Астана, 11 қараша.Мәжіліс Үйі.
Бүгін Мәжілісте Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыповтың баяндауында «Пробация туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен таныстырылды.
Заң жобасының мәлімдеуінше, ҚР ІІМ «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» бағдарламасының шеңберінде «Пробация туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобаларын әзірледі.
«Пробация туралы» заң жобасы пробация институтын әрі қарай жетілдіруге, нақтырақ айтқанда пробация саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу және ұғымдарды орнату, пробация қағидаттарын, құзыреттілігі мен функцияларын, мәртебесін белгілеуге және пробацияға есепке тұратын адамдарға бағытталған.
2012 жылғы үкімдік және постпенитенциарлық сатылармен сотқа дейінгі және пенитенциарлық пробация енгізілуде.
Заң жобалары пробация қызметінің мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және азаматтармен, сондай-ақ пробация есебіне тіркелгендерге әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасу бойынша нормаларды көздейді.
Пробация есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің негізі – есептегі адамды және оның өмірлік жағдайын кешенді зерделеуге негізделген жеке бағдарлама болады, сондай-ақ ол жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар және азаматтар көрсететін көмектің кешенді шараларынан тұрады.
Пробацияның әрбір сатысына пробация қызметін жүзеге асырудың тетіктері белгіленеді.
Сотқа дейінгі пробация айыпталушылар мен сотталушылардың мінез-құлқының түзелуіне, олардың қайта қылмыс жасамауына бағытталатын әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету болып табылады.
Сотқа дейінгі пробация мына адамдарға қатысты қолданылатын болады: 1) кәмелеттік жасқа толмағандар; 2) мүгедектер; 3) елу сегіздегі және одан жоғары жастағы әйелдер, жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдер; 4) алпыс үш және одан жоғары жастағы ер адамдар, үш жасқа дейінгі баласын жалғыз асырап отырған ер адамдар.
Алайда, сотқа дейінгі пробация үйде қамауда ұстау және қамауда ұстау бұлтартпау шаралары қолданылатын адамдарға қатысты болмайды.
Ұсынылып отырған пенитенциарлық пробация пробация қызметі мен қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінің әкімшілігінің бірлесуінен және сотталғанды босатуға дайындау және постпенитенциарлық пробация кіретін қайта әлеуметтендірудің жеке бағдарламасын іске асырудан тұрады.
Пенитенциарлық пробация белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айырылған, жазасын өтеуіне 1 жыл қалған сотталғандарға қатысты болады.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы «Пробация туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасына сәйкес қолданыстағы заңнамаға келтіруге бағытталған Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне, сондай-ақ «Ішкі істер органдары туралы» заңға түзетулер енгізуді көздейді.
Отырысқа бірқатар министрліктердің сарапшылары, ғалымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Таныстырылым барысында Денсуалық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Светлана Жақыпова мен Білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева сөз сөйледі.
Заң жобасы енді депутат Светлана Бычкова жетекшілік ететін жұмыс тобында талқыланатын болады.
(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты.)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі