Астана, 22 қараша. Мәжіліс Үйі.
Бүгін, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясының Фракциялар жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі Кеңес «Ұлт жоспарының мәслихаттардың қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар бойынша 98-қадамын іске асыру туралы» тақырыбындағы дөңгелек үстел өткізді.
Кеңестің отырысына «Нұр Отан» партиясы фракциясының басшылары, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Бас прокуратураның өкілдері, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика, Қаржы, Әділет, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерінің өкілдері, жергілікті уәкілетті органдардың өкілдері, қоғамдық қауымдастықтарының өкілдері қатысты.
Кеңес отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша ұлттық экономика вице-министрі Р.В. Склярдың баяндамасы тыңдалды.
Заң жобасы Мемлекет басшысының 2012 жылғы 28 қарашадағы № 438 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында, сондай-ақ Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның ұсынымдарын ескере отырып, 100 нақты қадам Ұлт жоспарының 98-қадамын орындау үшін әзірленген.
Заң жобасы аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер деңгейінде дербес бюджетті кезең-кезеңмен енгізуге және жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігі институтын енгізуге, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджеттік процестегі және жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін басқарудағы өкілеттіктерін одан әрі кеңейтуге бағытталған.
Заң жобасында 8 заңнамалық актіге, оның ішінде Қазақстан Республикасының Бюджет, Салық, Азаматтық кодекстеріне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқык бұзушылық туралы кодексіне, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Жарнама туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» және «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады.
Қазақстанда Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы қабылданған, оның негізіне Жергілікті өзін-өзі басқарудың еуропалық хартиясында бекітілген муниципалдық демократия мен муниципалдық басқарудың көпшілік мойындаған құндылықтары салынған.
Осы тұжырымдамада Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мынадай екі кезеңге бөлінген:
Бірінші кезең (2013–2014 жылдар) – басқарудың төменгі деңгейлеріндегі қолданыстағы жүйенің әлеуетін кеңейту;
Екінші кезең (2015–2020 жылдар) – жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту.
Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жергілікті маңызы бар мәселелерді шешудегі қаржылық дербестігін кеңейту мақсатында ауылдардың әкімдеріне жергілікті өзін-өзі басқару органдарының кіріс көздерін қалыптастыру және қолма-қол ақшаны бақылау шоттарын (ҚБШ) ашу құқығы берілді.
2014 жылғы 28 қарашада ҚР-ның Салық салу мәселелері жөніндегі заңымен, 2015 жылғы мамырдан бастап қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына түсе бастаған 4 салық түрінен түсетін түсімдер жергілікті өзін-өзі басқару органдарына берілді.
Мүдделі министрліктер мен ведомстволар, саяси партиялар, Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстанның азаматтық альянсы, Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры, Қазақстан Республикасындағы Еуропалық құқық және адам құқығы институты және басқа да қоғамдық бірлестіктер, сараптама ұйымдары өкілдерінің қатысуымен заң жобасының таныстырылымы өткізілді.
Талқылау қорытындылары бойынша отырысқа қатысушыларымен бірге Кеңестің ұсыныстары қабылданды.
Кеңес төрағасы Серік Сейдуманов бүгін Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында осы заң жобасын Палатаның жалпы отырысына бірінші оқылымға шығару жөнінде шешім қабылданғанын мәлімдеді. Соған орай осы отырыста айтылған ұсыныстар мен ескертпелерді депутаттар талқылау барысында ескеретін болады.
(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты.)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі