МӘЖІЛІС ЖАҢА ЖЫЛДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЖАЛПЫ ОТЫРЫСЫН ӨТКІЗДІ
Астана. 14-қаңтар. Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Мәжілістің жаңа жылдағы алғашқы жалпы отырысы өтті.
Халық қалаулылары бесінші шақырылым жұмысы аясында алғаш рет мемлекеттік тілде әзірленген «Балалаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасын ілеспелі заң жобасымен екінші оқылымда мақұлдады.
Мәжіліс депутаттары бастамашы болған бұл заңды қабылдаудың өзектілігі ақпараттық кеңістіктің жаһандану жағдайында ақпараттық теріс ықпал етуге ұшырап жататын балалардың әлсіздігімен түсіндірледі. Қаралған заң жобасының маңыздылығын алға тартқан Қабиболла Жақыпов құжатты мемлекеттік тілде әзірлеп ұсынған депутаттарға алғысын жеткізе келіп, заң жобасын қабылдау өскелең ұрпақты психикалық зақым түсіруге, қоғамға қарсы әрекеттерге жол ашуға ықпал ететін ақпараттардан қорғауға жол ашатынына сенім білдірді.
Заң жобасы түрлі жастағы балаларға арналған ақпараттық өнімдерге(баспа, үн-бейне таспа, БАҚ басқа да) олардың психофизиологиялық ерекшеліктерін есепке ала отырып арнайы талаптар бекітуді қарастырады.
Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар ақпараттық өнімге сараптама жүргізу тетігін бекітуге, сарапшыларға қойылатын талаптарды белгілеуге, сарапшылар мен сараптама ұйымдарын аккредиттеу тәртібін айқындауға, осы саланы реттейтін мемлекеттік органдар құзыретінің аражігін ажыратуға, сондай-ақ, заң жобасының жекелеген нормаларын нақтылауға, мазмұнын жақсартуға бағытталған түзетулер енгізді.
Осы күні сондай-ақ, мәжілісмендер «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске енгізілген өзгерістерге оң бағасын берді. Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында оның ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізілді. Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізудің, медициналық техниканы жеткізудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасуды регламенттейтін нормалар назарға алынды.
Екінші оқылымда мақұлданған зияткерлік меншік саласын құқықтық реттеу мәселелеріне қатысты заң жобасы заңнаманы, оның ішінде құқықтық олқылықтарды, қайшылықтарды жою, сондай-ақ, әкімшілік кедергілерді келтіретін нормаларды болғызбау жолымен одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленді.
Жалпы отырыста Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді, Халықаралық Қайта құру және Даму Банкі арасындағы «Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру» жобасы бойынша грант туралы келісімді, Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімді ратификациялауға, сондай-ақ, қылмыстық-атқару заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерге байланысты заң жобалары жұмысқа қабылданды.
(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02 ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі