Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
18.02.2015

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВҚА ҚХА КЕҢЕСІНІҢ БАСТАМАСЫН ҚОЛДАУДЫ СҰРАП ҮНДЕУ ЖОЛДАДЫ.


МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВҚА ҚХА КЕҢЕСІНІҢ БАСТАМАСЫН ҚОЛДАУДЫ СҰРАП ҮНДЕУ  ЖОЛДАДЫ.

 

Астана. 18-ақпан. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында халық қалаулылары Қазақстан Халқы Ассамблеясы кеңесінің мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы бастамасын талқылап, бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді.

Депутаттардан кейін сөз алған Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов: «Мен сөз сөйлеген депутаттардың пікірлерін қолдаймын.

Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле демекші, әлемдегі бүгінгі аумалы-төкпелі заманда баршамыз тізе қосып, тілек ұластырып, мүдде тоғыстырып Қазақстанды мәңгілік елге айналдыру үшін аса маңызды осы саяси іс-шараны бірге атқарысайық! Бұл сайлауды халық сұрап отыр. Халықтан асқан дана жоқ»,-деді.

Одан әрі Мәжіліс Спикері бұл бастаманың шын мәнінде уақыт талабынан туғанын, қазіргі халықаралық жағдайда өте өзекті шешім екенін сөз ете келіп, Үндеудің толық мәтінін жария етті.

Онда Жалпыхалықтық бастаманы депутаттық корпустың қолдап отырғаны, бүкіл қоғамның күш-жігері әлемдік дағдарыстың қауіп-қатерлерін Отанымызды дамытудың жаңа мүмкіндіктері мен перспективаларына айналдыру ісіне бағытталу керектігі айтылды.   

Сондай-ақ, ел Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу оның уақыты жөнінен кезекті парламент сайлауымен тұспа-тұс келуін болдырмауға мүмкіндік береді. Сол арқылы сайлау науқандарының сапасы мен ішкі саяси тұрақтылығы қамтамасыз етеді.

-Біз, Парламент Мәжілісінің депутаттары осы сайлау Қазақстанның мемлекеттігін одан әрі нығайта түсу жолындағы аса маңызды стратегиялық кезең болатынына сенімдіміз. Халқының сенім мандатына ие болған Мемлекет басшысының бастауымен «Қазақстан 2050» стратегиясы мен «Нұрлы жол» бағдарламасының барынша тиімді іске асырылуы қамтамасыз етілетін болады.

Жоғарыда айтылғанды ескере отырып, Сізден, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің бастамасына қолдау білдіруді және Республикамыз Конституциясының 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәселені қарастыруыңызды өтінеміз»,-делінген үндеуде.

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа үндеудің толық мәтіні мен Мәжіліс қабылдаған Қаулыны www.parlam.kz  сілтемесінен қарауға болады.

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі