Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
12.02.2015

Қ.ЖАҚЫПОВ ТҮРІКМЕНСТАННЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІН ҚАБЫЛДАДЫ


Қ.ЖАҚЫПОВ ТҮРІКМЕНСТАННЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІН ҚАБЫЛДАДЫ

 

Астана, 12 ақпан, Мәжіліс үйі.  Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Магтымгулы Акмырадовты қабылдады.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды сұрақтарын талқылай келіп, отын-энергетикалық сала, ауылшаруашылығы, көлік және коммуникация бағыттарына айрықша назар аударды.  

Кездесу иелері қазақстандық-түрікмендік қарым-қатынас деңгейіне жоғары баға беріп, оның тұрақты дамуына екі ел басшыларының серпін беріп келе жатқанын алға тартты. 

Мәжіліс Спикері әлемдік экономикада болып жатқан ғаламдық үдерістерді айта келіп, Қазақстан Президентінің дағдарыстың жағымсыз ықпалына қарсы бағытталған  маңызды бастамаларын атап өтті.

Өз кезегінде мейман Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатын сөз етіп, Қазақстанның даму қарқынына назар аударды.

Парламентаралық байланыстарды нығайтуға да айрықша көңіл бөлінді.  Қабиболла Жақыпов өзінің түрікмендік әріптесіне ағымдағы жылы күзде Астанада өтетін Түрік тілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының алтыншы пленарлық отырысына қатысу үшін Қазақстанға келуге шақыру жолдады.

Магтымгулы Акмырадов Мәжіліс депутаттарын биыл мерейтойлық жыл аясында Ашхабадта өтетін Түрікменстанның бейтарап ел атануының 20 жыл толуына арналған шараларға қатысуға шақырды.

Осы ретте тараптар екі ел үшін де маңызды 2015-жыл қос мемлекет халықтарының қарым-қатынасын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.

 

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі