Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
15.06.2015

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӨНІНДЕГІ ПАРЛАМЕНТАРАЛЫҚ КЕҢЕС ҚҰРЫЛДЫ


ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӨНІНДЕГІ ПАРЛАМЕНТАРАЛЫҚ КЕҢЕС ҚҰРЫЛДЫ

 

Астана, 15 маусым, Мәжіліс үйі. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Спикері Қабиболла Жақыпов және осы күндері біздің елімізде сапармен жүрген Жогорку Кенеш Төрағасы Асылбек Жээнбеков  ҚР Жогорку Кенеші мен ҚР Парламенті арасында ынтымақтастық жөніндегі Парламентаралық Кеңес туралы келісімге қол қойды.

Кеңес Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары Мемлекетаралық Кеңесі ұсынымына сәйкес одақтық қарым-қатынасты және парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі күшейту мақсатында құрылды.

Жаңа парламенттік бірлестікке қос палата өкілдері  кіреді, оны Мәжіліс пен Жогорку Кенеш төрағалары басқарады.

 Бүгін қос спикердің төрағалығымен Кеңестің алғашқы отырысы өтті.

Мәжіліс Төрағасы бұл екі ел парламенттері үшін тарихи оқиға екенін айтып, ынтымақтастықтың жаңа деңгейі сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы қол жеткізілген келісімдерді орындауда парламенттік қатысудың тиімділігін арттыруға тың серпін беретінін атап өтті. Қ. Жақыпов өз сөзінде:

- Қазақстан Қырғызстанмен ықпалдастықты барлық бағытта жан-жақты нығайтуға айрықша көңіл бөледі. Арадағы саяси үнқатысу ашық әрі сенімділігімен ерекшеленді.   Біздің елдеріміздің табысты ынтымақтастығын екі мемлекеттің басшылары айқындап отыр, - деді.

Мәжіліс Спикерінің пікірінше, Парламентаралық Кеңес елдер  арасындағы экономикалық байланысты одан әрі күшейтуге ықпал етеді.

Жаңа құрылған парламенттік бірлестік өз қызметінде Қазақстан мен Қырғызстан ұлттық заңнамаларын үндестіру мен жақындастыру жөнінде ұсынымдар әзірлеу, бейінді комитеттер, парламенттік фракциялар және саяси топтар арасында байланыс орнатуға ықпал етеді.

Қ. Жақыпов Қырғызстанның ЕАЭО туралы Келісімге қосылуымен қос мемлекет арасындағы сауда көрсеткіші ұлғаятынына сенім білдірді. Соңғы екі жыл ішінде екіжақты тауар айналымы 1 млрд. доллардан асады.

Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Қазақстан мен Қырғызстанды аймақта тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайту, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, лаңкестікке қарсы күрес сынды халықаралық күн тәртібіндегі маңызды мәселелер төңірегіндегі ұстанымдардың ұқсастығы байланыстыратынын атап өтті. 

Өз кезегінде Жогорку Кенеш Спикері Асылбек Жээнбеков те келісімінің тарихи маңыздылығына тоқталып, оған екі елдің бірлескен күшінің арқасында қол жеткізілгенін сөз етті.

- Бұл тамыры бір тарихымызды, ортақ мәдениетімізді, тілімізді, дінімізді, бір туған бауырластығымызды негізге ала отырып, одақтық қарым-қатынасымызды, парламентаралық байланыстарды дамытудың жаңа кезеңіне көтерілгендігіміздің айқын көрсеткіші. Біз бұл құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізуіміз керек,-деді А.Жээнбеков.

Мәртебелі мейман көрсетіліп жатқан көмек пен қолдау үшін қазақ еліне алғыс білдірді. Әсіресе, А.Жээнбеков Қырғызстанды Еуразиялық Экономикалық Одаққа интеграциялау жолындағы Қазақстанның жәрдеміне ризашылық білдірді.

-  Бұл біздің еліміздің экономикасына оң ықпал ететініне сенеміз және тарихи маңызды әрі экономикалық нық қадам деп есептейміз,-деп атап өтті Жогорку Кенеш Төрағасы.

Оның мәліметінше, бүгінгі күні Қырғызстан ЕАЭО құрамына кіру бойынша мемлекеттік ішкі рәсімдерді толықтай аяқтады.

Келесі отырысты Бішкек қаласында өткізу жоспарланған, онда Кеңестің жұмыс жоспары қабылданбақ.

 

***

Осы уақытқа дейін екі жақты қарым-қатынас мәселелерін шешуге 2009-жылдан  бері жұмыс істеп келе жатқан Мәжіліс пен Жогорку Кенеш арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Парламентаралық Комиссия ықпал еткен болатын. Комиссияның 5 жылғы жұмысында 4 отырыс өткізіліп, онда шекарааралық  сауданы кедендік реттеу проблемалары, маусымдық ауыл шаруашылық өнімдерін жеткізуді реттеу  мәселелері, су ресурстарын пайдалану, еңбек және этникалық көші-қон проблемалары, туризмді дамыту сұрақтары талқыланған болатын. Сонымен қатар, қос мемлекеттер Парламенттері өздерінің заңнамалық қызметтерінде үнемі тәжірибе алмасып келеді. 

 

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі