Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
05.12.2016

Мәжілісте отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттігі және даму мәселелері талқыланды


Астана, 5 желтоқсан, Мәжіліс Үйі.

 

Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі кез-келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды деп айтуға болады. Сол себептен де елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі құрылып, оған көптеген міндеттер жүктелгені белгілі. Осыған орай жаңа министрліктің отандық масс-медианы жаңғырту және еліміздің ақпарат кеңестігін нығайтуға қатысты атқарып жатқан шараларының жағдайынан хабардар болу мақсатында Мәжілісте вице-спикер Гүлмира Исимбаеваның жетекшілігінде «Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттігі және даму мәселелері туралы» деген тақырыппен Үкімет сағаты өтті. 

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  ақпарат және коммуникациялар  министрлігін құру жөнінде тапсырма берген болатын.

Мемлекет басшысы Н.А.Назарбаев: «Барлық әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары  өз елінің азаматтарының патриоттық сезімін арттыруға,  дер кезінде ақпарат ұсыну және барлық мәселеге уақтылы үн қату арқылы сырттан келетін ақпараттық шабуылдарға қалқан бола отырып, ішкі саяси тыныштықты сақтауға көмектеседі»,- деп атап көрсетті.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде бұқаралық ақпарат және коммуникациялар саласында түбегейлі қайта құру жүргізілді: заңнамалық база, жеке меншік және мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының дамыған жүйесі қалыптасуда, заманауи техникалық инфрақұрылым, Ұлттық белгі тарату жүйесі, жарнама нарығы құрылды. Мұның бәрі Қазақстанның ақпараттық кеңістігіндегі қарқынды реформалардың нәтижесінде болды.

Мемлекеттік саясаттың міндеттері – барлық бұқаралық ақпарат жүйесінің өркениетті түрде жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасау, қоғамның, халықтың  талабына сай  болу, ақпарат саласында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады»,- деп отырысты бастаған Төраға орынбасары Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа отандық бұқаралық ақпарат құралдарының жан-жақты дамуы және бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында министрлік атқарып жатқан жаңа істерді баяндау үшін сөз берді.

Жаңа министрліктің жаңа басшысы «Жалпы, бүгінгі күні  Қазақстанда шамамен 3 мың бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген. Сонымен қатар, баспа өнімдеріне оқырман сұранысының төмендеуіне қарамастан,  газеттер мен журналдар бұқаралық ақпарат құралдарының жалпы құрылымының басым көпшілігін құрайды, яғни - 84% (1201 газеттер мен журналдар 1324).

Жалпы көлемнің 9%-ы – электрондық БАҚ (110 телеарна, 60 радиокомпания, 107 кабельдік операторлар, және 8 хабар тарату спутниктік операторлар). Ал  ақпараттық агенттіктер 7%-ды (41) алып отыр.

Соңғы 6 ай ішінде Министрлік БАҚ-ты жаңғыртуға, сондай-ақ ұлттық ақпараттық кеңістіктегі процестерді жүйелеуге бағытталған бірқатар жобаларды іске асыруда»,- деп бастаған ведомство басшысы әр салаға жеке-жеке тоқталып атқарылып жатқан істерді нақтылап баяндап берді.

Телевизия мен Баспа БАҚ саласын және интернет желісін талдаған министр саланың  стратегиялық дамуына тоқталды.

«Әлемдік экономикадағы дағдарыс тенденциясының тереңдеуіне және отандық және шетелдік масс-медианың арасындағы бәсекелестіктің күшеюіне байланысты кейбір қазақстандық БАҚ-тың экономикалық жағдайы қиындағаны белгілі.

Қазіргі таңда Қазақстанда БАҚ-дың негізгі табыс көзі мемлекеттік ақпараттық тапсырыс болып табылады. «Уақыттың тағы бір талабы – қазақстандық телевизияның тарату сапасын арттыру (сандық технологиялар, HD, Ultra HD форматтары) және контентті өндіруді жетілдіру (аудиторияның қызығушылығына сәйкес келетін форматтар мен тақырыптар).

Тағы бір мақсат ақпаратты сүзгіден өткізуақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы адамдардың ақпараттың көптігінен зардап шегуіне алып келуде, сондықтан да ақпаратты белгілі бір деңгейде сүзгіден өткізу керек.

Аса маңызды жұмыстардың бірі - Салалық журналистиканы дамыту. Яғни, жаңа технологияларға және оқырманның күнделікті сұранысына икемді журналистерді дайындау.

Осыған байланысты, саясат, экономика және құқық сияқты нақты бағыттар бойынша мемлекеттік орган деңгейінде журналистердің біліктілігін түрлі аудиторияға (аудандық, облыстық, республикалық баспасөз) бағдарлай отырып арттыру мүмкіндігін қарастыру қажет.

Негізгі бағыттардың тағы бірі – кәсіби оқыту. Бұл бағытта республикалық, облыстық, аудандық және ведомстволық газеттердегі журналистердің біліктілігін арттырудың орталықтандырылған жүйесін әзірлеу жоспарлануда.

Келесі бағыт – жаңа Интернет-ресурстардың пайда болуына, сондай-ақ қолданыста бар ресурстарды нығайтуға жағдай жасау.

Бұл жерде халықтың қауіпсіз және пайдалы контентті пайдалануы аса маңызды. Бұл үшін желілерге тұрақты мониторинг жүргізу жұмыстары жалғасын табады. Ал ресурстардың дамуы үшін қаржылық және кеңестік, түрлі қолдау шаралары жасалынады»-деп депутаттарға министр сала жұмысын түсіндіріп берді.

«Мемлекет жылына бюджеттен 40 млрд.теңгені мемлекеттік ақпарат саласына бөліп отыр»,- деп бастады сөзді Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Иксанова тақырыпқа жасаған қосымша баяндамасында. Қазақстандық БАҚ жыл сайын өз бағыт-бағдарын өзгертіп отырғанымен әлімсақтан келе жатқан мәселелері де бар. Оған қоса жүйелі түрде шешіп отыруды қажет ететін жаңа мәселелер де туындап жатады. Мемлекеттік БАҚ-тың медиалық құралдары әрдайым жаңашылдық таныта алмай жатса, жекеменшіктер шетелдік бағдарламалар мен жағымсыз жаңалықтарды төпеп беруден көз ашпайды. Тілдік теңдікті де сақтай бермейд»-деп сынап алды.

Үкімет сағаты сұрақ-жауап рәсімінен соң депутаттардың тақырыпты талқылауына ұласты.

Вице-спикер «Әріптестеріміздің барлық ұсыныстары мен ескертпелері Министрліктің  қызметінде ескеріліп, ал проблемалар мен алға қойылған міндеттер шешіледі деп үміттенеміз.

Депутаттық корпус  бұқаралық ақпарат құралдары саласында ақпараттық қызметті жетілдіруге бағытталған  заңнамалық бастамаларға қолдау көрсетуге дайын.

Қоғам мен халық барған сайын талапшыл бола түсуде. Мұның өзі заңды да.   Бұқаралық ақпарат құралдары өз көрерменін, оқырманы мен пайдаланушысын баурап алуы қажет.    Бұған қалай қол жеткізуге болатынын Мемлекет басшысы Қазмедиа орталығында өткен кездесуде нақты айқындап берді»,- деп отырысты қорытты.    

 

Үкімет сағатына орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы биліктің жауапты қызметкерлері, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының, баспасөз басылымдарының, телеарналардың, радио мен Қазконтенттің             редакторлары, Қазмедиаорталығының, Орталық коммуникациялар қызметінің  басшылары қатысты.

 

«Үкімет сағаты» шеңберінде Мәжілістің жалпы отырыс залының фойесінде көрме ұйымдастырылды.

 

(Сәуле Досжанова, т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі