МӘЖІЛІСТЕ: Атом энергиясын пайдалану туралы заң жобасы таныстырылды
Астана, 15 қаңтар, Мәжіліс Үйі.
Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютиннің жетекшілігінде «Атом энергиясын пайдалану туралы» заң жобасының жаңа редакциясының таныстырылымы болды.
ҚР Энергетика министрінің орынбасары Бақытжан Жақсалиев баяндама жасады.(назарларыңызға баяндама тезисін ұсынамыз:)
«ҚР Үкіметінің 2014 жылғы Заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес (Үкіметтің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы №1547 қаулысымен бекітілген) ҚР Энергетика министрлігі:
· «Атом энергиясын пайдалану туралы» (жаңа редакциясы);
· «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдардың жобаларын әзірледі.
1. Заң жобасын әзірлеу негізі
«Атом энергиясын пайдалану туралы» қолданыстағы заң 15 жылдан астам уақыт бұрын білім мен тәжірибенің деңгейі, атом өнеркәсібінің жай-күйі және республикада сол кезде болған ядролық технологияларды қолдану негізінде әзірленді және қабылданды.
Өткен мерзім ішінде Республика атом саласындағы бірнеше халықаралық конвенцияларға қосылды, елдің заңнамасында бірқатар өзгерістер жинақталды, құқық қолдану тәжірибесі жинақталды, атом энергиясын пайдалану кезінде қауіпсіздікті реттеудегі кемшіліктер мен кемістіктер анықталды.
Заң жобасының мақсаты:
· атом энергиясын бейбіт пайдалану кезінде және атом энергетикасын дамыту жағдайларында қауіпсіздікті тиісті дәрежеде қамтамасыз ету және халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаны тиімді қорғау;
· ядролық қызметтің қауіпсіздігі бойынша халықаралық талаптармен үйлестіру болып табылады.
Енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Заң мәтінінің жартысынан асатынын ескере отырып, Заңның жаңа редакциясы әзірленді.
Қабылданатын заң жобаларының қолданысын қамтамасыз ету үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден шығыстар талап етілмейді.
Заң жобаларын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға апарып соқпайды.
Заң жобасы мемлекеттің, билік органдарының, атом энергетикасын дамыту жағдайларындағы қызметпен байланысты заңды және жеке тұлғалардың өзара қарым-қатынас тәртібін нақты айқындауға мүмкіндік береді.
2. Заң жобасының негізгі жаңа енгізілімдері.
1) Негізінен заң жобасына мынадай нормалар енгізілді:
Қондырғылардың радиациялық қауіптілік санаттарын белгілеу – бұл қондырғылардың әрбір түріне олардың қауіптілік деңгейі бойынша қойылатын тиісті талаптарды анықтауға және белгілеуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде кәсіпкерлік қызметтің жүктемесін түсіреді;
Атом энергиясын пайдаланумен байланысты қызметті жүзеге асыру кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты персоналды аттестаттау, бұл атом энергиясын пайдаланатын объектілерде қауіпсіздік деңгейін арттыру, авариялық жағдайларды болдырмау үшін қажет;
ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасы – осындай арнайы сараптамалар жүргізудің қажеттілігі атом энергиясын пайдалану саласындағы сараптық ұйымдар мен сарапшылардың арнайы білімі мен даярлығын талап ететін қызметтің ерекшеліктеріне негізделген. Сараптама нәтижелері атом энергиясын пайдаланатын объектілердің қауіпсіздігі туралы қорытынды шығару және жоғары қауіпсіздік стандарттарын қолдау үшін оларды пайдалану мүмкіндігі туралы шешім қабылдау үшін пайдаланылады;
атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнаманың ережелерін қолдану кезінде екі жақты түсініктеме беруді болдырмау мақсатында терминология мен түсінісу аппаратын нақтылау;
персоналды радиациялық әсердің қауіп-қатерінен сақтандыру талабы, бұл персоналдың денсаулығына келетін залалды өтеуге құқықтар мен кепілдіктерді қамтамасыз ету үшін қажет;
ядролық қондырғылар мен көму пункттерін салу туралы шешім қабылдау тәртібін белгілейтін нормалар енгізілді, бұл ядролық қондырғылар мен көму пункттерін салу кезінде қауіпсіздік талаптарының орындалуын, сондай-ақ оларды пайдалануды қауіпсіз тоқтату кепілдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;
радионуклидтік көздердің қауіптілік санаттары анықталды – санатына байланысты радионуклидтік көздерге қойылатын қауіпсіздік талаптарын оңтайландыруға мүмкіндік береді;
авариялық әзірлік және ядролық және радиациялық аварияларға ден қою бойынша нормалар анықталды, бұл мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ядролық немесе радиациялық авариялар кезіндегі өзара іс-қимылын реттеуге мүмкіндік береді;
ядролық қондырғы персоналына қойылатын біліктілік талаптары белгіленді – ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздіктің, авариялық әзірліктің және ядролық аварияларға ден қоюдың тиісті деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ұлттық заңнаманы Қазақстан Республикасы ратификациялаған атом саласындағы халықаралық шарттармен сәйкестікке келтіру үшін «ядролық физикалық қауіпсіздік», «пайдаланылған ядролық отын», «радиациялық қондырғы және радиациялық қатер» деген ұғымдар енгізілді.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасында Азаматтық және Экологиялық кодекстерге, «Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы», «Мемлекеттік құпиялар туралы» және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.
Заң жобасы «Атом энергиясын пайдалану туралы» негізгі заң жобасын іске асыру кезінде құқықтық қайшылықтар мен кемістіктерді болғызбау мақсатында әзірленді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі
839-бапқа Сақтандырушыны сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босатудың негіздерінің тізбесінен «радиация немесе радиоактивтік зақымдану» жағдайларын болдырмау бөлігіне өзгерістер енгізу персоналдың және үшінші тұлғалардың денсаулығын қорғау мақсатында атом энергиясын пайдаланатын қызметті жүзеге асырумен байланысты радиациялық қатерлерді сақтандыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
9-слайд
Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі
Ядролық экспорт пен импортты бақылау саласындағы заңнамаға сәйкестікке келтіру, сондай-ақ терминологияны «Атом энергиясын пайдалану туралы» негізгі заң жобасына сәйкестікке келтіру мақсатында радиоактивті және ядролық материалдарды әкелу тәртібі бөлігіне өзгерістер, «радиоактивті материалдар» терминін нақтылау ұсынылады.
«Радиациялық қауіпсіздік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы
Терминологияны негізі заң жобасымен сәйкестікке келтіру бойынша нормалар енгізілді.
«Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жататын мәліметтердің тізбесін түзету бөлігінде 12-баптың 35) тармақшасына өзгеріс енгізілді, бұл экологиялық ақпараттың жалпыға бірдей қол жетімділігін қамтамасыз етуге және тек қана ядролық объектілердің физикалық қауіпсіздігінің нақты жүйелері туралы мәліметтер жөнінде құпиялылықты анықтауға мүмкіндік береді.
Қауіпті объектілердің қоршаған ортаға, оның ішінде атом энергиясын пайдаланатын объектілердің ықтимал әсері туралы ақпарат жалпыға бірдей қолжетімді болуы тиіс. АЭС бойынша жұмыстардың барлық кешенін құпияландырудың қазіргі жағдайда мәні жоқ және атом саласын дамытуды едәуір қиындатады.
«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы
Лицензиялар алуға арналған өтініштерді қарау мерзімдерін ұлғайту бойынша нормалар енгізу, лицензиардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеру үшін атом энергиясы объектісіне бару мүмкіндігі, лицензиардың қауіпсіздікті негіздеуге қосымша құжаттарды сұрату мүмкіндігі қауіпсіздіктің әрбір аспектісі бойынша мұқият талдау жүргізуге мүмкіндік береді.
Осылайша, атом энергиясын пайдалану саласындағы осы заң жобаларын қабылдау:
· қарым-қатынасты реттеу жүйесін ретке келтіруге;
· қауіпсіздік жөніндегі талаптарды халықаралық стандарттар деңгейінде белгілеуге және үйлестіруге;
· қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды оңтайландыруға, оларды іске асыруға жұмсалатын шығынды барынша азайтуға;
· ескірген нормаларды жоюға және кемістіктерді толықтыруға мүмкіндік береді.
Тұтас алғанда осы заң жобаларын қабылдау мемлекеттегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға оң ықпал етеді.
***
Енді аталған заң жобасы депутат Шавқат Өтемісов жетекшілік ететін жұмыс тобында қаралатын болады.
(Сәуле Досжанова. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты.)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі