Астана, 3 қараша,Мәжіліс Үйі.
Қазақстан халқы Ассамблеясының делегациясы Ресей Федерациясының Мәскеу қаласына ресми сапармен барды. Делегация құрамында: ҚХА төрағасының орынбасары Е.Л.Тоғжанов, ҚР Парламенті Мәжіліс Төрағасының орынбасары В.К.Божко, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Н.В.Жумаділдаева, А.С.Мурадов, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Л.А.Прокопенко бар.
Сапар аясында ҚХА делегациясы Ресей мен Еуразия халықтары форумының пленарлық отырысына қатысты.
Ералы Тоғжанов өз сөзінде ресейліктерді Халықтар бірлігі күнімен құттықтады. «Қазақстан мен Ресей тек стратегиялық серіктестік, достық байланыста ғана емес, сондай ақ қарапайым адамдар арасындағы қарым-қатынастарымен ерекшеленетін мемлекеттер. Бүгінде миллиондаған қазақтар Ресейде өмір сүрсе, миллиондаған орыстар Қазақстанда тұрады. Бұл Қазақстан мен Ресей халықтарының бауырластығы, өзара сенімі мен құрметінің белгісі», - деді ол.
Делегация мүшелері РФ Президенті Әкімшілігінің басшысы, РФ Президенті жанындағы ұлтаралық қатынас бойынша кеңестің жауапты хатшысы М.Магомедовпен, РФ Мемлекеттік Думасы ұлттар жөніндегі комитеттің төрағасы И.Гильмутдиновпен, ұлттар ісі жөніндегі федералды агенттігінің меңгерушісі И.Бариновпен, Ресей халықтары Ассамблеясының төрағасы С.Смирновамен екіжақты кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында Қазақстан мен Ресейдің өзара ықпалдастығының өзекті мәселелері, қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз етудегі, азаматтық біртектілік пен бірлікті нығайтудағы тәжірибе, ынтымақтастықтың жаңа векторлары, сондай-ақ, И.Баринов бастаған 11 қарашаға жоспарланған ресейлік делегацияның Қазақстанға сапары талқыланды.
(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты.)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі