Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
24.02.2015

ҚАЗАҚСТАН МЕН МОНҒОЛИЯ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ.


ҚАЗАҚСТАН МЕН МОНҒОЛИЯ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ.

 

Астана, 24-ақпан. Мәжіліс үйі. ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко Монғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының депутаты,  «Қазақстан - Монғолия» ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық тобының жетекшісі Алмалық Тілейхан бастаған делегация өкілдерімен кездесті.

Тараптар екіжақты қарым-қатынасты дамытудың өзекті сұрақтарын талқылады.

                Кездесу иелері екі ел президенттерінің өзара мемлекеттік іс-сапарлары барлық саладағы ынтымақтастықты  тереңдетудің айқын дәлелі екенін баса атап өтті.

Қос тарап сауда-экономикалық байланысты одан әрі нығайту жайын сөз ете келіп, ауылшаруашылығы, көліктік-транзиттік әлеуетті арттырудың маңыздылығына тоқталды.

С. Дьяченко Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне ерекше назар аударып, монғол кәсіпкерлерін халықаралық көрмеге белсене қатысуға шақырды.

Сондай-ақ монғол тарабына Қазақстанның маңызды бастамаларына соның ішінде, АӨСШК, Әлемдік және дәстүрлі діндер сьезін, сондай-ақ, біздің еліміздің «Азия-Еуропа» форумына кіру жөніндегі қадамдарына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Халықаралық қарым-қатынас жайын сөз еткенде Вице-Спикер екі елдің халықаралық қауіпсіздік төңірегіндегі ұстанымдарының ұқсастығын алға тарта келіп, БҰҰ аясында ықпалдастықты нығайтудың қажеттілігіне тоқталды. Осыған орай, Монғол мемлекетінің Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдайтындығына сенім білдірді.

  Сонымен қатар, С. Дьяченко делегация өкілдерін Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатынның басым бағыттары жайында хабардар етіп, Парламент Мәжілісіндегі заң шығармашылық жұмыстар жөнінде әңгімеледі.

Өз кезегінде делегация басшысы біздің еліміздің барлық саладағы жетістіктеріне жоғары баға беріп, Монғолияның сыртқы саясатында Қазақстанның орны ерекше екенін атап өтті. Тараптар парламентаралық байланысты күшейтуге де айрықша көңіл бөліп, алдағы уақытта да  бейінді комитеттер, ынтымақтастық жөніндегі топтар арқылы әріптестікті нығайтуға дайын екендіктерін жеткізді.

(ҚР Парламенті Мәжіліс Аппартының Баспасөз қызметі)

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі