МӘЖІЛІСТІҢ КОМИТЕТ ТӨРАҒАСЫ КУВЕЙТ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ
Астана, 13 мамыр. Мәжіліс Үйі.
ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Кувейт Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тарек Абдулла аль-Фараджбен кездесті.
Мәжілістің комитет төрағасы Тарек Абдулланы Астанадан Кувейт Елшілігі ашылуымен және оның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалуымен құттықтады. Қазақстан да Эль-Кувейтте өз Елшілігін ашқан болатын. Енді Елшіліктер екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-ізгілікті байланыстардың ұлғая түсетініне қызмет ететініне сенім білдірді.
«Қазақстанның сыртқы саясатында ислам әлемі мен мұсылман елдері ерекше орын алатындықтан еліміз Кувейтпен барлық салада ынтымақтастықты нығайтады. Мемлекеттер арасындағы өзара байланыс 1997 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың ресми сапары негізінде қаланғанын. Екі ел арасындағы парламентаралық байланыстар да екіжақты ынтымақтастық пен үйлестіруде халықаралық аренаға шығуға қолайлы жағдай туғызады. Ол үшін парламентаралық байланыстарды өркендете беру керек,- деді мәжілісмен. Сонымен қатар ол Қазақстан халқы Кувейт елінің кезінде Астананың құрылыстарына берген достық көмектері үшін алғыс білдіретінін де жеткізді. Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуға ұмтылысын қолдағаны үшін де ризашылық білдірді. Ел ордасында «ЭКСПО-2017» Дүниежүзілік көрмесінің өтетінін хабарлап, Кувейт Үкіметі мен іскерлер ортасының әлемдік масштабтағы шараға атсалысатынына сенім білдірді.
Кувейт елшісі өз кезегінде Қазақстан мен Кувейт арасындағы ынтымақтастық жайында өз ойын айтты.
Қазақстанның Орталық Азия аймағы мен әлемдік деңгейдегі рөлін айырықша бағалап, екі ел арасындағы саяси, экономикалық, және парламентаралық байланыстар жайында әңгімеледі.
(Сәуле Досжанова. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі