Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
16.02.2015

МӘЖІЛІС: ҚР сыртқы саясатының тұжырымдамасы –Үкімет сағаты


МӘЖІЛІС: ҚР сыртқы саясатының тұжырымдамасы –Үкімет сағаты

 

Астана, 16 ақпан, Мәжіліс Үйі.

Мәжіліс депутаттары Палата Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаеваның жетекшілігінде өткен кезекті Үкімет сағатында «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру»,- тақырыбын талқылады.

Вице-спикер «Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан теңгерімді көпвекторлы сыртқы саясатты жүргізіп келеді. Ұлттық мүддемізге сәйкес, еліміздің сыртқы саясаты ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге, егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызды нығайтуға және экономикамызды одан әрі дамытуға бағытталған.

Осының нәтижесінде қазіргі кезде еліміз халықаралық қауымдастықтың тең құқылы мүшесі болып қалыптасты. Қазақстан әлемнің көптеген елдерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы сияқты бірқатар халықаралық және өңірлік ұйымдарға мүшелік етуде.

Қазақстанның ядролық қаруды таратпау мен қарусыздану, өңірлік және жаһандық қауіпсіздік, ұлтаралық келісім, конфессияаралық тағаттылық пен диалог саласындағы халықаралық бастамаларын бүкіл әлем мойындап отыр.

Бүгінгі таңда Қазақстан әлемнің басқа мемлекеттері санасатын және сыйлайтын абыройлы елге айналды. Қазақстанның жүйелі бітімгершілік қызметіне әлемнің жетекші елдері мен халықаралық ұйымдар оң баға беруде. Бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың беделі айрықша рөл атқарғаны мәлім.

Қазіргі уақытта қазақстандық сыртқы саясат өз тиімділігі мен пәрменділігін дәлелдеді деп айта аламыз.

Сонымен қоса, соңғы жылдары әлем түбегейлі өзгерістерге ұшырап, жаңа қауіп-қатерлер пайда болды.

Осыған байланысты өткен жылдың басында Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Бұл тұжырымдама «Қазақстан-2050» – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Стратегиясында көрсетілген сыртқы саясат саласындағы бағыттар мен міндеттердің негізінде әзірленді.

Бүгінгі Үкімет сағатының тақырыбы - осы Тұжырымдаманың іске асырылуын талқылау болмақ.

Өткен жылы Сыртқы істер министрлігі ауқымды жұмыстар атқарып, негізгі әріптестерімізбен және халықаралық ұйымдармен екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты белсенді дамыту жұмысын жалғастырды.

Осы Тұжырымдаманы іске асыруға Қазақстан парламентарийлерінің де өз үлестерін қосып жатқанын атап өткім келеді: біз маңызды халықаралық шарттарды уақтылы ратификациялап отырмыз; парламентаралық ұйымдардың қызметіне де белсенді қатысудамыз; парламенттік дипломатияны дамытуға атсалысып келеміз»,- деп отырысты бастады.  

Аталған тақырыпқа Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов баяндама жасады.

(Төменде сол баяндамадан үзінділер беріп отырмыз)

2014 жыл Қазақстанның  сыртқы саясаты үшін  табысты   жыл болды. Жалпы, Қазақстанда және шет елдерде  жоғары деңгейде 59 іс-шара және 70 екіжақты сапар өткізілді. 73 халықарлық шарт (22-мемлекетаралық, 40-үкіметаралық, 11- ведомстворалық) жасалды.

Өткен жылғы 19 мамырда Астанада Қазақстан, Беларусь және Ресей Президенттерінің Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қоюын   тарихи күн деп атауға болады. Бұл шарт 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастады. Бұл маңызды құжат Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде (ММУ) айтқан еуразиялық интеграция туралы идеясының нақты іске асырылуы болып табылады.

ЕАЭО тартымдылығын әлемнің 40-тан астам елінің ЕАЭО-мен еркін сауда аймағын құру туралы шартқа қол қоюы  айғақтайды.

Еуразиялық экономикалық интеграцияға арналған бағыт біздің елдің стратегиялық таңдауы болып табылатынын айрықша атап өтемін. Жаһандық турбуленттік жағдайларда экономикалық интеграция объективті үрдіс және заңды құбылыс болып табылады. Бірде-бір ел экономиканы интеграциялаусыз дами алмайды. Ал біздің экономика жаңа нарықтарды, сауда мен инвестициялар үшін кедергілерді жоюды қажет етеді.

Еуропалық одақпен Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісім және Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі туралы келіссөздердің табысты аяқталуы осының айғағы болып табылады.  Осы жылы ЕО-мен жаңа Келісімге қол қоюға үміт артамыз. Бұл келісім қазақстандықтар үшін визалық режимді жеңілдетуді қоса алғанда, 29 салада ынтымақтастықты нығайту болып табылады.

Сонымен қатар, өткен жылы біз қолайлы жағдайлар жасау және тағы да үлкен инвестициялар тарту үшін Қазақстанның негізгі инвесторлары болып табылатын 10 елге визасыз режим  жөніндегі пилоттық жобаны іске қостық.

Энергетикалық салада айтулы жетістік ретінде Қазақстанның шет елдік жоғары деңгейдегі өкілдердің қатысуымен болған Энергетикалық хартия конференциясының 25-сессиясына (26-27 қараша, Астана) табысты төрағалық етуін атап өтуге болады.

ЭСКПО-2017 шет елдердің ғылыми және технологиялық әлеуетін тарту жөнінде белсенді жұмыстар жүргізілуде. Осы жұмыстардың шеңберінде әлемнің ғылыми топтарымен және инновациялық орталықтарымен (АҚШ, Үндістан, Ресей және басқа елдердің селикон алқаптары)  ынтымақтастық орнатылды.

Астана экономикалық форумының қорытындысы бойынша Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасы қабылданды, ол  G 20 елдері басшыларының, халықаралық және өңірлік бірлестіктердің назарына ұсынылды.    

Өңірлік және және жаһандық қауіпсіздікті нығайту – Қазақстанның сыртқы саясатын қалыптастыруда маңызды орынға ие.  

Біз соғыс пен бейбітшілік, орнықты даму мәселелерін шешуге бағытталған әмбебап ұйым ретіндегі БҰҰ-ны жан-жақты нығайтуға атсалыстық және атсалысу үстіндеміз.  Бұл іс-шараларды табысты өткізуге біздің құрметті парламентшілеріміз үлкен қолдау көрсетті. Сол себепті, Сыртқы істер министрлігі атынан БҰҰ ҚК сайлау науқанын сәтті іске асыру бойынша іс-қимылдарға белсенді қатысып, қолдау жасаған депутаттарға алғысымды білдіргім келеді. Бұған қоса, БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелігіне ҚР-дың кандидатурасын ілгерілету бойынша ҚР Президентінің Арнайы уәкілдері ретінде  ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қ.Жақыповтың Мажарстанға (2014 жылғы 19-21 қазан) және ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Д.Назарбаеваның Германия мен Лихтенштейнге (ү.ж. 27-30 қаңтар) жасаған сапарларын ерекше атап өткім келеді.

Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету тақырыбының жалғасы болып табылатын 2014 жылғы мамырда Шанхайда өткен АӨСШК-тің IV саммитін атап көрсету қажет. Ол сенім шаралары негізінде қауіпсіздікті нығайту мәселелері жөніндегі көпжақты азиялық алаң ретіндегі Форум болып, 20 жылдық тарихтағы «бетбұрыс» кезеңіне айналды. Қазақстан ҰҚШҰ, Түркі Кеңесі желісі бойынша көпжақты ынтымақтастық шеңберінде де елеулі нәтижелерге қол жеткізді.

Өткен жылы Гаагада өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит осы саладағы Қазақстанның жаһандық көшбасшылығын тағы бір рет растады.

 Бұдан басқа, Мемлекет басшысының маңызды бастамаларын - G-Global, АТОМ Жобасын ілгерілету жөніндегі жұмыс та жалғасты.

                Миланда болған «Азия-Еуропа» (АСЕМ) Форумының Саммитіне қатысу біздің ел үшін маңызды оқиғаға айналды.

                Біз ИЫҰ мен тұтастай алғандағы мұсылман әлемі шеңберінде маңызды рөл атқаруға бағытталған, штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық түлік жөніндегі ислам ұйымын дамыту мәселесін де белсенді түрде ілгерілетіп отырмыз.

                2014 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Президентінің «Дамуға ресми көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қоюы үлкен оқиға болды. Ол мемлекет реномесін «көмек алушы» емес, керісінше «донор» ел ретінде растап, өңірлік көшбасшы ретіндегі  Қазақстанның рөлін бекітті. Қабылданған заңдар ТМД кеңістігінде алғашқы болып табылады. 

                Дәл осы тұрғыда біздің  өңіріміздің проблемалық мәселелерін шешуге, ЕЫҚҰ-мен прагматикалық ынтымақтасуға жәрдем көрсету мақсатында Алматы қаласында БҰҰ өңірлік хабын құру жөніндегі жұмысты жалғастырып отырмыз.   

                Мемлекет басшысы сыртқы саясаттың стратегиялық бағыты ретінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындауды атап көрсетті. Халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларына негізделген Каспий жағалау мемлекеттері арасындағы тұрақты және достық қарым-қатынастар Каспий өңіріндегі саяси және экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға өз үлесін қосатын болады.

                Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық ресімдеу жұмысы жалғасуда.

                Жақында орын алған Париждегі қайғылы оқиғалар, Пәкістандағы, Ирактағы  терактілер, «Ислам мемлекеті» деп аталатын қылмыстық қызмет әлемнің барлық мемлекеттері үшін ортақ қатерге айналған радикалдық халықаралық тероризмнің жаппай жүгенсіздігін айқын көрсетті. Қазақстан әлемдік қоғамдастықпен бірлесе отырып, бұл жауыздыққа қарсы қатаң шаралар қолдануды қолдайды.

                Сонымен бірге, Франциядағы трагедия Еуропалық қоғамда проблемалардың бар екендігін жоққа шығармайды.       

                Дәл осы тұрғыда Қазақстанның ү.ж. маусымда Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру бастамасы  тым жоғары қажеттілік пен өзекті сипатқа ие. Біз Съезді жоғары мазмұнды және ұйымдастырушылық деңгейде өткізуге баса назар аударамыз.

    Орталық Азиядағы біздің көршілерімізбен екіжақты қарым-қатынастарда 2014 жылғы мемлекет басшыларының кездесулері мен өзара сапарлары айтулы оқиға болды, онда екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайту мен өңірде интеграциялық үдерістерді дамытудың нақты қадамдары талқыланды.

Бұл жерде Қырғызстан Президенті А.Атамбаевтың Қазақстанға екі сапарын, біздің Мемлекет басшысының ШЫҰ Саммитіне қатысуы үшін Душанбеге сапарын және Тәжікстан президенті Э.Рахмонмен екіжақты келіссөзін, Түрікменстанға сапары, оның барысында жалпы интеграциялық үдерісті және өңірлік сауданы дамытуға мүмкіндік тудыратын Қазақстан-Түрікменстан-Иран халықаралық темір жолы іске қосылуын, сондай-ақ Өзбекстан Президенті И.Каримовтің Астанаға сапарын айтуға болады.

Қазақстан Ресей Федерациясымен ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт негізінде стратегиялық әріптестікті нығайтуды жалғастыруда. Өткен жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ресей Президенті В.Путинмен 10 кездесуі болды, оның бірі Шекаралық өңірлердің Өңірлік Форумы аясында Атырауда өтті.

Қазақстан Президентінің Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары екіжақты қарым-қатынаста нәтижелі болды. Сапардың қорытындысы бойынша әртүрлі саладағы 16 келісімге қол қойылды.

Гаагадағы Ядролық қауіпсіздік бойынша өткізілген Саммит аясында Мемлекет басшысының Президент Б.Обамамен келіссөзі Америка Құрама Штаттарымен екіжақты қарым-қатынастың дамуына маңызды серпін берді. Вашингтонға менің желтоқсандағы сапарым барысында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруды біз одан әрі ілгері жылжыттық. Екіжақты қарым-қатынасты дамыту, Украина дағдарысын реттеу тұрғысында екі мемлекет басшысының жүйелі түрде телефонмен сөйлесуі ерекше маңызға ие.

Біз Еуропалық Одақ елдерімен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуда өз бағытымызды жалғастыра береміз. Францияның Президенті Ф.Оллантың. Чехия Президенті М.Земанның, Швейцарияның Президенті Д.Буркхальтердің, Италияның Премьер-министрі М.Ренцидің Қазақстанға жасаған сапарын ерекше атап өтуге болады, оның барысында маңызды экономикалық келісімдер жасалып және уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Белорусь және Украинамен, сондай-ақ біздің еліміздің саяси, экономикалық жүйесінде және транзиттік-көліктік мүддесінде маңызды орын алатын Әзербайжан, Армения және Грузиямен дәстүрлі өзара пайдалы ынтымақтастық жалғасуда.

2015 жылы Қазақстанда Түркияның Президенті Т.Р.Эрдоғанды қабылдаймыз.

Қазақстанның сыртқы саясатында азиялық бағытты нығайту тұрғысында Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хенің және Малайзияның Премьер-министрі Н.Разактың Қазақстанға сапары болып өтті, оның барысында ынтымақтасудың перспективалық бағыттары және нақты жобалар талданды, маңызды инвестициялық келісімшарттарға және әртүрлі саладағы бірқатар құжаттарға қол қойылды.

                СІМ жұмысының маңызды бағыттарының бірі шет елдердегі Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларын, олардың жеке, отбасылық және іскерлік мүдделерін қорғау болып табылады. Жаңартылған Тұжырымдамада бұл маңызды орын алған.

Халықаралық бала асырап алу - басым бағыт болып қала бермек. ҚР тәуелсіздігі жылдары Қазақстанның  8 мыңнан астам балаларын шетелдіктер асырап алды. Асырап алған балаларға бақылауды қамтамасыз ету және қабылдаған отбасылардағы олардың өмір сүру жағдайлары туралы мамандандырылған агенттіктердің есеп беруі жөніндегі шаралар жандандырылды.

Бүгінгі  таңда Қазақстан визадан босату туралы дипломатиялық паспорттардың иелері үшін 61 ел және халықаралық ұйымдармен, қызметтік паспорттардың иелері үшін 40 елмен, ұлттық паспорттары барлар үшін 18 елмен келісімге қол қойды. 2014 жылы Аргентинамен (30 мамыр) және Корея Республикасымен (19 маусым) паспорттың барлық түрлері бойынша, сондай-ақ дипломатиялық және қызметтік паспорттар бойынша Мексикамен (18 қыркүйек) визаны жою туралы келісімдерге қол қойылды. Еуропаның және Азияның бірқатар елдерімен осындай шарттарды жасасу туралы мәселені пысықтау жалғасуда.

Аталған  міндеттерді іске асыруда біз депутаттық корпус өкілдерінен үлкен қолдау көріп  отырмыз. Мен жаңа айтып өткенімдей,  біз Қазақстанның шетелдік әріптестермен  екіжақты және көпжақты ынтымақтастығы  сияқты көптеген маңызды мәселелерде біз Парламент депутаттарымен өзара  тығыз іс-қимыл жасаймыз.

СІМ-нің ҚР Парламентімен осындай тиімді бірлескен қызметі, соның ішінде,  2013 жылғы 7 ақпанда Парламент Палаталарының және СІМ басшылығы бекіткен «2013-2015 жылдарға арналған ҚР парламенттік дипломатиясын дамыту жол картасына» сәйкес жүзеге асырылуда.

Парламенттік дипломатияның әлеуеті Қазақстанның халықаралық аренадағы стратегиялық басымдықтарын іске асыруда кеңінен пайдаланылуда - деді министр.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев талқыланған тақырыпқа қосымша баяндама жасады.

«Министр Сыртқы істер министрлігі тарапынан еліміздің 2014 - 2020 жылдарға арналған сыртқы саясаты Тұжырымдамасын іске асыру мақсатында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайлы толық баяндап берді. Нақты нәтижелер мен біршама жетістіктер бар екенін көріп отырмыз. Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының сыртқы саясат саласындағы нақты тапсырмаларын тиімді іске асыру үшін Министрлік барлық қажетті жұмыстарды жүргізіп жатқанын атап өту қажет.

Парламент Мәжілісінің депутаттары өз тарапынан Сыртқы істер министрлігімен өзара белсенді іс-қимыл жасап, өздерінің құзыреттері шеңберінде осы саладағы міндеттерді шешуге жәрдемдесуде.

Атап айтқанда, осы бесінші сайланымда Қазақстан Республикасының Парламенті халықаралық шарттарды ратификациялау туралы шамамен 140 заң қабылдаған.   Оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт, Ауғанстандағы әскери-саяси және экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша халықаралық коалицияға  көмек көрсету жөніндегі келісімдер сияқты стратегиялық маңызы бар халықаралық құжаттарды атап көрсетуге болады.

Сондай-ақ, бесінші сайланым шеңберінде сыртқы саяси міндеттерді шешуге жаңа мүмкіндіктер беретін бірқатар заңдар қабылданды. Мысалы, өткен жылдың соңында Парламент «Дамуға ресми көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдады. Бұл Заң – шешімін табуға тиіс міндеттердің ауқымы тұрғысынан да, іс жүзінде қолданылатын тетіктердің нысандары тұрғысынан да сыртқы саясатымыздың жаңа сапалы деңгейге шығып отырғанының дәлелі.

Сонымен қоса, Мәжіліс депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге халықаралық шарттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға бастамашы болып, бұл заң өткен жылы қабылданды.

Аталған Заңда халықаралық шарттар жасауды жоспарлау процесін бір жүйеге келтіру, сондай-ақ еліміздің сыртқы саяси қызметінде мемлекеттік тілдің рөлін кеңейту көзделгені өздеріңізге мәлім.

Жалпы алғанда, Мәжіліс депутаттары, оның ішінде біздің Комитеттің мүшелері Сыртқы істер министрлігінің  басшылығымен және қызметкерлерімен сындарлы әрі тығыз қарым-қатынас орнатып, белсенді жұмыстар жүргізуде.           Және еліміздің сыртқы саясаты тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған осындай маңызды қызметті одан әрі бірлесіп жалғастырамыз деп сенемін»,- деді Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.

Баяндамалардан кейін Мәжіліс депутаттары СІМ-не қатысты сұрақтар қойып, министр жауап берді.

 «Үкімет сағатында министр Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының тұжырымдамасын іске асыру барысы жайлы толық баяндап берді.

Мәселені жан-жақты талқыладық, депутаттар тарапынан сындарлы әрі маңызды ұсыныстар айтылды. Айтылған ұсыныстардың бәрі Сыртқы істер министрлігінің жұмысында ескерілетін болады деп сенеміз.

Сыртқы істер министрлігінің алдына Мемлекет басшысы қойған маңызды міндеттерді уақтылы әрі сапалы орындау үшін министрліктің барлық мүмкіндіктері мен әлеуеті бар деген сенімдеміз.

Мәжіліс депутаттары өз тарапынан заңнамалық деңгейде, сондай-ақ парламенттік дипломатия тетіктерін пайдалана отырып, Сыртқы саясат тұжырымдамасының негізгі міндеттерін іске асыруға жәрдемдесуге дайын»,- деп Палата Төрағасының орынбасары Үкімет сағатын қорытты.

 

(Сәуле Досжанова, т.74-63-01. Суретті түсірген Сайлау Майлыбаев. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі