Астана, 20 желтоқсан.Мәжіліс Үйі.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан -2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының «Білім» бағыты бойынша Комиссияның кезекті отырысы депутат Әбдіманап Бектұрғановтың жетекшілігінде өтті.
Отырыс «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 77- қадамына («77-қадам. Экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату») сәйкес ұйымдастырылды.
Отырыста ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова баяндама жасады. Қосымша баяндамаға Мәжіліс депутаттары Ж.Нұрманбетова мен Б.Хаменова шықты.
Отырысқа он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орындарының жетекшілері, «ҚазақстанҒарышСапары» ҰК, «Павлодар мұнай-химия заводы» ААҚ басшылары қатысты.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату» 77 қадамын жүзеге асыру мақсатында өңірлерде еңбек ресурстарына деген сұранысты құратын экономиканың тиімді салалары негізінде білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін 10 базалық колледждің тізімі ҚР БҒМ анықталған. Республика бойынша 807 колледж жұмысын жалғастыруда.
Тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету жағдайларында білім беру саласында басым бағыттардың бірі ретінде елдің кадр әлеуетін қамтамасыз етуге ерекше орын бөлінетіндігіне байланысты мемлекет ролінің маңызы ерекше зор. Әрине өзгелерден оқ бойы оза шапқан колледждердің маман кадрларының біліктілігін арттыру жолға қойылғанымен, қаржат бөліндісі жағынан кемшін тұстарды байқауға болады.
Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова аталған тақырыпқа қатысты өз сөзінде:
«-Мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп баршаға арналған тегін техникалық және кәсіптік білім беруді енгізу, мемлекеттік колледждерді салалық қауымдастықтардың және Кәсіпкерлердің өңірлік палаталарының қамқорлығына беру тетіктерін пысықтау қажет.
- мүдделі мемлекеттік органдармен, облыстар әкімдерімен бірлесіп мемлекеттік деңгейде «Экономика салаларын кадрмен қамтамасыз ету туралы» заңнамалық актіні қабылдау туралы мәселені пысықталып, кәсіптік білім беру туралы нормативтік құқықтық актіні заңнамалық деңгейде қабылдау мүмкіндігін қарастырсын, ұсыныс енгізсін.
- Басты проблема дуалды оқыту жүйесін енгізу; Қағаз күйінде болғанымен, іс жүзінде барлық оқу орнында кемшіндік бар. Дуалды оқытуды дамыту туралы шарттар жасау, өңірлерде дуалды оқыту жүйесіне кәсіпорындарды және колледждерді тарту бойынша жұмыстарды жандандыру қажет. Өңірлік кәсіпкерлер палаталарымен бірлесіп тәлімгерлік жөніндегіжаттықтырушыларды (дуалды оқытудың мультипликаторларын)оқытуды ұйымдастып, дуалды оқытудың тәжірибесі мен табысты практикаларын таратылса осы оқу орындары базасында;
- Тіпті «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, дуалды оқытуға кәсіпорындарды тарту бойынша, өндірістік практикадан өтуі бойынша өңірлік кәсіпкерлер палатасының жұмысын жандандырсын және кәсіпорындарда ең білікті тәлімгерлерді бекіту және тәлімгерлерге еңбекақысын төлеу мүмкіндігін көздесе»,- деген ұсынысын айтты.
«Әрине дуалды оқытуға қатысатын кәсіпорындардың өкілеттіктері мен міндеттерін айқындау бөлігінде кәсіпкерлік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін қарастыратын уақыт келді»,- деп қорытты сөзін депутат.
«Нұр Отан» партиясының «Қазақстан -2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының «Білім» бағыты бойынша Комиссияның кезекті отырысына қатысушылар қорытынды бойынша Ұсыным қабылдады.
(Сәуле Досжанова, т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты.)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі