МӘЖІЛІС БАҒАЛАУ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫН БІРІНШІ ОҚЫЛЫМДА МАҚҰЛДАДЫ
Астана. 11-ақпан. Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті.
Халық қалаулылары «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» заң жобасын ілеспелі түзетулермен бірінші оқылымда мақұлдады.
Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Мұхтар Тінікеевтің атап өткеніндей, Заң жобасы ҚР Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2014-жылға арналған жоспарына сәйкес әзірленген және бағалау қызметі саласындағы заңнаманы оның реттеу жүйесін өзгерту, халықаралық стандарттарды енгізу арқылы жетілдіруге бағытталған.
Заң жобасы міндетті бағалау тек қана мемлекеттік мүлікті жекешелендіру, сенімгерлік басқаруға не жалға (кейіннен сатып алу құқығымен жалға) беру үшін, сондай-ақ неке келісім-шарттарын жасасу және мүліктің құны туралы дау туындаған жағдайда, ажырасушы ерлі-зайыптылардың осы мүлкін тараптардың біреуінің немесе екі тараптың да талап етуі бойынша бөлу, салық салынатын базаны есептеу туралы дау туындаған жағдайда, салықтардың төлену дұрыстығын бақылау мақсатында бағалау обьектілеріне бағалау жүргізу жағдайларында жүргізілетіні туралы нормамен толықтырылды.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттарына, тұрақты комитеттер мен заңнама бөлімінен келіп түскен барлық ескертпелер мен ұсыныстар қарастырылып, талқыланған.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары «Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Тұрарбек Асанов Келісімде Комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратпен алмасу тәртібін ретке келтіру және оны жария еткені үшін жауаптылықты белгілеу көзделгенін атап өтті.
Сондай-ақ, жалпы отырыста Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сотталған адамдарды беру, сондай-ақ, ұстап беру туралы шарттарды ратификациялау туралы бірқатар жаңа заң жобалары жұмысқа қабылданды.
(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02 ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі