік білім берудің дамуы мен балаларға қатысты қатыгездіктің алдын алу ережелерін жүзеге асырудағы прогресс туралы» ,- деген тақырыптарға баяндама жасады.

«Балалық шақты қорғаудағы біріктірілген тәсіл» бөлімінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова «Ана мен баланың денсаулығын қорғау жүйесі дамуының прогрессі туралы», Бала құқықтары мен заңнама жөніндегі ЮНИСЕФ-тің эксперті Каролин Гамильтон (Ұлыбритания) «Балалық шақты қорғау саласындағы заңнаманы жетілдірудегі халықаралық тәсілдер туралы», Денсаулық сақтау саласы бойынша экономикалық талдау жөніндегі ЮНИСЕФ-тің эксперті Джеймс Черконе (АҚШ) «Ана мен баланың денсаулығын қорғау жүйесіндегі қызметтердің дамуына шыққан шығындардың тиімділігі туралы», ЮНИСЕФ-тің эксперті Александр Ковалевский (Ресей) «0-3 жастағы балалардан бас тартуды алдын алу бағдарламаларының тиімділігі туралы» деген тақырыпта ой бөлісті.

Конференцияға қатысушылар кезегімен сөз алып, Конвенция ережелерінің іске асырылуын және балалар мұқтаждығына жауап ретінде экономикалық сенімділікке және тиімді шешімдерге әкелетін жаңа басымдықтарды талқылады.

Шара Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бастамасымен Қазақстан Республикасының Парламенті, Норвегия Үкіметінің, Еуропа Одағы делегациясының және Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен ұйымдастырылды.   

Конференцияның жұмысына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекеттік және жергілікті органдардың өкілдері, Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері, жастар және балалар қатысты. 

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі