Астана, 11 қазан. Мәжіліс Үйі.
Бүгін, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде Қазақстандағы қалдықтарды басқарудың қазіргі жағдайы және келешегі, оларды модернизациялау жайы талқыланды.
Мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, депутат Майра Айсинаның жетекшілігімен өткен отырысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің экономикалық реформа және өңірлік даму Комитеті, «Жасыл экономиканы қолдау мен G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ ұйымдастырды.
Жиналысқа Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасының энергетика министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің, ҮЕҰ және бизнес құрылымдардың өкілдері қатысты.
Басқосуда «Жасыл экономиканы қолдау мен G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ басқарма төрайымы С Рақымбекова, Энергетика министрлігінің қалдықтарды басқару департаментінің директоры Ж Нұрбеков, Астана қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы А.Сәрсембаев, «Астана-Тазарту» ЖШС бас директоры И. Лавриненко, «BAUER» GmbH (Германия) директорының орынбасары О.Мутинг, WSK EKO GmbH (Германия) менеджері Г. Вайзер тақырып бойынша баяндап берді.
Осы кездесудің негізгі міндеті қазіргі мәселелерді айқындау және Қазақстандағы қалдықтарды тиімді басқаруды және утилизациялауды ұйымдастыру болып табылады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда барлық қалдық түрлерін жинау, тасымалдау, қайта өңдеу мен утилизациялау инфрақұрылымы нашар дамыған.
Қазақстанда жиналған барлық ҚТҚ массасы 100 млн. тоннаны құрайды. Сонымен қатар, әрбір жыл сайын Қазақстанда шамамен 5 - 6 млн. тонна ҚТҚ жиналады, оның 1,8%-ы қайта өңделеді, ал қалған қалдықтың барлығы полигондарда жинақталады.
«Жасыл экономикаға» көшу туралы Концепцияның индикаторларына сәйкес, 2030 жылға қарай халықты 100% тұрмыстық қатты қалдықтың шығарылымымен және қалдықтардың 95%-ның санитарлық сақталыуын, сонымен қатар қалдықтардың 40%-ның қайта өңделуін қамтамасыз ету керек.
Сонымен қатар, осы кездесуде қоқысты бөлек жинау мен қатты тұрмыстық қалдықтарды утилизациялау процесі жүріп жатқан Еуропа елдерінің тәжірибелері де ұсынылатын болады. Бұл жобалар «BAUER» GmbH және «Eggersmann» GmbH компанияларымен жүзеге асырылып жатыр.
Жоғарыда аталған компаниялардың тәжірибесі органикалық қалдықтардан биогаз алып, одан әрі оны жасыл энергия көзіне, яғни электр қуатына және жылуға айналдыруға болатынын көрсетеді.
(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты.)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі