МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ ДСҰ ЕУРОПА ӨҢІРЛІК БЮРОСЫНЫҢ БАСШЫСЫН ҚАБЫЛДАДЫ.
Астана, 13 ақпан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов ДСҰ Еуропа өңірлік бюросының директоры Жужанна Якабты қабылдады.
Қабиболла Жақыпов алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша ДСҰ Еуропа бюросы кеңсесінің Алматыда ашылуымен құттықтады. Салтанатты шара 11-ақпанда өткен болатын.
Тараптар бұл Қазақстан мен Орталық Азия ғана емес, Еуропа үшін де маңызды оқиға екенін атап өтті.
Мәжіліс Төрағасы Қазақстан Президентінің маңызды бағдарламаларында денсаулық мәселесіне айрықша басымдық берілетінін алға тарта келіп, Елбасы саясатының әлемдегі экономикалық жағдайға қарамастан әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.
Өз кезегінде Жужжана Якаб кеңсенің Қазақстанда ашылуы – Нұрсұлтан Назарбаевтың ғаламдық және аймақтық деңгейдегі денсаулық сақтау мәселесіне қатысты теңдессіз рөлінің айқын дәлелі екенін жеткізді.
Осы ретте мәртебелі мейман Қазақстан Президентінің әлеуметтік саланы инвестициялау қажеттілігіне қатысты көреген шешімдерін айтып, біздің еліміздің алға қойған барлық мақсаттарына жететіндігіне сенім білдірді.
Кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге, денсаулықты нығайтуға, дәрі-дәрмек саясатын дамытуға бағытталған заңнамалық жұмыстар туралы әңгімеледі.
Жужжана Якаб денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту көрсеткіштері бойынша жетістіктерді тізбелей келіп, ДСҰ мен Қазақстанның өзара іс-қимылына жоғары баға берді.
(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі