Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
24.11.2016

Мәжілісте дене шынықтыру және спорт мәселелеріне қатысты заң жобасы таныстырылды


 

Астана, 24 қараша. Мәжіліс Үйі.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы  Палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Иксанованың қатысуымен комитет хатшысы Бейбіт Мамраевтың жетекшілігінде таныстырылды.  

Заң жобасына енгізілетін жаңалықтар жайында Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Сәкен Мұсайбеков баяндап берді.

Қазақстан Республикасы Заңының жобасы дене шынықтыру мен спортты қаржыландырудың қолданыстағы жүйесін жетілдіру мақсатында әзірленген.

Заң жобасымен Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне және «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Бюджет кодексіне түзетулер дене шынықтыру мен спортты дамыту саласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетімен оның ұйымдарына  мемлекеттік тапсырма алу және орындау құқығын беру мүмкіндігін көздейді.

«Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңда ұғымдық аппарат  спорт түрлерін саралау, олимпиада, олимпиадалық емес және паралимпиада спорт түрлері ұғымдармен толықтырылған, құқықтық коллизиялары жойылған.

             Спорт түрлері бойынша бюджет қаражатының теңгерімді бөлінуін қамтамасыз ету мақсатында спорт түрлерін саралау жүйесі енгізіледі.

             Бюджетті айқындаған кезде спорт түрлерін саралау критерийлері ескерілетін болады. Саралау көрсеткіштерін айқындаудың негізгі критерийлеріне: халықаралық жарыстардағы спорт жетістіктері, спорт түрінің ұлттық-мәдени «дәстүрлілігі», кадр әлеуетінің болуы, материалдық-техникалық базаның болуы, өңірдің климаттық жағдайларына спорт түрі ерекшеліктерінің арақатынасы жатқызылатын болады.

Уәкілетті органның құзыреті басым спорт түрлерінің тізбесін спорт түрлерін саралау қағидаларын әзірлеу және бекіту, жергілікті атқарушы органдармен Қазақстан Республикасындағы басым спорт түрлерінің өңірлік тізбесін келісу функциялармен толықтырылған.

Жергiлiктi атқарушы органдарының құзыреттері әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында бұқаралық спортты және ұлттық спорт түрлерiн ғана емес, мүгедектер арасындағы спортты дамытуды қамтамасыз ету,  спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларының құрамына кіретін спортшыларға, олардың жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай үлес төлемдерінің мөлшерлерін әзірлеу және бекіту функциялармен толықтырылған.

Осылайша, Заң жобасын қабылдау нәтижесінде Қазақстан Республикасында Қазақстан үшін дәстүрлі болып табылатын және халықаралық деңгейдегі жоғары спорт нәтижелерін әкелетін республикалық және облыстық деңгейде  спорт түрлерін объективті және тәуелсіз қаржыландыруға кепілдік беретін спортты қаржыландырудың жеке моделі әзірленетін болады.

 

Тұсаукесерге Парламентке өтпеген: «Ауыл», «Бірлік», «ЖСДП» партиялардың және Қарағанды, Қызылорда облыстары мен Алматы, Астана қалаларының дене шынықтыру және спорт басқармаларының өкілдері қатысты. Құрметті меймандар қатарында жүзуден «РИО-2016» XV Паралимпиялық ойындар чемпионы Зүлфия Ғабдулина да болды.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Самұрық-Қазына» әлеуметтік ұлттық қорының, таэквондо федерациясы, гимнастика, т.б. дене шынықтыру және спортқа қатысы бар мекемелердің өкілдері де қатысты.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі депутат Наталья Жұмаділдаева.

Енді заң жобасы бойынша жұмыс тобының алғашқы отырысы  29 қарашаға белгіленді.

 

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі