Астана, 15 қыркүйек. Мәжіліс Үйі.
Бүгін Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсованың жетекшілігінде Қазақстан Республикасының Бюджеттік заң жобалары таныстырылды.
Олар «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2017-2019 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» және «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобалары.
Депутаттар алдында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишимбаев пен Қазақстан Республикасы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады.
Тұсаукесерде тақырып бойынша депутаттық корпус жағынан да, қоғамдық өкілдер тарапынан да сұрақтар мен ұсыныстар көп болды.
Депутаттардың назарын айрықша аударған – бөлінген қаржыларды тиімді пайдалану мәселесі болды.
Мәжілістің комитет төрайымы Г.Қарақұсова заң жасаушылардың назарын бюджетке ғана емес, бағдарламаларға да аударуын ескертті.
- Президент тек қана жан-жақты талдау жасалған, дәлелденген ең бастысы – пайданың стратегиялық есебі айқындалған шешімдерді ғана қабылдау туралы нақты тапсырма берді,- дейді парламентші.
Дәл сондай пікірді Қазақстанның салық төлеушілер қауымдастығы Басқарма Кеңесінің төрайымы Жанат Ертілесова да айтты.
- Нақты қорытынды болмай ештеңе көрінбейді, өткен жылдары
не қаржыландырылса да, не жасалса да, қандай жетістікке жетсе де Президенттің, Парламенттің арқасында болып жатты. Ең болмағанда соңғы үш жылда шығарылған қаржы мен оның нәтижесін көргіміз келеді. Әкімшілік реформалардың негізгі мағынасы экономикалық ынтымақтастық ұйымның өлшемдеріне туралау. Оны Үкімет Президенттің тапсырмаларына сәйкес енгізуі керек,- деп атап өтті
Негізгі бюджеттік өлшемдердің маңызы жайында айтқанда, отырысқа қатысушылар әлеуметтік-экономикалық бірқатар мәселелерді қозғады. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерде ауыз сумен қамтамасыз етуді қаржылық қолдауға байланысты мәселе айтылды.
Министр Қ.Бишімбаев депутаттар Ирина Аронова, Асылбек Смағұлов, Владислав Косаревтің суға қатысты сұрақтарына бюджет қаржысы жетіспеушілігінен шешілмей жатқанын мәлімдеді.
Бюджеттік заңдар бойынша жұмыс тобының жетекшісі Омархан Өксікбаев републикалық және жергілікті бюджеттердің арасында үйлестірушіліктің жоқтығын атап өтіп, соған байланысты миллиондаған теңгелер жоғалып кете беретініне тоқталды.
Ұлттық экономика министрі: үш жылдық бюджет - жергілікті бюджетке көрсеткіші болатынын байқатты.
Депутат Ирина Смирнова, «егер біздің келешегіміз жақсы болсын десек»,- деп бюджеттік мәселелерге қатысты білім саласының үлкен қаржыландыруды қажет ететіндігін мәлімдеді. Өз кезегінде депутат, ҚР Президенті жанындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева бала бақшаларды қаржыландыруды жақсартуды ұсынды. «Ұлттық қордан ҚазАГРО-ға, банктерге бөлінген қаржылардан қайтарылғаны бар ма»,- деп Ұлттық экономика министріне сұрақ қойды. Ал, депутат Сапар Ахметов квазимемлекеттік секторға қатысты мәселені көтерді, оның әріптесі Владислав Косарев – көлеңкелі бизнес жайында, шаруалардың ет пен сүт өткізудегі қиындықтары мен ауылшаруашылық өнімдерінің алып-сатарлары жайында сөз қозғады. Депутат Екатерина Никитинская ұлттық экономика министріне 17 мәселені хатпен жолдайтынын айтты.
Аталған мәселелердің көбі заң жобаларын жұмыс тобының отырыстарында талқылағанда қаралатын болады.
Сонымен, заң жасаушылардың мәліметі бойынша , 2014 – 2016 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер туралы Заңының қолдануы аяқталатындықтан, Бюджет кодексінің 45-бабына сәйкес «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерi арасындағы 2017 – 2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердiң көлемі туралы» заң жобасы әзірленген.
Үш жылдық кезеңге арналған субвенциялар мен алынымдарды есептеу өңірдегі бюджеттік қызметтерді алушылардың санына, сондай-ақ қандай да бір өңірдің ерекшелігі (демографиялық құрам, халықтың орналасу тығыздығы, климаттық жағдайлары, көлік қолжетімділігі және т.б.) ескеріле отырып, оларды ұсыну құнына ықпал ететін объективті факторларына сүйене отырып жүргізілген.
2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемін айқындау кезінде жергілікті бюджеттердің шығыстар базасына бұрын республикалық бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылған тұрақты сипаттағы шығындар қосылған.
Кірістердің болжамды көлемін және жергілікті бюджеттердің шығыстарын ескере отырып, жалпы сипаттағы трансферттер мынадай көлемде анықталды:
бюджеттік алынымдар:
2017 жылы – 239,9 млрд. теңге;
2018 жылы – 257,0 млрд. теңге;
2019 жылы – 292,2 млрд. теңге;
бюджеттік субвенциялар:
2017 жылы – 1 482,9 млрд. теңге;
2018 жылы – 1 563,8 млрд. теңге;
2019 жылы – 1 568,3 млрд. теңге.
Жалпы 2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер өңірлердің бюджеттік қамтамасыз ету деңгейін теңестіруге және мемлекет кепілдік қызметтер ұсынуда тең фискалдық мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2017 - 2019 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы Мәжіліс қарауына енгізілді.
Заң жобасында Ұлттық қордан 2017-2019 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферттің мөлшерін жыл сайын 2 880 млрд. теңге көлемінде айқындау көзделеді.
2017-2019 жылдары кепілдендірілген трансферттің аталған мөлшері Ұлттық қордың тұжырымдамасында айқындалған тиісті қаржы жылының соңына ЖІӨ-нің 30 % мөлшердегі азайтылмайтын қалдығы қағидаларының сақталуын қамтамасыз етеді.
«2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңының жобасы 2021 жылға дейінгі экономиканың даму болжамына сәйкес алдағы үш жылдыққа арналған елдің әлеуметтік және экономикалық саясатын іске асырудың негізгі бағыттарын көрсетеді.
Республикалық бюджет кірістері (трансферттерді қоспағанда) 2017 жылға ағымдағы жылғы бағамен салыстырғанда 138,1 млрд. теңгеге немесе 3,3%-ке арта отырып, 4 338,2 млрд. теңгені құрайды (2018 жылы – 4 562,3 млрд. теңге, 2019 жылы – 4 877,2 млрд. теңге).
2018 және 2019 жылдары алдағы жылдың деңгейіне қарағанда кірістер түсімдерін 224 млрд. теңгеге және тиісінше 314,9 млрд. теңгеге ұлғайту (трансферттерді қоспағанда) жоспарланып отыр.
Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт үш жылға 2 880,0 млрд. теңге немесе қолданыстағы тұжырымдамаға сәйкес оны қалыптастыру және пайдалану 8 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде айқындалды.
Ұлттық қордан нысаналы трансферт 2017 жылы 441,6 млрд. теңгені (1,2 млрд АҚШ долларын) құрайды, ол 720 млрд. теңге (2 млрд. АҚШ доллары) сомада Ұлттық қорды басқару кеңесі бұрын мақұлдаған көлемінен 278,4 млрд. теңгеге азайтылған.
Республикалық бюджет шығыстары 2017 жылы 8 564,4 млрд. теңге немесе жалпы ішкі өнімге 17,7 %-ті құрайды;
2018 жылы – 8 370,6 млрд. теңге немесе жалпы ішкі өнімге 16,2 %;
2019 жылы – 8 751,2 млрд. теңге немесе жалпы ішкі өнімге 15,8 %.
Республикалық бюджет жобасында әлеуметтік салаға арналған жалпы шығыстар 11 662,3 млрд. теңгені, оның ішінде 2017 жылға – 3 567,3 млрд. теңгені құрайды.
2017 жылға арналған республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлеміне қарағанда әлеуметтік блок 41,7%-ті құрайды.
Бюджет жобасы ағымдағы барлық әлеуметтік міндеттемелерді, сондай-ақ азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша бірқатар жаңа шараларды орындауды қамтамасыз етеді.
2018 жылы мыналар:
1. 2018 жылы 42,8 млрд. теңге, 2019 жылы – жыл сайын 1,4 млн. адамды қамтумен 45 млрд. теңге шығыстарымен жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек енгізу.
2.
Ең төмен күнкөріс минимумы құрылымын
тағамдық емес тауарлар үлесін 40%-тен 45%-ке өзгерту.
Нәтижесінде ең төмен күнкөріс минимумы 15,6%-ке
ұлғаяды және абсолютті мәнде
28 284 теңгені құрайды.
Тиісінше мүгедектік бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша, жасының келуі бойынша, ата-аналарға, қамқоршыларға, мүгедек балаларды тәрбиелейтіндерге мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 15,6%-ке көтерілетін болады, осы мақсаттарға қосымша қажеттілік 2018 жылы 29,3 млрд. теңгені, 2019 жылы – 31,3 млрд. теңгені құрайды.
3. Бюджет жобасында 2018 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты ортақ зейнетақы төлемін тағайындау тәртібіне өзгеріс ескерілген.
Республикалық бюджет тапшылығы, мемлекеттік борышты қалыпты деңгейде ұстау мақсатында, 2017 жылы 1,2 проценттен бастап 2019 жылы 1 процентке дейін жалпы ішкі өнімге қатысты төмендетіле отырып айқындалады және:
- 2017 жылы – 578,1 млрд. теңгені немесе жалпы ішкі өнімге 1,2 процентті;
- 2018 жылы –539,6 млрд. теңгені немесе жалпы ішкі өнімге 1 процентті;
- 2019 жылы – 577,1 млрд. теңгені немесе жалпы ішкі өнімге 1 процентті құрайды.
Бүгінгі басқосуға мемлекеттік органдармен қатар Парламентке енбеген «Ауыл», «Бірлік», ЖСДП партияларының өкілдері де шақырылды. Сонымен қатар: Қазақстанның салық төлеушілер қауымдастығы, Қазақстан аудиторлар мен бухгалтерлер кәсіби қауымдастығы, САНДЖ зерттеу орталығы, қоғамдық кеңестер, аудиторлар палатасы, т. б. ұйымдардың өкілдері де қатысты.
Жоғарыда аталған заң жобаларын енді Омархан Өксікбаев жетекшілік ететін жұмыс тобында қарастыратын болады.
(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты.)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі