Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
19.02.2015

МӘЖІЛІСТЕ 2015-2017 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ


МӘЖІЛІСТЕ 2015-2017 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

 

Астана, 19 ақпан. Мәжіліс Үйі.

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің ұйымдастыруымен Қаржы министрлігі жасаған «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды. Оның жұмысына Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко қатысып, отырысты комитет төрайымы Гүлжан Қарағұсова жүргізді.

Қазақстан Республикасының  Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Мәжіліс депутаттарын 2015 - 2019 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамымен таныстырды.  

«Қазақстан Республикасы 2015-2019 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы 2014 жылғы экономика салалары дамуының алдын-ала деректерін және негізгі экспорттық тауарларына бағаларының әлемдік тауар нарығындағы ағымды жағдайын ескере отырып түзетілді.

Жалпы ішкі өнімнің өсуі 2019 жылы 4,1%-ға дейін өсуімен 2015 жылы 1,5% деңгейінде бағаланады.

Мұнай бағасын болжамдау деңгейі 2015-2017 жылдары барреліне 80 АҚШ долларынан 50 АҚШ долларына дейін, 2018-2019 жылдары барреліне 60 АҚШ долларына төмендейді деп жоспарлайды.

Осыны негізге ала отырып, 2015 жылы номиналды ЖІӨ 40 703,6 млрд. теңге көлемінде болжануда, 2019 жылы 59 869,9 млрд. теңгеге өседі. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 2015 жылы 12,8 мың АҚШ долларынан 2019 жылы 17,6 мың АҚШ долларына дейін артады.

2015 жылы өнеркәсіп 0,3%-ға қысқарады (алдыңғы нақтыланған көрсеткіштен 1,7 п.т. төмен) 2019 жылы 2,0%-ға дейін көтеріледі (3,5 п.т. төмен).

Болжам бойынша мұнай өндіру көлемі 2015 жылы 80,5 млн. тоннаны құрап, кейін өндіру көлемінің артуымен 2019 жылы – 93,0 млн. тоннаны құрайды.

Өндіріс көлемінің және өнеркәсіп өнімдері экспортының төмендеуі және инвестициялардың бәсеңдеуі нәтижесінде қызметтер көрсету саласының өсуі 2015 жылы 2,2%-ға дейін қысқарады.

Өсудің оң қарқындары 2015 жылы ауыл шаруашылығында (2,7%), құрылыста (2,0%), көлікте (3,5%), саудада (2,8%), ақпарат және байланыста (3,0%) күтіледі.

Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт көлемі 2015 жылы 44,7%-ға 43,6 млрд. АҚШ долларына дейін ал, импорт 21,8%-ға 34,7 АҚШ долларына дейін төмендейді.

Инфляция деңгейі бұдан бұрынғы 6-8% дәлізінде сақталады.

Макроэкономикалық көрсеткіштердің нақтыланған болжамы негізінде 2015 жылға арналған республикалық бюджет параметрлері нақтыланды»,- деді Ұлттық экономика министрі.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрі Б.Сұлтанов  «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  заң жобасын  депутаттарға ұсынды.

Министрдің мәлімдеуінше: «Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамын түзету, 2014 жылдың іс жүзіндегі қорытындыларына сүйене отырып, есептеулерді нақтылау, сондай-ақ әлемдік нарықтардағы елеулі ауытқулар және жалпы алғанда қалыптасып отырған геосаяси факторлар жағдайларында елдің әлеуметтік-экономикалық және қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажеттілігі –  2015 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау үшін негіз болып табылады.

Бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету мақсатында, нақтылау 686,7 млрд. теңгеге шығыстарды оңтайландыруды және 259,4 млрд. теңгеге бюджет тапшылығын ұлғайтуды көздейді, сонымен қатар Ұлттық қордан нысаналы трансферт «Нұрлы Жол» бағдарламасын түзетуге байланысты 76,0 млрд. теңгеге ұлғайтылды.

Мыналар:

- 2015 жылы іске асырылуы басталатын барлық жаңа жобалар мен бағдарламалар, оның ішінде іске асыру мерзімі 2016 жылға көшірілген әлеуметтік салада жаңа бастамалар;

- шығындылығы жоғары жалғасатын және іске асырылуы ұзақ жалғасатын жобалар, сондай-ақ іске асыру бойынша негізгі жүктемені 2016 жылға ауыстыру ұсынылған жобалар;

- тиімділігі төмен немесе расталмаған тиімділігі анықталған шығыстардың бағыттары мен бағдарламалары;

- әкімшілік, іссапар және өкілдік, күрделі шығыстар, талдамалы және консалтингтік зерттеулерді жүргізуге арналған шығыстар, ақпараттандыру саласындағы жекелеген шығыстар және өзге де ағымдағы шығыстар оңтайландырудың негізгі бағыттары болып табылады.

Нәтижесінде, түсімдер - 870,0 млрд. теңгеге азайта отырып, 5 988,0 млрд. теңгені құрайды.

Шығыстар - бекітілген бюджетпен салыстырғанда
610,7 млрд. теңгеге
төмендей отырып,7 244,5 млрд. теңге сомасында қалыптасты.

Бюджет тапшылығы 1 256,5 млрд. теңгені немесе ЖІӨ-ге 3,0% құрайды».

 

Мәжіліс депутаттары 2015 - 2019 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамынан хабардар болып, «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасымен танысқан соң заң жобасын жасағандарға сұрақтар қойды. З.Бәлиева, Қ.Идирисов, Г.Исимбаева, Е.Никитинская, т.б.   сұрақтарына Қаржы министрі мен өкілдері жауап берді.

***

Жеделдете қаралуға тиісті «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бүгін түстен кейін-ақ депутат Татьяна Яковлева жетекшілік ететін жұмыс тобында қарала бастады.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі