Қ. ЖАҚЫПОВ ПЕН А. ЖЭЭНБЕКОВ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ӨЗЕКТІ СҰРАҚТАРЫН ТАЛҚЫЛАДЫ
Астана. 15 маусым. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов біздің елімізде сапармен жүрген Қырғызстанның Жогорку Кенеші Спикері Асылбек Жээнбековпен кездесті.
Жүздесуде сауда-экономикалық қатынастарды нығайту, парламентаралық ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы келісім-заңнамалық базаны жетілдіру турасында әңгіме қозғалды. Әсіресе, Қырғыз Республикасының ЕАЭО кіруі жөнінде келісімді ратификациялауды жеделдетудің маңыздылығына көңіл бөлінді.
Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық маңыздылығына назар аудара келіп, Қабиболла Жақыпов Елбасы бастамашы болған бес институционалдық реформа туралы және «100 нақты қадам – Ұлттық жоспар» тиралы баяндады.
А.Жээнбеков, өз кезегінде Қазақстан Президентінің көрегендігі мен қазақстандықтардың береке-бірлігінің арқасында келген зор табыстарға тоқталып, біздің еліміздің алға қойған ауқымды мақсаттарға уақытынан бұрын жететініне сенім білдірді. А,Жээнбеков өз сөзінде:
- Қазақстан – дамудың, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың жарқын үлгісі,-деді.
ЭКСПО-2017 көрмесіне де көңіл бөлген мәртебелі мейман ол біздің еліміздің әлеуетін паш етудің айрықша мүмкіндігі екенін айтып, оған Қырғыз елінің де белсене қатысатынын жеткізді.
(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі