Астана, 6 қазан. Мәжіліс Үйі.
Бүгін Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті еліміздегі балық шаруашылығының қазіргі жағдайы мен дамыту мәселелері туралы қоғам белсенділерімен талқылау өткізді. Оның жұмысына Палата Төрағасының орынбасары Владимир Божко қатысты.
Отырысты жүргізген комитет төрағасы Сапархан Омаров қазіргі таңда Парламент Мәжілісінде өсімдіктер мен жануарлар дүниесі мәселелері бойынша заң жобасы қаралып жатқанын, аталған заң жобасының бір бөлімі балық шаруашылығы мәселелеріне арналғанын мәлімдеді. Сондықтан бүгінгі отырыс – балық шаруашылығы саласындағы заңнаманы жақсарту бойынша ұсыныс енгізуге жақсы мүмкіндік екенін атап өтті.
Басқосуға Ауылшаруашылығы министрлігінің жауапты қызметкерлері мен басқа да өкілетті органдардың, үкіметтік емес секторлардың, Парламентке енбеген саяси партиялардың, салаға қатысты қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен сарапшылары, ғалымдар және Бас Прокуратура өкілдері қатысты.
Отырысқа қатысушылардың арасында: «Қансонар», «Қазақбалықшаруашылығы», «Қазақаңаулаубалықодағы», «Жасыл Орман», «Атамекен» қоғамдық бірлестіктері мен қауымдастықтары бар. Сонымен қатар: орман шаруашылығы мен аң шаруашылығы әлемі қоғамдық қауымдастығының, С.Сейфуллин атындағы Қазагроуниверситетінің, Ауыл шаруашылық министрлігінің жануарлар дүниесі бойынша қоғамдық кеңесінің, «Экофорум» үкіметтік емес ұйымының өкілдері де болды.
Мәжіліс комитетінің талқылауына «Табиғат» экологиялық одағын, Халықаралық экология академиясын, орман, ағаш өңдеу және мебель өндірісі қауымдастығы мен Балық шаруашылығы ҚазҒЗИ және ШҚО «Дигамм» және «Қарағандыбалық» ЖШС қызметкерлері де атсалысты.
Отырысқа қатысушылар алдында Ауыл шаруашылық министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев балық өндірудің бүгінгі жағдайы, балық шаруашылығының су қоймаларының жай-күйі, олардың мәселелері мен шешуі жөнінде баяндама жасап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Вице министрдің айтуынша Қазақстанның табиғи су айдындарында жыл сайын шамамен 40-45 мың тонна балық ауланады. Сонымен бірге балық өсіру кәсіпорындары жылына 500-700 тоннаға жуық тауарлы балық өсіреді.
Анықтама үшін: Тауарлы балық өсіру көлемі табиғи су айдындарында ауланатын балықпен салыстырғанда 2 % аспайды.
Солай бола тұра жыл сайын шамамен 45-50 мың тонна мұхит балықтарының түрлері әкелінсе, 22 мың тоннадан астам балық өнімдері экспортқа шығарылады.
Бүгінгі таңда мал шаруашылығы өнімдері экспортының 50 пайызына дейін балық өнімдеріне тиесілі. Экспорт сомасы жылына 80 млн. АҚШ долларына дейін жетеді.
Отандық балық өнімдері негізінен Еуропалық Одақ елдеріне экспортталады және дүниежүзілік нарықта бәсекеге ойдағыдай түсе алады.
Соңғы жылдары балық өнімдерінің экспорты жаңа нарықтарға бағдарланған. Бүгінгі таңда 19 кәсіпорын Қытайға экспортаушылар тізіліміне енгізілген. Қытайға балық өнімдерінің экспорты жылына 2 мың тоннаға дейін көбейеді деп күтудеміз.
Қазіргі кезде өңірлерде балық өндеуді 60-тан астам кәсіпорын жүзеге асырады. Алайда бүгін таңда олардың өндірістік қуаттарының жұмыс істеуі 50 пайызға да жетпейді.
Осыған байланысты балық шаруашылығының экспорттық әлеуетін одан әрі арттырумен қатар Каспий теңізінің ресурстарын неғұрлым толық игеру және тауарлы балық өсіруді дамыту есебінен импортты алмастыру негізгі міндеттердің бірі болып белгіленді.
Балық шаруашылығының негізгі басымдықтарының бірі табиғи су айдындарының балық ресурстарын қорғау және ұтымды пайдалану болып табылады
Айта кету керек, Атырау қаласындағы екі бекіре балық өсіру зауыты ескірген технология бойынша жұмыс істейді, сондықтан күрделі жөндеу мен қайта жаңартуды қажет етеді.
Сонымен бірге бекіре балықтарының табиғи өсімін молайту үшін жағдай жасау қажет. Сондықтан Жайық-Каспий бассейнінде балықтардың уылдырық шашуға қоныс аударуын қамтамасыз ету үшін балық өту каналдарын жыл сайын тазартып отыру, сондай-ақ Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының аумақтары арқылы өтетін Жайық өзенінің жайылмасындағы бекіре балықтары уылдырық шашатын орындарды қалпына келтіруді қамтамасыз ету қажет.
Осы мәселелер ҚР Премьер-Министрінің биыл тамыз айында Атырау облысына барған сапары барысында талқыланған болатын.
Вице-министр саладағы басты проблемалардың бірі – браконьерлік екенін мәлімдеп, онымен тұрақты түрде жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Саланың дамуын тежеп отырған проблемалардың тағы бірі теңізде балық аулау болып табылады.12 мың тоннаға жуық теңіз балықтарының түрлерін (шабақ балық, майшабақ, тікенді балық) аулау лимиті жыл сайын пайдаланылмайды. Себеп – теңіз балық аулау флотының жеткілікті дәрежеде дамымауы. Кәсіпкерлер дизель отынын (бір кемеге тәулігіне 500 литр) сатып алуға көп шығынданатынына шағымданады.
Сонымен бірге тіркеу портына кіріп-шығу қиындатып жіберілген (Кіріп-шыққан сайын құжаттарды шекарашылар мен кеден қызметтерінде жаңадан ресімдеу керек). Сондықтан балық аулау кемелерінің басқа мемлекеттердің порттарына кірмеуіне байланысты Шекара қызметімен және кедендік бақылау органдарымен рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету мәселесі пысықталуда. Жаңа балық аулау флоты қымбаттылығына байланысты, сонымен қатар теңіз флоты білімі бар отандық мамандардың болмауы салдарынан (ресейлік теңізшілерді жалдауға тура келеді) сатып алынбайды.
Тауарлы балық өсіруді дамыту (акваөсіру) табиғи су айдындарының балық ресурстарын ұтымды пайдаланумен қатар дүниежүзілік тәжірибе балық аулаудан балық өсіруге бағдар ұстануды талап етеді. Бұл табиғи су айдындарын кәсіпшілік жүктемеден босатуға мүмкіндік береді. 2015 жылы 730 тонна тауарлы балық өндірілді, негізінен тұқы және бақтақ тұқымдас балықтар өсіріледі. Алдыңғы қатарда Алматы облысы, содан соң ОҚО, ШҚО және Қарағанды облыстары.
Тауарлы балық өсіруді қолдау жөніндегі іс-шаралар орындалған жағдайда өндіріс көлемі субсидиялауға бөлінетін сомадан ақшалай алғанда жыл сайын 5 есе көбейіп отырады деп күтілуде. Қазіргі кезде Аграрлық саясат жөніндегі кеңесте одан әрі қарау үшін субсидиялауды жетілдіру бойынша барлық ұсыныстар жиналуда.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер мен жануарлар дүниесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мақсатында көлде тауарлы балық және шарбақта балық өсіру мәселелерін реттейтін нормалар енгізілді.
Балық шаруашылығын дамытуды реттеу ғылыммен тығыз байланыста жұмыс істеуге негізделген, өйткені табиғи-климаттық жағдайлардың өзгеруіне жедел үн қатып, басқару шешімдерін уақтылы қабылдап отыру қажет. «Осыған байланысты Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесін қарау қажет деп есептейміз. Сол себепті Қазақ өндірістік-жерсіндіру станциясының өндірістік базасын Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қарауына беру мәселесі пысықталуда»,- дейді.
Бүгін таңда балық шаруашылығы ауылдық жерлерде жұмыс істеуге құлықсыз балық өсіруші және ихтиолог мамандары бойынша кадр тапшылығын сезінуде. Осыған байланысты балық шаруашылығы мамандарына «дипломмен ауылға» бағдарламасын тарату жоспарланып отыр.
Саланы қарқынды дамыту мәселелері ұзақ мерзімді бағдарламалық құжаттың болмауына байланысты тежеліп келді, бірақ қазір Елбасының Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу туралы тапсырмасы шеңберінде онда табиғи ресурстарды қорғау туралы бөлім, оның ішінде балық шаруашылығын дамыту мәселелері қарастырылуда.
«Балық саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатын айқындайтын ұзақ мерзімдік кезеңге арналған бірыңғай құжаттың болмауы балық шаруашылығын дамытуда бірқатар проблемалардың пайда болуына әкелді,- деп бастады сөзін Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Роман Ким.
«Өзен арналарын тазалау және балықтардың үйреншікті уылдырық шашатын жерлерге өтуін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар орындалмауда. Мұның барлығы ел халқының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер етіп отыр. Жан басына шаққанда балықты тұтыну нормасы жылына 14 кг болғанда, бұл көрсеткіш қазір жылына 4,3 кг-ға дейін төмендеген. Бағаның жылдан жылға өсуіне және төлем қабілетті сұраныс деңгейінің төмен болуына байланысты, балық өнімі халықтың кең ауқымы үшін қол жетімді емес. Біздің ойымызша, браконьерлікпен, биологиялық су ресурстарының заңсыз кәсіпшілігімен және осы саладағы заңнаманы басқа да бұзушылықтармен күресу жөніндегі шараларды қатаңдату қажет. Сонымен бірге, 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі жаңа редакциясының 337 және 339-баптарында - қылмыстық әрекеттердің объектісі, қылмыс жасау қаруы немесе құралы, айналыстан алып қою нысанасы болып табылатын мүлікті тәркілеу туралы ереже алып тасталған. Бәлкім Қылмыстық кодекстің аталған баптарына мүлікті тәркілеу туралы норманы қайтарған жөн болар.
Екінші мысал, кез келген заң бұзушылық фактілерін байқаған кезде мемлекеттік инспекторлар ұшырасатын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің нормаларын қолдану жөніндегі проблемаға байланысты. Мемлекеттік инспекторлар Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 65-бабына сәйкес, ішкі істер органдарына заң бұзушының әрекеттерінде қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерінің жоқтығын айқындау нысанасына әкімшілік материал жіберуге міндетті.
Уәкілетті орган ауа райы жағдайларына қарай балық аулау мен аңшылыққа тыйым салу мерзімдерін ауыстыру жөнінде жедел шешім қабылдай алмайтын кездер де болады, ал тыйым салынған қарулардың төлнұсқалығына сараптама жүргізу және қорытынды беру жөніндегі зертханалардың болмауы соттарда істі объективті қарауды қиындатады.
Мұндай мысалдар көп.
Бүгінгі таңда, Қазақстан Республикасында балық шаруашылығын дамытудың 2022 жылғай дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуді қамтитын, ұзақ мерзімдік кезеңге арналған саланы дамыту жөніндегі бірыңғай мемлекеттік саясатын айқындайтын жүйелі шаралар, сондай-ақ тиісті заңнамалық база қажеттігін айтты депутат.
Қазақстанның «Табиғат» экологиялық одағы қауымдастығының президенті Мэлс Елеусізов балық шаруашылығы туралы заң қабылдайтын кезең келгенін айтып, мемлекет оны өз бақылауына алуы қажеттігін мәлімдеді.
Көтерілген өзекті тақырыпқа «Қазақбалықшаруашылығы» басшысы Азис Шотқараев, Оңтүстік Қазақстандағы «Ғабит» коопреативінен Бақытжан Серманиязов үн қосты. «Қарағанды балықтан» Денис Муштаков балықты Ресей мен Өзбекстаннан тасып жатқандықтарын айтты.
Мәжіліс депутаты Сәкен Қаныбеков Ауылшаруашылық министрлігінің бүгін сергек есеп тергенін атап, саланы экологиялық прокуратура арқылы мемлекеттік бақылауды күшейтуге шақырды. Басқа парламентшілер де сөз алды, вице-спикер Владимир Божко саланың ғылыми-зерттеу жұмысына бюджеттің қаржысы қаншалықты үнемді жұмсалып жатқандығын сұрап мәселені төтесінен қойды.
Отырысты қорытқан комитет төрағасы Сапархан Омаров саланың ісі бағытсыз кеткенін атап өтіп, бүгінгі айтылғандардың заңнамалық негізге енгізілетінін хабарлады. Министрдің орынбасары Ерлан Нысанбаев бүгінгі отырыста саланың өзекті мәселесін көтеріп, кеңінен талқылап отырғандықтары үшін парламентшілерге ризашылығын білдірді.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар ұсынымдар қабылдады.
(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты.)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі