Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
07.10.2016

МӘЖІЛІСТЕ МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ЗАҢ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ


Астана, 7 қазан. Мәжіліс Үйі.

Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Иксанованың жетекшілігімен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  үкіметтік заң жобасы таныстырылды.

Құжатты талқылауға  үкіметтік емес секторлардың, Парламентке енбеген саяси партиялардың, салаға қатысты қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен сарапшылар, ғалымдар қатысты.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова заңнамалық жаңалықтар жайында баяндап берді.  

ҚР Президенті Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамының 80 қадамын жүзеге асыру шаралары аясында жасалған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына 2015 жылғы 18 қарашада қол қойды. Аталған құжат үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстанда мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді қарастыратын болады.

Тегін медициналық көмек әлеуметтік мәні бар және қоршағандар үшін қауіпті аурулар кезінде медициналық көмек, санитариялық авиация және жедел жәрдем медициналық көмегі, жедел медициналық көмек пен профилактикалық екпелер жасауда көрсетілетін болады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша төлемдердің мерзімдерін 2018 жылғы 1 қаңтарға ауыстыру туралы хаттамалық тапсырмасын сондай-ақ  Елбасының 2016 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен бекітілген денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында әзірленген.

Заң жобасында аударымдар мен жарналарды төлеу, сондай-ақ МӘМС жүйесінің барлық процестерінің жұмыс істей бастау мерзімдерін қайта қарау ұсынылады. Осылайша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына МӘМС-ге мемлекеттің жарнасы 2017 жылғы 1 шілдеден 2018 жылғы
1 қаңтарға ауыстырылады. 

Осыған байланысты аталған заңдарға тиісті өзгерістер енгізуді көзделеді.  

Сонымен бірге, аталған заң жобасы орта білім беру ұйымдарындағы оқушыларға тәулік бойы бақылау жасалмайтын медициналық қызметтердің функцияларын денсаулық сақтау ұйымдарына беру бойынша «Білім туралы» ҚР Заңына да өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыруда. Мектеп жасындағы балалардың денсаулығын нығайту мен қорғау, оқушылардың сапалы және қолжетімді медициналық көмек қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында денсаулық сақтау жүйесіндегі мектеп медицинасын әрі қарай дамыту қарастырылған.

Одан басқа, іс-шараларды орындау мақсатында заң жобасымен Бюджет кодексіне, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске және «Білім туралы» Заңға тиісті өзгерістер енгізу көзделген.

Министрдің сөзіне қарағанда, енгізіліп отырған өзгерістерге сәйкес бекітілген мерзім жарты жылға шегерілуде. Осы ретте жұмыс берушілер және өзін жұмыспен қамтыған азаматтардан жарналар мен төлемдер 2017 жылдың 1 қаңтарынан емес, 1 шілдесінен іске асырылады.

Сонымен қатар мемлекет халықтың белсенді емес бөлігі үшін жарнаны жарты жылға кейін төлейді, яғни 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлем жасайды.

Сәйкесінше, медициналық сақтандыру жүйесінің медициналық көмек көрсету мен қордан төлем жасау да жарты жылға кейін басталады (2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап).

Осы мерзімде қор мен оның филиалдары құрылады, денсаулық сақтау шығындары республикалық деңгейде шоғырланады. Бұл тұрғыда Қор медициналық қызметтердің бірыңғай стратегиялық сатып алушысы ретінде қызмет етеді.

Министрдің айтуынша, аталған мерзімді ұзартуға бюджеттік заңнамадағы өзгерістер ықпал еткен.

Заң жобасына орай депутаттар М.Тінікеев, В.Косарев, З.Балиева, «Қазақстандағы парламентаризм қорының» төрайымы Зәуреш Баталова, «Интертич» корпорациясының өкілі Анотолий Белоног, «Аман-саулық» қорының президенті Бақыт Түменова, т.тб тұсаукесерге  қатысушылар министрге сұрақ қойып, өз ұсыныстарын жеткізді.

 

 

***

Заң жобасының таныстырылымында айтылған ұсыныстар жұмыс тобының отырыстарында одан әрі талқыланатын болады.

Құжат бойынша жұмыс тобының жетекшісі депутат Зәуреш Аманжолова.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі