Астана, 14 қараша. Мәжіліс Үйі.
Бүгін, Мәжілісте «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен таныстырылды. Құжат жайында депутаттар алдында Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов баяндама жасады.
Отырыс Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіровтің қатысуымен өтті.
Заң жобасы Қазақстан Республикасындағы дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған.
Дактилоскопиялық және геномдық тіркеудің мақсаты дактилоскопиялық және геномдық тіркеу негізінде жеке басты анықтау және (немесе) растау болып табылады.
Заң жобасы қабылданған кезде оны іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды және мемлекеттік бюджеттен қаржы қаражатын бөлуді талап етеді.
Міндетті дактилоскопиялық тіркеуге 16 жасқа толған:
1) Қазақстан Республикасы азаматының паспортын немесе жеке куәлігін алуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматтары;
2) Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәлігін беру туралы шешім қабылданған Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
3) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
4) тұруға ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, босқын куәлігін алуға үміткер шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
5) жұмыс беруші – жеке тұлғаларда үй шаруашылығында жұмыстар орындау (қызметтер көрсету) мақсатында Қазақстан Республикасына үй жұмыскерлері ретінде келген көшіп келушілер;
6) Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылуға жататын не Қазақстан Республикасы ратификациялаған Қазақстан Республикасының реадмиссия туралы халықаралық шарттарының қолданылу аясына түсетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
7) Қазақстан Республикасының визаларын алу кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар жатады.
Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық тіркеу кезінде алынған дактилоскопиялық ақпараты:
1) Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке басын растау және (немесе) анықтау;
2) Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды есепке алу және бақылау;
3) жеке бастың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
4) жеке басты дактилоскопиялық ақпарат бойынша растау рәсімі арқылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін адамдарды есепке алу және бақылау үшін пайдаланылады.
Міндетті геномдық тіркеуге:
1) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ жеке бастың жыныстық тиіспеушілігіне және жыныстық еркіндігіне қарсы қылмыстардың барлық санатын жасағаны үшін сотталған адамдар;
2) биологиялық материалы ашылмаған ауыр немесе аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ жеке бастың жыныстық тиіспеушілігіне және жыныстық еркіндігіне қарсы қылмыстардың барлық санаты бойынша қылмыстық-процестік заңда белгіленген тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алынған анықталмаған адамдар;
3) танылмаған мәйіттер жатады.
Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстары, бірінші кезекте, ата-аналары (ата-анасы) және (немесе) балалары (баласы), ал олар болмаған кезде туыстық дәрежесіне байланысты басқа да биологиялық туыстары Заңда көзделген тәртіппен олардың келісімімен геномдық тіркеуге жатады.
Геномдық тіркеу жүргізу кезінде алынған геномдық ақпаратты жинақтауды және сақтауды ішкі істер органдары «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және негізгі Заң жобасының ережелерін ескере отырып электрондық ақпараттық ресурстарда жүзеге асырады.
Геномдық тіркеу жүргізу нәтижесінде алынған геномдық ақпарат:
- қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды ашу және тергеп-тексеру, сондай-ақ оларды жасаған адамдарды анықтау және белгілеу;
- Қазақстан Республикасының хабарсыз кеткен азаматтарын, Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды іздестіру;
- танылмаған мәйіттер бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке басын анықтау;
- іздестіріліп жатқан немесе анықталып жатқан адамдардың туыстық қатынастарын анықтау мақсатында пайдаланылады.
Енді заң жобалары заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Евгений Козловтың жетекшілігіндегі жұмыс отырысында талқыланатын болады.
(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты.)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі