Астана, 10 қазан, Мәжіліс Үйі.
Бүгін Мәжілісте «Экономикалық дипломатия – Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыты» деген тақырыпта Палатаның вице-спикері Владимир Божконың жетекшілігінде Үкімет сағаты болды.
Отырысқа Сыртқы істер министрлігінің басшылығы, экономикалық блок пен күш-құрылым органдарының өкілдері және де «ҚазАгро» ҰБХ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының, «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» акционерлік қоғамының, «Астана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі» АҚ-ның өкілдері де қатысты.
Тақырып бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов баяндама жасады.
Министр өз сөзінде осы жылғы 3 ақпанда СІМ-де Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Кеңейтілген Алқада «экономикалық дипломатияны» күшейту жөнінде берген тапсырмаларына сәйкес министрлік жұмысы «5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының экономикалық күн тәртібін тиімді жүргізуге бағытталған мәлімдеді. Елбасының экономикалық бастамаларын екіжақты деңгейде және көпжақты құрылымдарда (ЕАЭО, ШЫҰ, АСШӨК, ЭЫДҰ, ИЫҰ) белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Елбасының 2015-2016 жылдардағы әлемнің жетекші елдеріне сапарлары өтті (Италия, ҚХР, Ұлыбритания, Италия, Иран, Түркия). Қазақстанға 42 млрд. 800 млн АҚШ доллары көлемінде міндеттемелер әкелгенін мәлімдеді.
Министр « ЭКСПО-2017. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бәсекеге қабілетті болуы үшін жаңартылатын энергия көздерін дамыту керек. Сондықтан, «жасыл технологияларды» пайдалану деңгейін арттыру ҚР-дың басымдығы болып табылады. Бұл себепте ЭКСПО-2017 көрмесі ерекше рөлін растайды.
Қазіргі таңда 103 ел мен 17 халықаралық ұйым Астаналық көрмеге қатысуын растады. 81 қатысу шартына қол қойылды, ұлттық секциялардың 96 комиссары тағайындалды. Бірқатар елдердің қатысуын растау бойынша келіссөздер жүргізілуде»,-деді.
Біз Орталық Азия елдерімен жақындастырудың өзара қолайлы жолдарды іздестіруді жалғастыра береміз. Дегенмен, үстіміздегі жылғы 12 қыркүйекте Мемлекет басшысының Самарқандқа жасаған сапары Өзбекстанмен сауда-экономика саласында жаңа мүмкіндіктерді ашты.
Біз Ресей Федерациясымен жан-жақты одақтық қатынастарды жалғастырудамыз. Таяуда ғана Президент В.Путиннің Астанаға сапары болды, оның аясында кәсіпкерлер қатысқан ең ірі бизнес-форум, және «Еуразиялық кеңістіктің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту» тақырыбында ҚР-РФ өңіраралық ынтымақтастығының ХІІІ форумы өткізілді.
Тақырыпты Мәжілістің Халықаралық әстер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев қосымша баяндамамен жалғастырды.
«Соңғы жылдарда Қазақстаннның сыртқы саясата үлкен табыстарға қол жеткізгенін атап өткен жөн. Еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайлануы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстаннның сыртқы саясатының тиімді әрі нәтижелі жүргізілуінің тағы бір дәлелі болды»,- деп атап өтті.
Негізгі баяндама мен қосымша баяндамадан кейін Палата депутаттары Б.Хаменова, М.Чирков, Т.Хитуов, О.Өксікбаев, А.Бектұрғанов, Н.Сабильянов т.б. сұрақтарына Сыртқы істер министрі жауап берді.
Отырыста халық қалаулылары М.Маханбетов, М.Ерман, М.Пшембаев, Қ.Жақыпов, С.Құсайынов жарыс сөз алды. Солардың бірі депутат Қуаныш Сұлтанов:
«Бүгін Үкімет сағатының талқылауына шығарылып отырған тақырып біріншіден Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп, жүзеге асырып келе жатқан саясатының басты бағыттары мен талаптарынан туындап тұр.
Екіншіден, ҚР-ның дүниежүзілік қоғамдастықпен қарым-қатынасының дәрежесін, сапасын, халықаралық қатынастағы орны мен беделін көрсетеді,- деп тоқталды.
Талқылау қорытындысы бойынша тиісті Рекомендация қабылданды.
(Сәуле Досжанова, т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты.)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі