Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
04.02.2015

МӘЖІЛІС МЕМЛЕКЕТТІК КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ЗАҢ ЖОБАСЫН МАҚҰЛДАДЫ


МӘЖІЛІС МЕМЛЕКЕТТІК КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРГЕ ҚАТЫСТЫ  ЗАҢ ЖОБАСЫН  МАҚҰЛДАДЫ

                                                              

  Астана, 4 ақпан. Мәжіліс үйі. 

Бүгін Мәжіліс Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен жалпы отырыста Палата депутаттары  әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыруға қатысты заңнамалық түзетулерді  мақұлдады.

Бұл өзгерістер мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алуға халыққа қызмет көрсету орталығына және (немесе) «электрондық үкімет» порталына өтініш білдірудің баламасын анықтауға, мемлекеттік қызметтер көрсету нәтижесін алу мерзімдерін қысқартуға, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініш білдірген кезде қоса берілетін құжаттардың санын қысқартуға және бір өтініш бойынша мемлекеттік көрсетілетін екі қызметтің нәтижелерін алу мүмкіндігін бекітіп беруге мүмкіндік береді.

Материалдық өндірістің барлық салаларының жұмысшылары мен еңбеккерлерін көтермелеу мақсатында Мәжіліс депутаттарының бір тобы үш дәрежеден тұратын «Еңбек Даңқы» (Трудовая Слава)» мемлекеттік наградасымен наградтау бөлігінде қолданыстағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзету енгізді.

Палатаның жалпы отырысында бірқатар құжаттар ратификацияланды олар: қазақстан-өзбекстан үкіметаралық адамдардың реадмиссиясы туралы Келісім мен халықаралық Валюта Қоры Келісімі.

Сонымен қатар – Қазақстан мен Халықаралық Қайта құру және Даму Банкі арасындағы «Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру» жобасы да бар.

Палата  депутаттары оларға қосымша жаңадан ратификацияланатын құжаттарды жұмысқа алды. Олар:  қазақстан -вьетнам үкіметаралық  табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің интеграцияланған валюта нарығын ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімдер.

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01.  Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі