Астана, 28 қараша, Мәжіліс Үйі.
Мәжілісте Палата Төрағасының орынбасары Владимир Божконың жетекшілігінде «Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың жаңа бағыттары мен отандық агробизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру перспективалары» деген тақырыппен Үкімет сағаты болды.
Отырысты бастаған вице-спикер Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Елбасы-Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығында қазақстандықтар атқарған үлкен жетістіктерді атап өтті. Парламенттің қос Палатасының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына қабылдаған Декларациясының маңызды бөліктерінен де үзінді жасады. «Әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына еніп отырған Қазақстан алдында «Ұлт жоспары – Мемлекет Басшысы Н.Назарбаевтың бес институтционалдық реформа – 100 нақты қадам» бағдарламасын жүзеге асыру мақсаты тұр. Еліміздің бәсекелестіктегі айырықша ерекшілігі – ұлан-ғайыр табиғи байлығы, ауылшаруашылық, коммуникациялық және көлік-тасымалы еліміздің экономикалық жетістігінің негізгі тиімділігі болып отыр. Бүгінгі Үкімет сағаты экономиканың маңызды бір саласы – ауылшаруашылығына арналып отыр»,- деді.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов тақырып бойынша баяндап берді.
Министр «мемлекеттік бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері деп анықталған проблемалардың негізінде, нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешен өнімін өндіруді қамтамасыз ету – Бағдарламаның мақсаты болып айқындалды»-деп, мақсатты іске асыруға бағытталған сегіз міндетті атап берді:
1. 500 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа (фермер) қожалықтарына арналған ауыл шаруашылығы кооперациясы;
2. Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеуді жетілдіру;
3. Агротехнологияларды трансферттеудің тиімді жүйесін қалыптастыру;
4. Мақсатқа бағытталған экспорттық саясат, органикалық өнім брендін ілгерілету;
5. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді барынша қамти отырып, мемлекеттік қолдаудың тиімділігі мен қолжетімділігі;
6. Мал шаруашылығының тиімділігін 40%-ға арттыру;
7. Өсімдік шаруашылығының тиімділігін 30%-ға арттыру;
8. Кәсіпорындардың өңдеу және жүктелу үлесін 1,3 есеге арттыру.
Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеуді жетілдірудің жолы:
· Жер ресурстарын ұтымды пайдалану
Бұл міндет шеңберінде Жер комиссиясының қорытындылары бойынша тұжырымдалған шаралар қабылданып, оның ішінде жердің жаңа кадастрлық құнын айқындау және шынайы деректер базасын қалыптастыру жүзеге асырылады.
· Айналымға суармалы жерлерді тарту
Аталған міндет шеңберінде:
- тұрақты суарылатын 610 мың гектар жерді айналымға енгізу;
- көлтабандап суарылатын 368 мың гектар жерді айналымға енгізу;
- 13 мың гектар коллекторлық-дренаждық желіні реконструкциялау;
- апатты 42 су қоймасын реконструкциялау және жаңа 22 су қоймасын салу жоспарлануда»,- деп нақтылап өтті сала басшысы.
Тақырыпты Мәжілістің Аграрлық мәселе комитетінің төрағасы Сапархан Омаров қосымша баяндамамен жалғастырды.
«Бүгінгі күні, агроөнеркәсіп кешені өндірісі - ауыл шаруашылығы технологияларын кеңінен пайдалану, қазіргі заманғы жабдықтар мен ғылыми жетiстiктердi пайдаланудан емес, негізінен, шаруашылыққа экстенсивті әдістерді енгізудің есебінен өскендігін көрсетіп отыр.
Ең бастысы - мемлекеттік реттеу тетіктерінің тұрақтылығын және мемлекеттік қолдау шараларын кепілді қамтамасыз ету. Ғылымға, арзан несиеге қол жеткізу, лизингтік платформаны нығайту, ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздікті күшейту - қолдаудың негізгі бағыттары болуы тиіс,- деп атап өтті Комитет төрағасы.
Бюджет қаражатын пайдалану мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Есеп комитетінің мәліметіне сәйкес, «Агробизнес-2020» бағдарламасының бірінші кезеңін іске асыруда 53 млрд. теңге бюджет қаржысы тиімсіз пайдаланылған және 40 млрд. теңгеге жуық процессуалдық бұзушылықтарға жол берілген»,-деген депутат баяндамасының соңында Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасы субсидияның қағидаттарын өзгерту ілеспе шаралар кешенімен бірге болған жағдайда ғана толық қанды оң нәтиже беретіндігін баса айтты.
Бүгінгі Үкімет сағатына Ақмола, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік-Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдар басшыларының саланы қарайтын орынбасарлары, кәсіпкерлердің Ұлттық палатасының, салалық қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми ұйымдар мен ауылшаруашылығын өндірушілердің өкілдері қатысты.
Талқылау қорытындысы бойынша тиісті Ұсынымдар қабылданды.
(Сәуле Досжанова, т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты.)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі