Астана, 10 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Оңтүстік-Африка Республикасы халықаралық қатынастар және ынтымақтастық департаменті министрінің орынбасары Номаиндиа Мфекетомен кездесті.
Тараптар екіжақты қарым-қатынастың өзекті сұрақтарын талқылады. Осы ретте өзара іс-қимылдың басым бағыттары ретінде ауылшаруашылығы, туризм, энергетика, білім және экономика салаларына айрықша көңіл бөлінді.
Н.Мфекето біздің еліміздің даму қарқынын өте жоғары бағалай келіп, еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады.
М.Әшімбаев өз кезегінде аталған ел өкілдерін Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауәіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшесі болуға көрсеткен қолдаулары үшін алғыс білдірді.
Комитет төрағасы атап өткендей, Қазақстан осы кезеңде Орталық Азия аймағы және Ауғанстан жағдайларына, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелеріне баса көңіл бөлмек.
М. Әшімбаевтың айтуынша, ОАР-ның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы аталған мемлекет үшін зор мүмкіндіктерге жол ашпақ.
Кездесу барысында бейінді комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі топтар арқылы Қазақстан мен ОАР арасындағы парламентаралық үнқатысуды нығайтуға назар аударылатыны айтылды.
(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)
.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі