Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
15.06.2016

КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӨТІНІШТЕРІ: МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ МЕН САПАСЫ ЖӨНІНДЕ


КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӨТІНІШТЕРІ: МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ МЕН САПАСЫ ЖӨНІНДЕ

 

Астана, 15 маусым, Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Спикері Бақтықожа Ізмұхамбетовтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Тұрғын Сыздықов Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке  депутаттық сауал жолдады.

«Отандық денсаулық сақтау саласының өсіп келе жатқан беделі – ақиқат, және ол Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құрып жатқан біздің жас мемлекетіміздің табыстарына және азаматтардың жоғары әлеуметтік көңіл-күйіне, сондай-ақ, саланы ұйымдастырушылардың кәсіпқойлығына тікелей байланысты.

Алайда, дамудың әбден ұғындыруға болатын әрі түсінікті міндеттерімен қатар, өкінішке орай, әлі де ескіліктен қалған, жылдан-жылға ауысып келе жатқан, шешуін қажет ететін мәселелер баршылық. Олар Елбасымыз қойған өзекті міндеттерінің бірі - халықтың өмір сапасын жақсартумен байланысты.

Сіздің атыңызға сауал жолдауымызға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне сайлау науқаны кезінде ауруды диагностикалау және емдеу үшін қажетті медициналық техникамен қамтамасыз етілуімен тікелей байланысы бар – медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы жөнінде өткір сұрақтар қойған Көкшетау қаласы тұрғындарының өтініштері себеп болып отыр. 

Осы мәселені зерттеу нәтижесінде Көкшетау қаласының №1 қалалық ауруханасы өзіне тіркелген 170 мыңнан астам қала және жетекшілік ететін қала маңындағы аудандар халқына медициналық қызмет көрсететіні белгілі болды.

Денсаулық сақтау ұйымының ұжымы аймақта да, республика деңгейінде де, лайықты беделге ие. Дәрігерлердің 80%-ы кәсіптік санаттары бар, олардың ішінде 50%-дан артығы жоғары санатты дәрігерлер, 11 дәрігер «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен марапатталған, ал 5 маман «Үздік маман» Республикалық конкурсының жеңіскерлері. Осы мекеме базасында денсаулық сақтау саласындағы Республикалық пилоттық жобалар апробациядан өтіп, 2011 жылғы республикалық конкурстың қорытындысы бойынша аталған аурухана ең үздік стационарлық медициналық мекеме деп танылды.

Осындай кадрлық әлеуеті бар аурухана медициналық қызмет көрсету сапасын әлдеқайда жақсартып, отандық денсаулық сақтау саласының тірек базасына айналуға толық мүмкіндігі бар. Алайда, дәлдігі жоғары қазіргі заманғы диагностикалық аппараттармен жеткіліксіз жабдықталу тежеуші фактор болып отыр.  

Сіздің назарыңызды, ауруханаға медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға соңғы бес жылдың ішінде жергілікті бюджеттен небары 11 миллион теңге бөлінгенін аударғымыз келеді. Осы мақсатқа басқа көздерден қаражат түскен емес.

Бүгінде қалалық аурухана дәрігерлері асыл уақыттарын жоғалтып, тіпті ауыр науқастарды, олардың өмірлерін едәуір тәуекелге байлап, ыстық пен суықта да облыстық ауруханаға зерттеу үшін апаруға мәжбүр болып отыр.

Егер пациенттердің 80%-ы  шұғыл түрде түсетінін ескеретін болсақ, оларды табысты емдеудің кепілі - жедел әрі сапалы диагностикалаумен байланысты болғандықтан - ұжымның аурухананы материалдық-техникалық жабдықтау деңгейімен алаңдаушылығы түсінікті, әрі ойға қонарлық. Көп жыл бойғы дара мәселе өткір әлеуметтік проблемаға айналды.

Қажетті компьютерлік томографты сатып алу 2 облыстық деңгейдегі (жұқпалы аурулар және гинекологиялық) бөлімшесі бар астаналық облыстың орталығындағы жалғыз қалалық аурухананың көптеген мәселелерін шешер еді. Ол сонымен қатар, көп профильді стационарлар негізінде пациенттерге медициналық көмек көрсетудің екінші деңгейі талап ететін ұйымдардың, «Жол картасында» белгіленген инсульт ауруын азайту міндеттеріне толықтай жауап беретін болады.

 

Осы мәселе, бірнеше сайланған Мәжіліс және Сенат депутаттары  министрліктің бұрынғы басшылары алдында бірнеше рет көтерген болатын. Оң шешімін табады деген нық уәделер іске аспады. Медициналық персоналдың айтуынша басты себептердің бірі - сол жылдарғы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы өзінің жеке мүдделерін, атқарып отырған қызметімен шатыстыруы - аурухананы, медициналық құрылғымен бірқалыпты режимде жабдықтау мүмкіндігінен айырды. Жаһандық дағдарыс әкелген экономикалық жағдайды, сонымен қатар, республиканың емдеу мекемелерін медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету мәселелерін кезең-кезеңмен шешу тактикасын дұрыс түсінсек те, Көкшетау қалалық ауруханасын компьютерлік томографпен жабдықтайтын уақыт келді деп есептейміз.

Сізді, тиісті қаражатты 2017 жылдың бюджетінде қарастыру арқылы осы мәселені шешуіңізді және жауабын заңда белгіленген мерзімде жазбаша түрде беруіңізді сұраймыз».

 

 

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01.

` Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі