Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
08.11.2016

Мәжіліс: әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері – жұмыс тобы


Астана, 8 қараша. Мәжіліс Үйі.

Бүгін Мәжілісте  Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновтың қатысуымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы бойынша жұмыс тобының он бірінші отырысы болды.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Мейрам Пішембаев отырысқа қатысушыларға заң жобасына депутаттардан 218 түзету түскенін оның жұмыс топтарында жан-жақты талқыланғанын хабарлады.  155 позициядан тұратын Салыстырма кестесінің 149-ы қабылданып, 3-қабылданбаған, 3- толықтырылуда. Бүгінгі отырыста бәріне Салыстырма кестесі таратылып сол бойынша жұмыс жасады.

Заң жобасын әзірлеген Инвестиция және даму жөніндегі министрілігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов қатысып, депутатардың сұрақтарына жауап берді.

Заң жобасы Қазақстан Республикасының азаматтық авиация және әуе кеңістігін пайдалану саласындағы заңнамасын одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленген.

Заң жобасы:

азаматтық авиация саласындағы заңнаманы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына одан әрі сәйкес келтіруге;

әуежай қызметтерін көрсететін ұйымдардың авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаларды әзірлеуі және бекітуі арқылы авиациялық көрсетілетін қызметтердің сапасына бақылауды күшейтуге;

әкімшілік жауаптылықты:

-                     медициналық сарапшыларға медициналық куәландыру талаптарын сақтамағаны үшін;

-                     әуе кемелерінің ұшуын орындаумен және қамтамасыз етумен тікелей байланысты адамдарға өзіне мәлім және ұшуды орындауы үшін қауіп төндіретін ауруларының болуы туралы ақпаратты жасырғаны үшін;

-                     аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушіге сертификаттау талаптарын бұзушылықтарды жоймағаны үшін бекітуге.

Сонымен қатар заң жобасында:

аэронавигациялық қызмет көрсету үшін алымдар төлеуден шағын авиациянының субъектiлерiн босату;

әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымға, коммерциялық әуе тасымалдарына қатыспайтын жеңіл және аса жеңіл авиацияның әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету бағдарламаларын бекітуді, персоналдың біліктілік деңгейін айқындауды, пилоттардың біліктілік белгілерін белгілеуді бекітіп беру көзделеді.

Заң жобасында 7 заңнамалық актіге, оның ішінде  Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстеріне, Салық кодексіне, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы», «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.

Жұмыс тобының заң жобасымен жұмысы барысында депутаттар:

егер азаматтық  авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың ережелері Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес келсе, мұндай ережелерді авиакомпаниялардың өз қызметінде қолдану мүмкіндігін бекітуге;

пилотсыз ұшу аппаратын пайдалану кезінде ұшуға жарамдылық нормаларын сақтауға;

аэровокзалға келетін жолаушылар мен адамдарды жете тексеруді жүзеге асыратын авиациялық қауіпсіздік қызметінің персоналын нақтылауға бағытталған түзетулер енгізді.

Бұдан басқа, депутаттар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіретін, сондай-ақ заң жобасының жекелеген нормаларын нақтылап, мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізді. 

Жұмыс тобының отырысына мүдделі мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктер мен сарапшылық ұйымдардың өкілдері шақырылды.

Отырысқа қатысушылар арасында Эйр Астана, «BEKAIR», SCAT, «Евро-Азия Эйр», «Феникс» авиакомпанияларының, Қазақстан тұтынушылар  құқықтарын қорғау қорының, «KAZLOGISTICS» көліктік және логистикалық ұйымдар мен қауымдастықтар одағының, «Казавиаспас» АҚ, «Airport Management Group» ЖШС, «KTZ EXPERSS» АҚ мен   «Қазаэронавигация» РМК өкілдері бар.

Сондай-ақ жұмыс тобының жұмысына «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қазақстан авиатасымалдаушылар қауымдастығының Қазақстан шағын авиация қауымдастығының өкілдері қатысты.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі