Қ. ЖАҚЫПОВ ТМД ПАА «ЕСКЕ АЛУ ЭСТАФЕТАСЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Астана. 6-сәуір. Мәжіліс үйі. ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай қолға алынған «Еске алу эстафетасы» халықаралық акциясы аясында ТМД қатысушы-мемлекеттер парламентшілерімен кездесті.
Қ. Жақыпов Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1млн. 200 мыңға жуық адам қатысып, ерлік пен жанқиярлықтың ерен үлгісін көрсеткенін алға тартты. Олардың тең жартысы бейбіт өмір жолында құрбан болса, 520 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды.
Ұлы Отан соғысының негізгі тылы Қазақстанда болды. 220 қорғаныс кәсіпорындары Қазақстанға көшіріліп, 500-ге жуық кәсіпорын жаңадан бой көтерді.
Одан әрі Мәжіліс Төрағасы Жеңіс мерекесінің біздің елімізде де арнайы жоспар бойынша кең көлемде тойланатынын, ал Достастық елдері парламенттері қолға алған бұл акцияның Ұлы Отан Соғысында қаза болғандардың қайталанбас ерлігін мәңгі есте қалдыра отырып, өскелең ұрпаққа париоттық тәрбие беруде орасан зор рөл атқаратынын атап өтті.
Өз кезегінде РФ Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының депутаты, ТМД ПАА делегациясының үйлестірушісі Иршат Фахритдинов акция жұмысына Қазақстан Парламентінің де белсене қатысқаны үшін алғысын білдіре келіп, Астанада өткен «Еске алу Эстафетасында» Қазақстан жастарының патриоттық, өршіл рухына куә болғанын айтты.
Делегация құрамында келген Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Бобров Қазақстан мемлекетіне, халқына деген құрметінің ерекше екенін жеткізді. Соғыс ардагерлерінің жастармен жиі кездесіп, көзбен көрген тарихты айтудан жалықпау керектігін сөз етіп, болашақта Қазақстан жастарымен спорт саласында етене қарым-қатынас орнатқысы келетінін білдірді.
Тараптар пікірі ешкімнің де, ешнәрсенің де ешқашан ұмытылмайтынына қатысты ортақ сенімде тоғысты.
Осыдан кейін делегация өкілдері әскери-патриоттық жұмыстармен айналысатын жастар ұйымдары мүшелерімен кездеспек.
(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі