Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
18.03.2015

МӘЖІЛІС МЕМЛЕКЕТТІҢ КӘСІПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТКЕ ҚАТЫСУЫН ШЕКТЕУГЕ ҚАТЫСТЫ ТҮЗЕТУЛЕРДІ БІРІНШІ ОҚЫЛЫМДА МАҚҰЛДАДЫ


МӘЖІЛІС МЕМЛЕКЕТТІҢ КӘСІПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТКЕ ҚАТЫСУЫН ШЕКТЕУГЕ ҚАТЫСТЫ ТҮЗЕТУЛЕРДІ БІРІНШІ ОҚЫЛЫМДА МАҚҰЛДАДЫ

 

Астана. 18-наурыз. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, халық қалаулылары мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.  

Заң жобасының негізгі мақсаты - еліміздің бизнес қатысатын экономика салаларына мемлекеттің қатысу үлесін қысқарту үшін құқықтық негіздерді бекіту арқылы мемлекеттік активтерді басқару саласындағы заңнаманы жетілдіру. Бұл бәсекелестікті дамытуға және жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді.

Аталған құжат бойынша көптеген ұсыныстар түсіп, ол жұмыс тобының отырысында, сондай-ақ комитеттің кеңейтілген отырысында талқылаудан өткен.  

Осы күні мәжілісмендер бірқатар ратификациялық құжаттарды мақұлдады. Депутаттардың қолдауына ие болған Қытаймен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді және Тәжікстанмен азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау - төтенше жағдайларды жоюға дереу көмек көрсету мақсатында Тараптардың ынтымақтастығын қамтамасыз етумен қатар,  тиісті құқықтық негіздерін белгілейді. 

Ал, Өзбекстанмен 2006 жылғы 4 қыркүйектегі екі елдің мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге хаттамаға түзетулерді  ратификациялау арқылы Тараптар Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге уағдаласты. Аталған Тізбе тәулік бойы  жұмыс істеу режимімен халықаралық (көпжақты) теміржол өткізу пунктімен толықтырылған. Қазақстан аумағында осы өткізу пунктінің атауы – Мақтаарал, орналасқан жері – Оңтүстік Қазақстан облысы. Өзбекстан аумағында осындай пункттің атауы – Сырдария, орналасқан жері – Сырдария облысы.

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары «Жол жүрісі туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады. Осы күні талқыланған «Өсімдіктер карантині туралы» заң жобасы бойынша жұмыс одан әрі жалғастырылмақ.   

Отырыс соңында  Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов депутаттық корпусты алдағы Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтай келіп:

- Наурыз мейрамы  елімізге, халқымызға, әрбір отбасына береке-бірлік, табыс пен молшылық әкелсін,-деді. 

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі