Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
05.02.2015

МӘЖІЛІСТЕ: «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы таныстырылды


МӘЖІЛІСТЕ: «Мемлекеттік сатып алу туралы»  заң жобасы таныстырылды

 

Астана, 5 ақпан. Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте вице-спикер Дариға Назарбаеваның қатысуында Палатаның Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік сатып алу туралы»  (жаңа редакцияда) заң жобасының таныстырылымы өтті.

Отырысты жүргізген комитет төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов: «Мемлекеттік сатып алу туралы» (жаңа редакцияда) Заң жобасын Мемлекет Басшысының Парламенттің 5-шақырылымы 4-сессиясының ашылуында берген тапсырмасына орай әзірленген.

Кәсіпкерлердің проблемаларын шешуді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуды ескеріп жасалған заң жобасының мақсаты:

1. Мемлекеттік сатып алуды жеңілдету

2. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту

3. Әлеуетті өнім берушілердің құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау

4. Мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін арттыру.

Ал, міндеттері:

1. Сатып алуды электрондық нысанда өткізудің толық цикліне көшу

2. Бір көзден алумен өткізілетін сатып алу үлесін қысқарту

3. Веб-порталды өзге мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау»,- деп құжаттың маңызына тоқталды.

Қаржы министрлігі  ұсынып отырған заң жобасы бойынша министр Бақыт Сұлтанов баяндама жасады.

Министрдің мәлімдеуінше: «Аталған заң жобасы үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып әзірленген. Оған мыналар негіз болды:

- қорытындыларды шағымдану кезеңінде шарт жасасуды тоқтату және сатып алудың жаңа тәсілін – «алдын ала біліктілік іріктеуін қолданумен конкурсты» енгізу бөлігінде 2011 жылғы БҰҰ-ның жария сатып алу туралы үлгілік заңының (ЮНСИТРАЛ) ережелері;

- мемлекеттік сатып алу жүйесін толық автоматтандыру бөлігінде Оңтүстік Корея тәжірибесі;

- демпингке қарсы шаралар енгізу, өнім берушінің аванстан бас тарту құқығын бекіту бөлігінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт нормалары;

- сатып алу мониторингі және оны бақылау институтын енгізу бөлігінде «Келісімшарт жүйесі туралы» РФ Федералдық заңының нормалары.

Бұдан басқа заң жобасын әзірлеу шеңберінде Қазақстан Республикасында өткізілетін сатып алудың өзге түрлерін салыстырмалы талдау жүргізілді – бұл Самұрық-Қазына қорының, жер қойнауын пайдаланушылардың, табиғи монополия субъектілерінің, СК-Фармацияның және ұлттық компаниялардың сатып алуы.

 Жүргізілген талдау қорытындылары бойынша заң жобасымен біліктілік талаптары және конкурстық құжаттамаға қойылатын талаптар жеңілдетіледі, бүл сатып алуға қатысушы әлеуетті өнім берушілер санын ұлғайтуға мүмкіндік береді.  

Мемлекеттік сатып алу саласында бұзушылықтардың көбі конкурстық өтінімдерді негізсіз қабылдамау бөлігінде оларды қарау сатысында жасалады. Осыған орай сатып алу өтпеді деп танылады, бұл бір көзден алумен сатып алуды жүргізу үшін негіз болып табылады.

Сондай-ақ конкурс және аукцион өткізу тәртібін оңайлату ұсынылады. Мысалға конкурсқа қатысуға өтінім және баға ұсынысы бірге берілетін болады. Бұл конкурсты өткізу кезеңдерін қысқартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ тапсырыс берушінің лауазымды тұлғаларының теріс пайдалануына ықпал ететін фактілерді болдырмайды.

Бұдан басқа, заң жобасында әлеуетті өнім берушілер бөлінген бюджеттен төмендетілген бағаға тең шарт сомасын атқарылуын қамтамасыз етуге қоса, өздері демпинг бағаларын ұсыну мүмкіндігін көздейтін демпингке қарсы шаралар институтын енгізуді ұсынады.

Осы шара бір жағынан бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді, ал екінші жағынан әлеуетті өнім берушілер арасында бәсекелестікті қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ аукцион өткізу тәртібі 3-тен 2 кезеңге дейін қысқарады: бірінші кезеңде аукционға рұқсат алу мәселесі қаралатын болады, екінші кезеңде: аукцион өткізілетін болады. Бұл ретте ең төмен баға ұсынысын берген әлеуетті өнім берушілер жеңімпаз деп танылады.

Заң жобасы ашықтықты арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша төмендетуге бағытталған бірқатар прогрессивті нормаларды қамтиды, оны қабылдау Үкімет пен Парламенттің дағдарысқа қарсы шараларының бірі болып табылады»,- деген министр депутаттардан заң жобасын Парламентте жеделдетіп жылжыту және қабылдау мүмкіндігін қарастыруды сұрады. 

Баяндамадан соң министр Мәжіліс депутаттары С.Әйімбетов, Г.Исимбаева, Т.Ерғалиев, З.Балиева, А.Перуашев, К.Идирисов, Н.Сабильянов, С.Романовская, А.Соловьева, А. Бекенов, Д.Назарбаева, т.б. сұрақтарына жауап берді.

Енді аталған заң жобасы депутат Серікжан Қанаев жетекшілік ететін  жұмыс тобында талқыланатын болады.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі