Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
07.11.2016

Мәжіліс: «Жұмыспен қамту - 2020» жол картасының іске асырылу барысы туралы»- Үкімет сағаты


Астана, 7 қараша. Мәжіліс Үйі.

 

Бүгін Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның жетекшілігінде «Жұмыспен қамту - 2020» Жол картасының іске асырылу барысы туралы» тақырыбында Үкімет сағаты өтті.

Отырысты ашқан вице-спикер; «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев  2015 жылғы қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауында: «... бүгінде тек Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы ғана сыртқы сілкіністерге орнықты, тиімді экономиканың нақты негізі болуға қабілетті»,- деп атап айтқан болатын.

     Халықты жұмыспен қамту мәселесіне  -  «Нұр Отан» партиясы сайлауалды бағдарламасында да  ерекше мән беріліп отыр.

Тиімді жұмыспен қамту және  еңбек өнімділігін арттыру – экономиканың өсуінің негізгі тірегі,- деп бастады сөзін.

2016 жылдан бастап Жұмыспен қамту жол картасы жаңартылып, жұмыс орындарын құруға, әсіресе, ауылдық жерлер мен қызмет көрсету саласында кәсіпкерлік қызметке  жағдай жасауға баса көңіл аударыла бастады.

Осылайша, мемлекеттік қолдау шараларының бағыты  үнемі кеңейтіліп келеді. Сонымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен бірнеше жылдың (8 жыл) ішінде жұмыспен қамтуды қолдау бойынша толық ауқымды бағдарламалар іске асырылуда.

Өңірлердегі негізгі проблема – жұмыс күшіне қажеттілікті нақты ескермей  жұмысқа орналастыру және оқытудан өткен мамандардың  қажет болмауы.

Осы тұрғыдан, барлық бағыттар  тиімді жүзеге асырылып,  әр тиын  түпкі мақсатқа қол жеткізу жолында  жұмыс жасалу қажет. Жол картасының әрбір жобасының мультипликативтік әсері болуы тиіс деп күтілүде.

Сондықтан да, бүгінгі  Үкімет сағаты  – бағдарламаны жүзеге асыруда шешімін таппаған проблемалар және оларды шешу жолдарын талқылауға арналады,- деген Мәжіліс Төрағасының орынбасары Үкімет сағатын жүргізу регламентіне сәйкес негізгі баяндаманы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жасады.

 «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы іске асырылған уақыттан бері 2011 жылдан 2016 жылға дейін мемлекеттік қолдау шаралары 744 мыңнан астам адамға көрсетілді. Оның ішінде 56 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналасты»,- деп сөз бастаған министр: осы кезеңде еңбек нарығының негізгі көрсеткіштерінің сандық және сапалық жағынан оң серпіні байқалатынын атап өтті.

2016 жылы 5712 жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде 3607 жоба ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Үкіметтің арнайы резервінің қаражаты есебінен көзделуде, осы жобалар тұрғындар жиынының шешімі бойынша ең шалғай ауылдарда іске асырылады.

Жобалардың негізгі бөлігі – бұл жолдар мен білім беру нысандарын жөндеу. Өңірлер бөлінісінде жобалардың көбісі Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында іске асады.

«Көрсетілген жобаларда 41 мыңнан астам жұмыс орындарын құру көзделуде. Ағымдағы жылы Бағдарламаның бірінші бағытына барлығы 81,5 млрд. теңге бөлінді. Жұмыс кестесіне және қаржыландыру жоспарына сәйкес, әкімдіктер ағымдағы жылғы қараша-желтоқсан айларында бөлінген қаржаттарды толықтай игереді деп күтілуде, - деп хабарлады баяндамашы.  

Бағдарламаның екінші бағытының мақсаты өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға және жұмыссыздарға жеңілдік шарттарында шағын несие беру арқылы олардан дара кәсіпкерлерді қалыптастыру болып табылады.

«2016 жылы шағын несие беруге жалпы 30,8 млрд. теңге көзделген. Алдыңғы жылдардағы тәжірибе Бағдарламаға қатысушылардың шағын несиені ауыл шаруашылығында (79 %), оның ішінде басым бөлігін мал шаруашылығында пайдаланатындығын көрсетті, өйткені бұл ауылдықтар үшін ең түсінікті және қолжетімді бизнес.

Сондықтан, біз биыл тәсілдерді өзгерттік,- деген министр, «ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігуді және жеке қосалқы шаруашылық базасында ұсақ тауарлар өндірісін ашуды ынталандыру үшін несие мөлшерін 6 млн. теңгеге дейін ұлғайттық. Кооперация оларға жемдеу және өнімдерді өткізу мәселелерін бірлесіп шешуге, нәтижелі жұмыспен қамтамасыз етуге және тиісінше ауылдастар үшін қосымша жұмыс орындарын құруға оң әсерін тигізді. Осы мақсаттарға жалпы бөлінген сомадан 10 млрд. теңге бағытталды, - деп мәлімдеді.

Тамара Дүйсенова: «бағдарламаның үшінші бағыты азаматтарды оқытуды және жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді, сондай-ақ жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс тапшы өңірлерге көшіруді көздейді. Ағымдағы жылы осы мақсаттарға 10,8 млрд. теңге бөлінді.

 «Ағымдағы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Бағдарламаға бірқатар дағдарысқа қарсы жаңа тетіктер мен құралдар енді, бұндағы басты шарт жұмыс берушілердің жұмыскерлерді жұмыстан босату қаупі болған кезде, жұмыс орындарын сақтауы болып табылады.

Бағдарлама арқылы 1949 жас жұмыскерді оқыту ұйымдастырылып, жұмыс беруші жұмыс орындарын қысқартпауы шарттарында 702 жұмыскерді оқытуға жұмыс берушілерге гранттар берілді. Бұдан басқа, зейнеткерлік жас алдындағы жастағы 985 адам оқытылды.

Елдің сегіз ірі өнеркәсіп кәсіпорындарында қысқарған жұмыс уақыты үшін білікті жұмыскерлердің жалақыларының бір бөлігін уақытша субсидиялау тетігі алғаш рет қолданылды. Субсидиялауға 3 мыңнан астам адам қатысты және олар үшін 127 млн. теңге бөлінді», - деп Тамара Дүйсенова халық қалаулыларына баяндап берді.

Министрдің баяндамасынан кейін Әлеуметтік–мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Иксанова тақырыпқа қосымша баяндама жасады.

Баяндамалардан кейін Мәжіліс депутаттары сала министріне сұрақтар қойып, жарыссөз алды.

 Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Үкімет сағатын: «Бағдарламаны іске асыру тетіктерін жетілдіру, құралдарды кеңейту, әр бағыт бойынша қатысушылардың нысаналы топтарын айқындау қажет. Бағдарламаны іске асыруға қатысты прагматикалық көзқарасты тұжырымдау, шығыстарды тиімді жоспарлау және қаражатты ашық түрде игеру өзекті мәселенің бірі.

Жұмыспен қамту 2020 жол картасын іске асыруға жауапты уәкілетті орган, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы билік депутаттар айтқан ұсыныстарды дұрыс қабылдап, қажетті қорытынды жасайды және тиісті шаралар қолданады деп үміттенеміз»,- деп қорытты.

Үкімет сағаты бойынша тиісті Ұсынымдар қабылданды.

 

 

***

Үкімет сағаты шеңберінде Мәжілістің отырыс залының фойесінде тақырыпқа байланысты көрме болды. 

 

 

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі