Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
17.11.2016

Жарнама туралы заң жобасы таныстырылды


Астана, 17 қараша, Мәжіліс үйі.

Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Иксанованың жетекшілігнде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.  

Жарнама қызметін мемлекеттік реттеуді жүйелеу және жарнама саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленген құжат жайында Ұлттық Экономика министрінің орынбасары Айдар Әріпханов баяндама жасады.

Жарнама қызметін мемлекеттік реттеуді жүйелеу шеңберінде жарнама саласындағы уәкілетті орган (жарнама мәселелері бойынша басшылық пен салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган), сондай-ақ жарнама саласындағы реттеуші мемлекеттік органдар (жарнама қызметі жүзеге асырылатын жеке салаларда басшылық жасайтын мемлекеттік органдар) айқындалады.

Заң жобасында жергілікті атқарушы органдарға Сыртқы (көрнекі) жарнаманы елді мекендерде ашық кеңістікте орналастыру қағидаларын әзірлеу, ал жергілікті өкілді органдарға оларды бекіту құзыретін беру көзделеді. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар аталған қағидаларды жарнама саласындағы уәкілетті орган бекітетін Үлгілік қағидаларының негізінде әзірлейді.

Әлеуметтік жарнаманы кеңінен тарату арқылы қоғамның адамгершілік құндылықтарын, сондай-ақ елдің имидждік саясатын ілгерілету үшін заң жобасында оны күшейту мақсатында міндетті теле-, радиоарналар үшін бір ай ішінде берілетін хабарлардың жалпы көлемінің кемінде бір пайызын өтеусіз негізде әлеуметтік жарнаманы орналастыру міндеті енгізіледі.

Заң жобасында Қазақстан Республикасының 5 кодексіне және 9 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.

 

Жарнама саласындағы заңнаманы талқылауға Ұлттық экономика вице-министрі, мүдделі мемлекеттік органдардың, Парламентке кірмеген саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының  өкілдері және сарапшылар қатысты.

 

 

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі