Д. НАЗАРБАЕВА МАЖАРСТАННЫҢ СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Астана, 19 ақпан, Мәжіліс үйі. ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева Мажарстан сыртқы экономикалық және сыртқы істер министрі Петер Сийяртоны қабылдады.
Кездесу барысында екіжақты және халықаралық деңгейдегі өзекті сұрақтар талқыланды.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары қазақстандық-венгерлік ынтымақтастықтың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын тілге тиек ете келіп, одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, Мәжілістің заң шығармашылық жұмыстары жайында хабардар етіп, әсіресе, туристік кластерді дамыту, Қазақстан экономикасын әртараптандыру, қолайлы инвестициялық климат орнату жолында атқарылып жатқан заңнамалық жұмыстар жайында баяндады.
Өз кезегінде Сийярто мырза Қазақстан басшысы тарапынан жүргізіліп отырған саясатқа жоғары баға беріп, венгерлік кәсіпкерлердің қазақстандық әріптестерімен ынтымақтастықты нығайтуға ынталы екендіктерін жеткізді.
Кездесу барысында парламентаралық байланыс жайы да назардан тыс қалмады.
Тараптар Қазақстан мен Венгрия арасындағы өзара іс-қимылды дамытуда, парламенттік іс-сапарлар алмаса отырып, парламенттік дипломатия рөлін нығайтудың қажеттілігіне тоқталды.
Кездесуге сондай-ақ, Мәжіліс депутаты В. Рогалев Мажарстандағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Н. Рүстемов қатысты.
(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі